Астана қаласында Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы өтті. Оның аясында машина жасау және металл өңдеу бойынша “Kazakhstan Machinery Fair 2023” халықаралық мамандандырылған көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмеге Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері де қатысты.
Аталған саланың ірі кәсіпорындары, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етушілер мен тұтынушылар, түрлі мемлекеттік сектор өкілдері, бизнес-қауымдастықтар бас қосты. Форумның пленарлық отырысына қатысушылар машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының негізгі мәселелерін талқылады. Отандық тауар өндірушілердің қатарын көбейту, жаңа технологиялар енгізу, сыртқа экспорт шығару – саланың басым бағыттары.
Халықаралық көрмеге қатысқан Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
“Форум саланың өркендеуіне ықпал ететін жаңа тәсілдерді табу үшін тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновациялар мен озық технологияларға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жетуде машина жасау өндірісі ерекше рөл атқарады. Өткен жылы осы салада 3 трлн. теңгеден астам өнім өндірілді. Тауарлардың түрі, экспорт көлемі ұлғайды. Мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Менің тапсырмам бойынша кешенді жоспардың жобасы дайындалды. Онда көрсетілген іс-шараларды табысты іске асыру осы саланың жаңа қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін”, – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатында.
Премьер-Мминистр Әлихан Смайылов елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі саясат жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар елімізде машина жасау өнімдері нарығының сұранысы 23 миллиард долларға бағаланатынын, оның тек 3,1 миллиард доллары отандық өндіріспен қамтамасыз етілетінін, осыған байланысты импортты алмастыру есебінен саланы дамытудың әлеуеті зор екенін айтты.
– Отандық машина жасау өңдеу өнеркәсібінің локомотиві болғандықтан Үкіметтің назарында. Машина жасаудағы өндіріс өсімі өткен жылы 9,4 пайызды, ал биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша 36 пайызды құрады, – деді Үкімет басшысы.
Форум аясында өткен “Kazakhstan Machinery Fair 2023” көрмесіне 17 ел мен республикамыздың барлық өңірлері қатысты. Келушілерге Солтүстік Қазақстан облысындағы “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ, “MIX UNIVERSAL”, “Солтүстік фанер комбинаты”, “Петропавл трактор зауыты”, “Петропавл электротехникалық зауыты”, “Радуга”, “SMB Group Family” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жайлы мәліметтер берілді. Көрмені Үкімет басшысы тамашалады. Оған өңірдің өндірістік әлеуеті, бой көтерген тың жобалар таныстырылды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.