Куминовтар әулетінің полиция органындағы еңбек өтілі жарты ғасырдан асады. Владимир Халин қылмыстық-атқару жүйесінде 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Оның салып кеткен соқпағын ұлы Владимир мен келіні Наталья жалғастырып, Горное елді мекеніндегі 164/4 ЕС мекемесінде абыроймен еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты.
Немересі Денис Куминов Ақтау қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін өз болашағын әскери саламен байланыстыруды мақсат етті. Көп ойланбастан ата мен әке жолын қуып, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімшесіне қызметке орналасты. Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орнын тамамдап алды. Офицерлік жолын қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің инспекторы ретінде бастап, оған сол бөлімшенің бастығы, полиция майоры Владимир Борисов тәлімгер болып бекітілді. Тәжірибелі маман жас қызметкерді қиындықтан қорықпауға, адал қызмет етуге үйретті. Міне, содан бері арада 10 жыл өтті. Денистің тәжірибесі әбден толысып, бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті көзінің қарашығындай қорғап, адамдардың тыныштығын қамтамасыз етіп келеді. Бос уақытында спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. Қолмен күрестен штаттан тыс нұсқаушы, жас қызметкерлерді осы спорт түрінің қыр-сырына баулиды. Мемлекеттік тілді меңгеріп, құжаттарды қазақша толтыруға төселіп алды. Көліктегі полиция департаментінде өткен “Парасатты полицей” байқауына қатысып, 3-ші орынды жеңіп алды.
Денис биыл жедел криминалистика тобының криминалисі болып ауысты. “Образ++”, “Папилон” базалары бойынша тексеру жұмыстарымен айналысады. Қылмысты ашуда криминалистерге жүктелетін жауапкершілік жүгінің ауыр екенін полиция капитаны жақсы түсінеді. Саламатты өмір салтын ұстанған ол зайыбы Равилиямен екі бала тәрбиелеп отыр.
Теңдік МАЛДЫНОВА,
Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі ішкі және сыртқы коммуникация
тобының жетекші маманы.