«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТ ҮСТІНДЕ ӨТКЕН ҒҰМЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абылай ханның бозбала күнінде жарқ етіп, қазаққа ерлігімен танылған, жекпе-жекке шығып, қалмақтың Шарыш батырын өлтіріп, хан тағына отырғаннан кейінгі ғұмыры шайқастарға, азаттық жолындағы күреске толы болғандығы аян. Осындай аласапыран кезеңдерде қазақтың баһадүр батырлары, от ауызды, орақ тілді шешендері Абылайдың арқасүйерлеріне, көмекшілеріне айналды. Сондай ержүрек тұлғалардың бірі – Жанатай Ақанұлы.

Шыны керек, былайғы жұрт Жа­на­тай батырдың есімін жиі ауызға ала бермейді. Алайда баһадүр ту­ралы зерттеулер мен жазбалар бұ­рыннан бар. Әр кезеңде түрлі тарих­шылар мен зерттеушілер Жанатай Ақанұлы есімін өз еңбектеріне арқау етіп отырған. Жанатай есімінің жазу­шы Мұхтар Мағауин жазған “Қазақ тарихының әліппесінде” әдіптелуі бе­кер емес. Онда батырдың 18 ға­сыр­да қазақ ерлерінің қатарында қал­мақты шауып, қалың қолды бастаға­ны жайлы айтылады. Алайда батыр­лар жайлы сөз қозғалғанда автор­лардың нақты қай батыр туралы айтып тұрғанын ұғыну қиын. Өйткені кей жағдайда батырлар бір-бірімен аттас келеді. Сол сияқты біздің өңір­де де елге мәлім екі Жанатай батыр өткен екен. Оның бірі – Атығай руы­нан шыққан Жанатай Жәңкебайұлы болса, екіншісі тегі Қарауыл Жана­тай Ақанұлы. Бұл тұлғалардың бір дә­уірде, бір аймақта ғұмыр кешуі зерт­теушілерді жаңылыстыруы мүмкін.

Жанатай Жәңкебайұлы қазіргі Есіл ауданындағы Өрнек ауылының маңында жерленген. Одан тараған ұрпақ бүгінге дейін сол маңда түтін түтетіп, тамыр жайып отыр. Жақында ауыл тұрғындары жиналып, ба­тыр бабаларына арнап елді мекенде ескерткіш орнатты.

Ал біз сөз етіп отырған Жанатай Ақанұлы қазақ елі ақтабан боп шұ­бырған 1723 жылы қазіргі Ғабит Мү­сі­репов атындағы ауданның аумағын­дағы Үлкен Талсай ауылы маңында дүниеге келген. Осыған орай ел арасында “Бұқар жыраудың жас балаға айтқаны”, – деген мынадай сөз бар:

Ұлы едің сен, Алқакөл-Сұламаның,

Жүрегі мен күшін берген ер Ғасының.

Қарашы мұның жатпауын талбесікке,

Керек қылмай жылуын жабағының.

Осындай қасіретті кезеңде өмір­ге келген батыр ержеткен соң қазақтың аспанындағы бетін қара бұлт жапқан Күнді ашуға бар ғұмырын арнайды.

Тарихымызда Абылай хан айнала­сында жиі аталатын, тіпті, ең жа­қын серіктерінің бірі деп дәріптелетін Қарауыл Жанатай батыр бабамыздың есімі көпшілікке жақсы таныс. Тіпті, сол тарихымыз нақты зерттел­меген, көп деректер көмулі жатқан немесе қасақана жойылып келген кезеңнің өзінде Жанатай батыр есімі аталмай қалған жоқ. Біз атап, айшық­тап отырған Жанатай батыр ба­бамыз Қарауыл ішінде алты ата Но­ғай тармағынан өрбиді. Бұл кісінің есімі тарихта жиі дәріптелгенімен, оның өзгелермен есімі шатастырылып ұғылуының бірнеше себебі бар. Оның ең негізгісін жоғарыда атап өттік, екіншісі кешегі кеңестік дәуірде тарихымыздың аяқасты болып, нақ­ты зерттеулер жүргізілмей келгендігі. Тағы бір себебі тарихымызға қа­тысты көп деректер Ресеймен бай­ла­нысты болғандықтан мағлұматтар­дың дені сол мемлекеттегі архив­терден алынуында.

Батырдың шыққан тегіне келсек, әкесі Ақан атақты бай болыпты. Мәш­һүр Жүсіп өз еңбегінде Бұқар жы­рау­дың малсыз адам болғанын, сөйтіп жүріп Арғын ішіндегі байлармен кездескенін жазады. Даңқты жырау сонда былай толғаған екен:

Бұқарекең біз келдік,

Ақан, Төбет байларға.

Бесті берсең, семіз бер,

Жаздай Бұқар айдарға.

Осындағы Ақан, Төбет байлар заманында Есіл-Көкше өңіріне аты жайылған дәулетті адамдар болған.

Жанатайдың нағашылары – қай­сарлығымен аты шыққан Кіші жүздің елі екен. Анасы да тегін адам бол­маған. Аңызға сенсек, оның батырлық қабілеті алғаш Ақан қалыңдығын елге әкеле жатқан жол үстінде көзге түскен көрінеді. Адай елінен сапарлап келе жатқан жұрт кешке тынық­пақ болып тоқтайды. Басқалары ұй­қыға кеткенде атан түйенің бақырған дауысы шығады. Осыны естіген бойжеткен шөккен түйенің үстіне шығып алған жолбарысты көріп, оны бақан­мен ұрып қалады. Таңертең жігіттер қараса, түйенің белі сынып, ал жол­барыс жақын маңда өліп жатыр де­седі. Осындай адуынды күш иесі, ар­уақты анадан туған ұлдың да батыр болуы заңды.

Жанатай Ақанұлы ең алғаш 17 жа­сында ұрысқа түседі. Мағжан Жұ­ма­баевтың “Батыр Баян” поэмасын­да “Аузынан жалын шашқан жас Жа­натай”, – деп жырлағаны сондықтан. Содан бері бабамыз қолынан қаруын тастамай, үнемі алдыңғы шепте жүрген. Оның жаумен жекпе-жекте қайрат көрсетіп, қалың қолдың рухын арттырғаны жайлы аңыздар осы күн­ге дейін ел аузында. Жанатай батыр қасындағы серіктерімен небәрі 40 жауынгер болып қалмақтың бір үйір жылқысын айдап келеді. Сонда ол ерекше айлаға басып, қаумалаған дұш­панның арасынан қасындағы­ларды да, жылқыны да аман алып шығады. Бұл жасақты Жанатайға басқартқан Абылай хан екен.

Көзсіз батырлығымен қатар Жа­натай – ақылымен де, жомарттығы­мен де көпке танылған тұлға. Бірде қалмақпен болған ұрыста жау әскері кейін шегініп, олардың маңындағы ас-суын қамдап, жүгін көтерісіп жүр­ген жұмысшылар қазақ қолымен бет­пе-бет қалады. Сонда қорғансыз ша­руалар батырға өтініш айтып, өлтір­меуін сұрайды. Сөйтіп қалмақтың қыз­­метшілері шекараның шетінде жар­ты жыл қыстап шыққан. Дұшпа­ны­ның өзімен әділ айқасып, мәрттік танытқан сайыпқыранның аты осын­дай қайырымды істерімен де та­рихта қалған.

Бір деректерде ердің жау әске­рі­нің туын жығып, қазақ сарбаздары­ның рухының көтерілуіне себепкер бол­ғаны жайлы айтылады. Кезекті ұрыстардың бірінде жаудың Амана­лы батыры атын ойнақтатып, ортаға шыға келеді. Мұндайда жекпе-жекке шығуға екінің бірінің жүрегі дауалай бермесі анық. Онда жеңілген жан өлім құшып, әрі әскердің де еңсесі түс­пек. Сондай сәтте ортаға ұран са­лып Жанатай шығады. Батырдың Аманалыны жыққаны сияқты сол жо­лы қазақтар да дұшпанға тізе бүк­кізеді.

Еліне қорған болып, қазақтың намысын оятып, даңқын асырған осы істері үшін Абылай да Жанатай батырды ерекше қадір тұтқан. Оның ақылы мен айласына, ерлігі мен кү­шіне сенген хан батырды түрлі тап­сыр­малармен арнайы жасақ беріп, жау шебіне аттандырып отырған. Тіпті тарлан ердің табаны Торғауыт хандығының топырағына тигені жай­лы да дерек бар. Ержүрек бабамыз мойнына түскен елдің жүгін еңкей­мей көтеріп, жұрттың құрметіне бө­ленді. Абылай тақтан түскеннен ке­йін оның ұлы Қасым төренің қа­сынан табылып, қартайған шағында да қол қусырып қалған жоқ.

Батырдың Қарамырза, Сары­мыр­за, Азнабай сынды бауырлары да бойына ержүректік біткен, талай соғыста тартысқанның тізесін бүктір­ген жандар болған. Әке қасиеті бо­йына дарыған Жанатайдың ұлдары да ғұмырларын ат үстінде өткізеді. Олардың арасында Кенесары көте­рілісіне қатысып, аты шыққандары да бар.

Бір әттеген-айы осындай тарихи де­ректер мен ауызша әңгімелерге қа­рамастан қазақ әдебиетінде Жана­тай есіміне байланысты қайшылық­тар аз емес. 2008 жылы жарық көр­ген “Қазақ батырлары” жинағында батыр жайлы деректер, туған жері мен өмір сүрген кезеңі дұрыс көрсетілген. Ал дәл осындай атпен 2016 жылы жарық көрген кітапта өңіріміз­де туған екі Жанатай батыр бір тұлға ретінде беріліпті. Іздей берсек та­рихи еңбектерде осындай қайшы­лық­тар ұшырасып қалып жатады. Біз білетін екі Жанатайдан бөлек сол кезеңде Жантай атты батыр да ғұмыр кешкен. Сондықтан да кез келген пікірді дәлел етіп алға тартпас бұрын, оның кімге арналғанын анық­тап алған дұрыс. Бұл Шоқан Уәли­ханов жазбаларындағы Жанатай дейтін батырмен байланысты оқи­ғаларға да қатысты.

Былтыр Жанатай батыр баба­мыз­дың ұрпақтары бас болып, Ор­лов­ка ауылының маңына зәулім ес­керткіш орнаттық. Әрине, “тас түскен жеріне ауыр” демекші, батыр ұрпақ­тарының ішінен осыған айрықша күш салған екі ел ағасын бөле-жара ата­ғанымыз дұрыс. Қайрат Қожахметов пен Жаябай Жаңабергеновтер осы игілікті іске мұрындық болып, көп күш- қайраттарын жұмсады. Әсіресе Жаябай бауырымыздың бұл іске ерекше атсалысып, тіпті, қаражат жет­пей жатқан жерде өз қалтасынан әжептәуір қомақты сомадағы ақша­ны суырып бергенін көзіміз көрді. Осы орайда батыр есімін жаңғырту ісінің күні кеше ғана басталмағанын айта кеткен жөн. Ұзақ жылдар бойы ұрпақтары ерен тұлғаның кесенесін салу мәселесін көтеріп келді. 1958 жылы Жанатай Ақанұлының мәңгі­лік­ке дамылдап жатқан жерін табуға талпыныс жасалынды. Алайда ба­сын­да еш белгісі болмағасын бейіт­тің орны тез арада табыла қойған жоқ. Сол маңда тұратын орыс шалы іздеушілерге әлдебір төмпешікті нұсқапты. Олар қабірдің маңындағы тастардан батыр есімін оқиды. 1991 жылы туған жері Талсай ауылының маңында шара өтіп, Жанатай есімі елге мәлім бола бастады. Бүгінде осы тақырыпқа ден қойып, тірнектеп дерек жинап, зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар мен қаламгерлер бар. Олардың біразы кесененің ашылуына келіп, өз білгендерімен бө­лісіп, жылы лебіздерін білдіріп кетті.

Тәуелсіздігімізге қол жеткізген кезеңнен бері халқымыздың рухы оянып, дүр сілкініп көтеріліп, ежелгі арнасын тауып, ата-бабалар жолын ұлықтауда. Соның бір үлкен көрінісі – еліміздің тарихындағы аласапыран шапқыншылықтарға толы, Ілияс Есенберлиннің тілімен айтсақ, қазақ халқының “жанталас” дәуірінде үш жүздің басын біріктірген ұлы билеуші Абылай ханның жауға қарсы қаһар­мандық күресінде қол бастаған ай­бынды ерлерінің бірі Жанатай батыр бабамызға арнап, Айыртауда еңсе көтерген зәулім кесене болып, ел өмірінің жарқын беттеріне қосылып, халқымыздың тарихы жаңғырған, ұрпағына елдігіміздің туындай болып көтерілген дүбірлі оқиға парағы ре­тін­де тіркелері сөзсіз. Жанатай ба­тырға орнатылған кесененің бүгінгі күн үшін маңыздылығы сол – бұл ес­керткіш белгі ғана емес, өскелең жастарымызға рух беріп, ұрпақтарға ұран болардай құдыретке айнала­рына сенеміз.

Биыл Жанатай батыр бабамыз­дың туғанына 300 жыл толатын дү­бірлі мерейтойды, ұрпақтары ғана емес, бүкіл жұртымыз болып атап өту мәселесі туындап отыр. Әрине, ба­һадүр батыр баба басына орна­тыл­ған зәулім ескерткішті сол дүбірлі тойға дайындықтың басы деп қабыл­даймыз. Сонымен қатар аталған ке­се­нені өңірдің киелі жерлерінің кар­тасына енгізу ісінің де оң шешілеті­нінен үміт бар. “Істің сапасы қалай аяқ­талуынан емес, қалай басталған­дығынан білінер”, – деп дана Абай ата­мыз айтпақшы, игілікті іс жалға­сын табарына, ол тойдың – Жанатай батыр бабамыздың қазақ жұртының тарихындағы орны айқындала тү­сер, ерлігі мен жасампаздығын паш еткен салтанатты мерейтойға айна­ларына сеніміміз зор.

Сәбит ШАҒЫРОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp