“Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды” – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында. Тұрғындардың денсаулығын жақсарту еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда.
“Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді”, – деді Президентіміз. Жалпы бұл салаға еліміз егемендікке қол жеткізген жылдан бері айрықша қолдау көрсетіліп келеді. Оқу орындары ашылып, оларда жүздеген, мыңдаған шәкірт тәрбиеленді. Мамандардың дені бүгінде білікті дәрігер атануда. Өз басым денсаулық сақтау саласына кездейсоқ келген жоқпын, бала кезден ақ халат кигенді ұнататынмын. Осылайша арман қуып, Ақмола мемлекеттік медицина академиясына емдеу ісі мамандығына оқуға түстім. Оқу орнын тамамдағаннан кейін еңбек жолымды ауылдан бастауды жөн санадым. 2002 жылы Аққайың аудандық ауруханасына дәрігер-хирург болып жұмысқа қабылданып, төрт жыл сонда еңбек еттім. Кейін емдеу мекемесінің хирургия бөлімшесін басқару ісі сеніп тапсырылды.
Соңғы уақытта адамзат баласын жүрек-қан тамырлары аурулары алаңдатып отырғаны белгілі. Бұл дертпен күрес біздің облыста да өзекті. Сондықтан 2009 жылы Петропавл қаласында кардиологиялық орталықтың ашылуы өңір тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Сол жылы орталыққа рентген-хирург болып ауыстым. Ресей, Франция, Литва және Латвия сынды елдерде біліктілігімді шыңдадым. Кардиологиялық орталық ашылған алғашқы кезде білікті мамандар жетіспеді. Ол кезде күніне 14 отаға дейін жасауға тура келді. Науқастардың дертінен айығып, өздігінен жүріп-тұрғанын көргенде ауыртпашылықтың барлығын ұмытып кеткендей сезінетінмін. Ал бүгінде кардиологиялық орталықта орта есеппен жылына 5 мың науқас ем қабылдайды. Онда коронарография, жүрек артерияларын стенттеу, перифериялық артерияларды стенттеу, аортография, миға баратын артерияларды стенттеу, ангиопульмонография, электро-кардиостимулятор қою, электро-физиологиялық зерттеу, радиожиілікті абляция, бүйрек артериясының абляциясы операциялары жасалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана солтүстікқазақстандықтар жүрекке ота жасату үшін Астана, Алматы қалаларына сабылатын. Қазір ең күрделі отаны жасау жергілікті дәрігерлерге сеніп тапсырылған. Президентіміздің “Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет”, – деген сөзі өте орынды айтылған. Менің ойымша, бұл саладағы жауапкершілік – ақ халатты абзал жандарда. Олар бүгінде өркениетті елдерге оқуға жіберіліп, ондағы есімдері әлемге әйгілі дәрігерлерден дәріс алуда. Осылайша өңір дәрігерлері өз білгендерін тұрғындар денсаулығын нығайтуға жұмсайда.
Мен 2009-2011 жылдар аралығында “2-ші қалалық ауруханада” рентгенхирург дәрігері, кейін “Кардиологиялық орталықтың” рентген-эндоваскулярлық хирургия және сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, “Көпбейінді облыстық аурухананың” кардиология блогының басшысы болып қызмет еттім. Басшылық мені 2022 жылы “Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының” директоры етіп тағайындады. Әрине, облыс орталығы мен ауылдағы медицинаның деңгейін салыстыра бағамдауға болмайды. Елді мекендерде тұратын халықтың денсаулығын сақтау үшін әлі біраз жұмыс істелуі керек. Мұны Мемлекет басшысы өз Жолдауында да айтып өтті. “Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды”, – деді Президентіміз.
Тайынша ауданына қарасты ауылдардың барлығында бірдей медициналық пунк бар деп айта алмаймын. Кадр мәселесі де өзекті болып отыр. Жалпы ауданымызға 2020 жылдан бері 22 дәрігер келді. Бүгінгі таңда анестезиолог-реаниматолог, хирург, педиатр, неонатолог, акушер-гинеколог, отоларинголог, дерматовенеролог мамандар ауадай қажет. Президент ел дамуын айқындаған құжатта ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатынын айтты. Олардың қатарында өзім тізгінін ұстап отырған “Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасы” да бар. Болашақта емдеу мекемелерінде инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырмақ.
Біз кадр мәселесін шешу бағытында қол қусырып отырған жоқпыз. 2022 жылы еліміздің алты жоғары оқу орнын араладық. Олардың қатарында Алматы, Қарағанды, Астана, Шымкент, Түркістан қалаларындағы университеттер бар. Сапар барысында ауруханамыз жайлы баяндама жасап, жетістік, жоспарларымен бөлісіп, жастарды жұмысқа шақырдық. Былтыр 7 маманды жұмысқа қабылдасақ, үстіміздегі жылы бір хирургты, 2 анестезиолог-реаниматологты, дерматовенеролог және 2 жалпы тәжірибелік дәрігерді күтіп отырмыз. Екі жас ауруханамыздың бюджеті есебінен білім алуда. Олар ауданымызға келген кезде үймен қамтамасыз етіліп, көтермеақыға ие болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: “Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн”, – деген болатын. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру барысында Тайынша ауруханасына 2022 жылы желтоқсан айында жаңа компьютерлік томограф аппараты орнатылды. Бұл қондырғының құны – 268 млн. теңге. Енді ауылдарда тұратын емделушілер компьютерлік томографиядан өту үшін Петропавл қаласына барып сандалмайды. Зертханашыларымыз жаңа құрылғының жұмыс істеу тәсілін толықтай меңгеріп алды. Ол үшін Мәскеуден өндірушілер арнайы келіп үйретті. Алғашында тесттік режімде жұмыс істеп, оның мүмкіндіктерін қарастырдық. Бастапқыда күніне 4-5 науқастан қабылдадық. Бүгінде пациенттердің саны 18-20-ға жетіп отыр.
Біздің ауруханамыздың техникалық базасы облысымыздың басқа аудандарындағы емдеу мекемелеріне қарағанда көп ілгері. Лапароскопиялық, травматологиялық оталар біраз ауданда жасалмайды. Біз өз зертханамызды германиялық компанияның құрал-жабдықтарымен толықтай қамтамасыз еттік. 2024 жылы ауруханамызға ангиографилық құрылғы мен магниторезонансты томограф орнатылмақ. Заманауи құрылғылардың арқасында облыстағы кардиологиялық орталық пен инсульттық орталық сияқты жіті коронарлы қан айналымы жетіспеушілігі салдарынан дамитын жүрек бұлшық етінің ишемиялық некрозы – миокард инфарктісін дер кезінде тоқтату үшін жасалатын оталарды тәжірибеге енгіземіз.
“Ауылдық медицинаның модернизациясы” бағдарламасы аясында 2024 жылы Қарағаш ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктті жаңарту жоспарланып отыр. Медпункті жоқ шағын ауылдарда бос тұрған үй-жайларды күрделі жөндеуден өткізіп, сонда науқастарды қабылдайтын боламыз. Бұл – алға қойып отырған басты мақсаттардың бірі.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап емханамыздағы 24 учаскені жаңарттық. Дәрігерлер бұрын емханада отырып, науқастарды қабылдайтын болса, қазір аптасына бір рет ауылдарға барып, қабылдау жүргізе бастады. Олар алдымен медпункттерде, кейін мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып қызмет көрсетеді. “Амбулаторлық деңгейде дәрілік қамтамасыз ету” бағдарламасын жүзеге асыру үшін біраз жұмыс атқарылуда. Бұл ретте біз ең алдымен жағдайы қиын науқастарға баса көңіл бөлеміз. Олардың ауданнан немесе облыс орталығынан алдыртқан дәрі-дәрмектері тегін жеткізіледі.
Мен бұл салада жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Президентіміз айтып өткендей, “Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр”. Бұл мәселе тайыншалықтарды да алаңдатуда. Өз басым сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктер халықтың сын-пікірін ескере отырып түзетіледі деп ойлаймын.
Мақсат ҚҰДРАТУЛЛАЕВ,
Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.