Қазақ топырағынан әлемді аузына қаратқан көптеген атақты тұлғалар, дара дүл-дүлдер шыққан. Елді өзінің өзгеше өнерімен тәнті қылған жасампаз күйшілердің бірі – Құрманғазы Сағырбайұлы. Ол қазақ халқының аспапты музыка өнерінің классигі.
Биыл ардақты тұлғаның туғанына 200 жыл толады. Осыған орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Құрманғазы және ұлы дала сазы” атты кеш өтті. Онда жиналғандарға күй дүлдүлінің “Жігер”, “Көбік шашқан”, “Кішкентай”, “Ақбай” сияқты күйлерінің шығу тарихы туралы жан-жақты айтылып, “Айжан-ай”, “Айда бұлбұл, “Алатау”, “Амандасар”, “Бас Ақжелең”, “Демалыс”, “Лаушкен”, “Ойбай, балам”, “Саранжап”, “Теріс қақпай”, “Ұзақ Ақжелең” күйлерінің ерекшеліктері сөз болды.
Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани байлығы бола алады. Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының тарихында, сол бір алмағайып ала-сапыран кезеңнің өкілі ретінде қалды.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері ұлы күйшінің өміріне терең бойлады. Шара қонағы – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісі Нариман Серікұлы Құрманғазының шығармалары әлемдік деңгейдегі және маңызы зор нағыз классикалық музыка екенін айтты. Кейін ол “Адай”, “Ақсақ киік” күйлерін нақышына келтіріп орындап берді.
Дамира ЖҮСІПОВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жанындағы өнер бөлімінің меңгерушісі.