Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттардың бірі ретінде мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғырту керек екенін баса айтты. Аталған жаңғыртудың негізгі міндеті – адал және ашық жұмыс істейтін тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бүгінде бұл бастама кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазір біздің алдымызда бюрократиядан арылу, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде артық кедергілерді алып тастау, мемлекеттік қызметке жеке сектордан дарынды басқарушылар мен кәсіпқойларды тарту, стратегиялық адами ресурстарды дамыту мақсаты тұр.
Өткен жылдың желтоқсанында мемлекеттік қызметке орналасу кезінде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен босату тәртібін оңайлату бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Оған сай мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарын жақсы бітірген түлектер бір жыл ішінде конкурстық іріктеусіз тікелей аудандағы және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға тағайындалуға мүмкіндік алып отыр. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке кіруге ынталандыруға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық округтерге оралуына, сондай-ақ өңірлердегі кадр тапшылығының төмендеуіне ықпал етеді әрі мемлекеттік қызметке орналасуды жеңілдетеді. Ал мемлекеттік басқару академиясының түлектері болса, оқуды жақсы аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде агенттіктің келісімімен тікелей конкурстық іріктеусіз “Б” корпусының басшылық лауазымдарына орналаса алады.
Заңнамаға енгізілген тағы бір өзгерту, енді жұмысы екі тоқсан ішінде тиімсіз деп танылған мемлекеттік қызметшілердің лауазымдары төмендейді, ал бос лауазым болмаған жағдайда жұмыстан кетеді. Бұл тәртіп мемлекеттік қызметтен босату процедурасын айтарлықтай жеңілдетеді.
Сонымен қатар келісімшарттық негіздегі қызметшілер ұғымының енгізілуі де жұмыс тиімділігін арттыра түспек. Олар салалық жобаларды іске асыру үшін бір жылдан аспайтын уақыт жұмыс істейді. Оған қатысты нақты ережелер мен талаптар Үкіметтің тиісті қаулысымен белгіленеді.
Жаңа заңнама мамандар арасындағы ротациялық қызметті де реттеуге бағытталған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша тұрғын үй берілуі тиіс. Алайда қызметтік пәтерлердің жетіспеушілігіне байланысты басқа елдімекенге барған қызметкерлер тұрғын үйді өз қаражатына жалға алуға мәжбүр. Бұл көптеген адамның ротациядан бас тартуына әкеліп соқтыруда. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған.
Бүгінде түрлі салаларда қашықтан жұмыс істеу кең етек алғаны белгілі. Бұл мемлекеттік қызмет саласын да айналып өткен жоқ. Енгізілген өзгерістерде бұл мәселе де ескерілген. Жуырда мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу қағидаларын айқындау және икемді жұмыс кестесін реттеу жөніндегі өкілеттіктер агенттікке берілді.
Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметкерлері оқудан кейін міндетті түрде осы органда еңбек етуі тиіс деген талап алынып тасталды. Бірақ академия түлегінің мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеуі туралы талап сақталады.
Бұдан басқа, заңнамаға мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға қатысты түзетулер енгізілді. “Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” заңда агенттіктің құзыреті ретінде мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің сақталуын бақылау функциясы бекітілген, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 89-бабы толықтырылған, оған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін лауазымды адамдарға әкімшілік жаза қолдану қарастырылған. Бұл – мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың қысқаша реттілігі.
Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру мақсатында агенттік мемлекеттік қызметтің неғұрлым тиімді моделіне көшу жөніндегі кешенді жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратын болады.
Асқар БАЙМҰҚАНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.