Еліміздің басты құндылығы – адам. Қай елде болмасын азаматтардың материалдық жағдайы бірдей емес. Олардың арасында мемлекеттің қолдауына мұқтаж жандардың болатыны сөзсіз. Қазақстанда қоғамның әлжуаз топтарына арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Ұлттық жоба көздеген он міндеттің үшеуі – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Оның ішінде кәсіп бастауға, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларын дамытуға қолдау көрсетеді.
Ұлттық жобаға былтыр 19 мың адам қатысып, олардың 11 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орнын тапты. Жыл басынан бері жұмыс іздеген 6 мың адамның 5 мыңы жұмысқа орналасып үлгерді. Кәсіпке баулудың мүмкіндігін кеңейту үшін оқыту жүйесі де тиімді жұмыс істеуде. Алты айлық курста өндіріс басында – 50 адам, оқу орындарында 325 адам оқыды. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жандандырылуда. Мәселен, ауыл шаруашылығында тапшы тракторшы-машинист, электргазбен дәнекерлеуші, ағаш өңдеу станогының маманы, сатушы, кондитер, бухгалтер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман және тағы басқалар. Курста оқыған кезде әр адамға қаржылай қолдау көрсетіледі. Біліктілігін жетілдіруші әр адамға 21787 теңге шәкіртақы тағайындалып, 20700 теңге бір жолғы шығыны төленеді. Сондай-ақ жол ақысына – 13800 теңге, медициналық тексеріске – 6900 теңге және тұратын орынға 34500 теңге материалдық көмек көрсетіледі.
Кәсіп ашып, өз ісін дөңгелеткісі келетіндерді “Бастау-Бизнес” жобасы былтырдан бастап онлайн-режімде оқытуда. Курсты бітірген соң қатысушылардың қайтарымсыз грант пен несие алуларына мүмкіндіктері бар. Биыл берілетін грант мөлшері 1 млн. 380 мың теңгені құрайды, яғни былтырғыдан екі есеге артқан. Бұл гранттар биылдан бастап азаматтардың әлеуметтік әл-жуаз топтарына жататын жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлерге ғана беріледі. Олардың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала немесе ата-анасының бірін мүгедек ретінде қамқорлығына алғандар, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алатын адамдар, қоныс аударушылар мен қандастар жатады. Өткен жылы қайтарымсыз қаржы 688 адамға берілді. Көшті жас кәсіпкерлердің бастап тұрғаны қуантады.
2022 жылдан бастап елу жастан асқан азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша “Күміс жас” жобасы іске қосылды. Бұдан бөлек жұмыс іздеген жастарға арналған “Алғашқы жұмыс орны” және зейнеткерлік жасқа жеткендерге алты айға дейінгі мерзімге тұрақты жұмыс орнын табуға қолдау көрсететін “Ұрпақ келісімшарты” жобалары да бар.
Мемлекет басшысының жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында биыл жылдық үстемеақысы 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несиелендіру тетігі іске қосылды. Жеңілдік жұмыссыз жастарға және бизнесі кемінде бес жыл жұмыс істейтін кәсіпкерлерге арналған. Кредит 5-7 жылға беріледі. Осы тетік аясында биыл 130 жас кәсіпкерді қолдау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 22 млн. теңгеге бес шағын несие мақұлданды, оның үшеуі – қызмет көрсету, екеуі мал шаруашылығы саласына тиесілі.
Қазіргі уақытта “Электрондық еңбек биржасы” порталы жұмыс істеп тұр. Онда облыстың әрбір тұрғыны өзінің түйіндемесін қалдырып, жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын жария етеді. Қазақстан бойынша бос жұмыс орындары мен ізденушілер туралы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады.
Облысымызда жұмыс күші артық өңірлерден азаматтарды көшіру бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Биыл 2660 адамды және 138 қандасты көшіру жоспарланып отыр. Ал былтыр квотаға сәйкес 2556 адам немесе 681 отбасы көшіп келген болатын. Сырттан келген еңбекке қабілетті 974 адамның 820-сы жұмыспен қамтылды, оның ішіндегі 652 адамға тұрақты жұмыс орны табылса, 168 адам кәсіпкерлікпен айналысып жатыр. Кәсіпкерлікті қолға алған 111 азаматқа 136 млн. теңге қайтарымсыз грант пен несие берілді. Келгендердің ішінде 1252-сі – бала, 66 студент пен 63 зейнеткер бар. 201 әйел декреттік демалыста отыр.
Бағдарлама биыл да жалғасуда. Бүгінгі таңда қоныс аударушыларды қабылдайтын елді мекендердің тізімі бекітілген. Келген азаматтарға материалдық көмек көрсету, оның ішінде көшуге және тұрғын үйді жалға алуға субсидиялар төлеу тетіктері де қарастырылған. Тұрғын үй сатып алу немесе құрылыс жүргізу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатын не болмаса 4 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна алу жолдары бар.
Жыл басынан бері облысқа 148 отбасы, яғни 483 адам қоныс аударған. Көшіп келгендердің 31 пайызы – Астана қаласынан, 26 пайызы – Түркістан облысынан және 11 пайызы – Шымкент қаласынан. Шетелдерден келген қандастарымыз да аз емес. Биыл Ресейден 18 отбасы, Моңғолиядан 3, Ираннан 2, Өзбекстаннан бір отбасы және Қырғызстаннан бір азамат көшіп келді.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі жол картасы әзірленді. Осы карта шеңберінде 3 жыл ішінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсете отырып, 8 мыңнан астам адамды көшіру жоспарланып отыр.
Осы жылдар ішінде барлығы 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрап отырып, 11 инвестициялық жобаны іске асыру қажет. Өңірде кадрларға деген қажеттілік бар. Бұл ретте осы жұмыс орындарына жергілікті тұрғындар да орналаса алады.
Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мекемесі өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. Былтыр 2051 отбасына 722 млн. теңге көмек берілді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 2300-ден астам бала қамтамасыз етілді. Сонымен қатар мұқтаж 8400 азаматқа 271 млн. теңге әлеуметтік төлемдер берілді. Жалпы қабылданған шаралар жағдайы кедейлік шегінен төмен азаматтар санын азайтуға мүмкіндік берді. 2021 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 10326 адамнан 8914 адамға дейін немесе 14 пайызға төмендеді.
Биыл 9700 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. Бұл мақсатқа 787,3 млн. теңге қарастырылған. Жыл басынан бері көмек 5001 алушыға, яғни 1132 отбасына 189,8 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.
Кепілді әлеуметтік пакет алушылардың тілектерін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл көмекті 2023 жылдан бастап монетизациялау туралы шешім қабылдады. Монетизация АӘК алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ақшалай төлем белгілеу жолымен жүзеге асырылады. Онда ата-аналар балаларына қажетті тауарды өздері таңдап, сатып алады. Биыл 1600-ге жуық бала қамтылмақ.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне шаққан кездегі табыс өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болған жағдайда төленеді. Өтініш тоқсан сайын жаңартылып отырады. Табысы жоғалған немесе азайған жағдайда азаматтар АӘК тағайындау үшін ауылдық округ әкіміне, тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жеке куәлікпен жүгіне алады немесе “Электрондық үкімет” порталы арқылы өтініш беруге болады.
Облыстың 25 мыңнан астам тұрғыны мүгедектер санатына жатады. Олар әлеуметтік қолдауға ие. Азаматтардың осы санаты үшін 2021 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалту қызметтері мен техникалық құралдармен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылады. Мүгедектігі бар адамдардың қызмет көрсетушіні және қажетті оңалту құралдарын бағасы мен сапасына қарай өзінің таңдауына мүмкіндік жасалды. Азаматтардың өтінішіне сәйкес жылдан-жылға ұсынылатын заттардың тізбесі кеңейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2017 жылдан бастап оңалту құралдарына 19 жаңа бұйым енгізілді. Олар – гигиеналық құралдар, тифлотехникалық, сурдотехникалық және протездік-ортопедиялық құралдар, электр жетегі бар әмбебап кресло-арба, сөйлеу синтезі бар портативті тифло-компьютер, роликті орындық.
Мүгедек жандардың бес мыңы медициналық көмекпен қатар психологиялық және тұрмыстық қолдауды қажет етеді. Сондықтан үйде әлеуметтік қызмет көрсететін 8 орталық және 39 әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 2000-ға жуық адам еңбек етеді.
Ерекше қолдауға мұқтаж адамдарға психологиялық қолдау көрсететін, құқықтық кеңес беретін және жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін “TEN QOGAM” әлеуметтік қолдау орталығының көмегі зор. Биыл орталық 500-ден астам мүгедекке қолұшын созбақ.
Ринат ЕЛЖАСОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.