«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫРЫ АУЫР ҚАЛАМГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана­сын­да жерлесіміз, жазушы және публицист Әбдірахман Айсариннің 125 жылдығына арналған “Қиын тағдырлы жазушы” атты еске алу кеші өтті.

Аталмыш іс-шараға Әбдірахман Айсариннің ұрпақтары, зия­лы қауым өкілдері, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің, Ж.Тәше­нев атындағы №20 орта мектеп­тің оқушылары, кітапхана оқырман­дары қатысты.

Әбдірахман Айсарин қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жам­был ауданында дүниеге келген. Пет­ропавл уезінде халық соты болған. “Бостандық туы”, “Еңбекші қазақ” газеттерінде журна­лист ретінде қызмет атқарған. Қа­зақ­стан жазушылар одағының Петро­павл бөлімшесін басқарған. 1938 жылы жалған айып тағылып, жазықсыз жаланың құрбаны болды.

Шараға қатысқан қаламгердің ұрпақтары естеліктерімен бөлісті. Мә­­селен, Әбдірахман Айсариннің жиені Күләш Шаяхметова әжесінен есті­гендерін айтты.

– Нағашы әжем 5 жылын Қарағандыдағы еңбекпен түзеу лагерінде өткізді. Волоколамскіде темір жол сал­ды, Қара теңізде тұз өндірді. Шешем де қиындықтарды көп көрді. Ата-анадан 10 жасында қалған ол бауырларына қамқор болды, – деді Күләш Шаяхметова.

Шара барысында жазушының шығармашылығымен таныстыра­тын “Халқымыздың ардақты перзенті” атты кітап көрмесі ұйымдасты­рылды. Әбдірахман Көшерұлы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, адамның бас бостандығы, сүйіспеншілік пен па­расаттылық жайлы жиі қалам тер­беген. Қаламгердің “Бол­саң, Болаттай бол”, “Мәжен”, “Той тарқар”, “Бәсекелестер жиы­ны”, “Жол айырығы” және тағы басқа по­вестері жарық көрген. Әбді­рахман Айсариннің 17 еңбегі ғана белгілі. Қалғаны сонау сұрапыл за­манда тәркіленіп, жойылған екен.

Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp