С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, жазушы және публицист Әбдірахман Айсариннің 125 жылдығына арналған “Қиын тағдырлы жазушы” атты еске алу кеші өтті.
Аталмыш іс-шараға Әбдірахман Айсариннің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің, Ж.Тәшенев атындағы №20 орта мектептің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Әбдірахман Айсарин қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Петропавл уезінде халық соты болған. “Бостандық туы”, “Еңбекші қазақ” газеттерінде журналист ретінде қызмет атқарған. Қазақстан жазушылар одағының Петропавл бөлімшесін басқарған. 1938 жылы жалған айып тағылып, жазықсыз жаланың құрбаны болды.
Шараға қатысқан қаламгердің ұрпақтары естеліктерімен бөлісті. Мәселен, Әбдірахман Айсариннің жиені Күләш Шаяхметова әжесінен естігендерін айтты.
– Нағашы әжем 5 жылын Қарағандыдағы еңбекпен түзеу лагерінде өткізді. Волоколамскіде темір жол салды, Қара теңізде тұз өндірді. Шешем де қиындықтарды көп көрді. Ата-анадан 10 жасында қалған ол бауырларына қамқор болды, – деді Күләш Шаяхметова.
Шара барысында жазушының шығармашылығымен таныстыратын “Халқымыздың ардақты перзенті” атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Әбдірахман Көшерұлы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, адамның бас бостандығы, сүйіспеншілік пен парасаттылық жайлы жиі қалам тербеген. Қаламгердің “Болсаң, Болаттай бол”, “Мәжен”, “Той тарқар”, “Бәсекелестер жиыны”, “Жол айырығы” және тағы басқа повестері жарық көрген. Әбдірахман Айсариннің 17 еңбегі ғана белгілі. Қалғаны сонау сұрапыл заманда тәркіленіп, жойылған екен.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.