Полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. Күдіктілерді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері құрықтады.
“Петропавл – Астана” автожолында тәртіп сақшылары “Volkswagen Passat” автокөлігінің жүргізушісінен тоқтауды талап етті. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабын елемей, жасырынбақ болады. Көп ұзамай жедел уәкілдер автокөлікті Аққайың ауданындағы Астраханка ауылының маңында тоқтатты. Көлік ішінде 29 бен 30 жастағы екі петропавлдық отырған. Жасы кішісі бұрын заңсыз есірткі айналымына байланысты қылмысы үшін істі болыпты. Жүксалғыштан өсімдік тектес зат салынған бес қап тәркіленді.
Сараптама оның жалпы салмағы 128 килограмм кептірілген марихуана екенін көрсетті. Бұл аса ірі мөлшерге жатады. Кейінірек тінту шаралары барысында ұсталғандардың бірінің көлікжайынан 300 килограмм марихуана мен 21,3 килограмм гашиш жасырылған орын анықталды. Күдіктілер қамауға алынды.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.