Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі – қазақстандық суретші, кескіндемеші, көптеген монументалды өнер туындыларының авторы Анатолий Бургаев салған Мағжан Жұмабаевтың картинасы. Автор аталмыш туындыны ақынның туғанына жүз жыл толуына орай салып, 1993 жылы музей қорына өткізген.
Картинаға қарағанда италиялық суретші Леонардо до Винчидің: “Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – құлақпен еститін сурет!” – деген сөзі ойға оралады. Неге десеңіз, картина жыр пайғамбарының бітім-болмысын, өр тұлғасын, ішкі жан дүниесін паш етіп тұрғандай.
Анатолий Николаевич 1939 жылдың 13 мамырында Свердлов облысының Тавда қаласында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылы Петропавлға қоныс аударыпты. 1963 жылы М. Горький атындағы Омбы мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет және графика факультетін бітірген суретшінің шығармашылық жолы Қазақстанмен тығыз байланысты. Ол жиырма жыл бойы Қазақстан Суретшілер одағының облыстық филиалын басқарды, түрлі көрмелер ұйымдастырды. Өнер иесінің қылқаламынан туған туындылар бүгінде мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы.
Музей сөресіндегі Мағжан Жұмабаевтың картинасы бүгінде мәдениет ордасына келушілер ерекше қызығушылықпен тамашалайтын жәдігерге айналған.
“Өнерде шекара жоқ қой. Суретші ақиық ақынды айнытпай салған. Қазақтың ардақты перзентінің жанарындағы от мені бей-жай қалдырмады”, – дейді көрермендердің бірі Айгүл Мұратәлиева.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.