Биыл қазақтың біртуар ұлы Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 130 жыл. Есіл ауданында “Қазақтың даңқты перзенті” деген атаумен облыстық конференция өтті. Шараға Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов, Мағжан Жұмабаев мұражайының директоры Айгүл Жүніспаева қатысты.
Конференция алдында Мағжанның туған өлкесінде түсірілген фильмнен үзінді көрсетілді. Қатысушылар сөз алып, Мағжанның ұлтына сіңірген еңбегі, артында қалған мұрасының құндылығы, олардың бүгінгі ұрпаққа пайдасы мен маңызы туралы ойларын ортаға салды.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Татьяна Абдулова биылғы жылдың қаңтар айынан бастап “Музей-кітап-театр-өнер” атты жоба қолға алғанын жеткізді. Осы жоба аясында көрнекті ақынның туындылары оқырмандарға кеңінен насихатталып, жаңа қырынан түсіндірілуде. Кітапхана қызметкерлері аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, көптеген шараны жүзеге асыруда.
Конференцияға қатысқан Кемел Оспанов ақынның 125 жылдығында Түркия мен Францияға делегация құрамында барғанын, сол сапар барысында атақты жерлесіміздің шетелдерде қалай құрметтелгенін кеңінен тарқатып айтты.
Мағжан Жұмабаев мұражайының директоры Айгүл Жүніспаева ақынның шығармашылығы мен қиын тағдыры туралы көптеген тың, қызықты деректерді айтты. Қазақстан мен Ресейдің түрлі мұрағаттарынан алынған тарихи мәліметтерді келтірді. Конференцияға Мағжан Жұмабаевтың құжаттарын, фотосуреттерін, жеке заттарын, ол туралы кітаптар, журналдар мен мақалаларды ала келіпті.
– Ұзақ жылдар бойы Мағжан Жұмабаевтың есімі аталмады, жарты ғасырдан астам ақиық ақынның өлеңдеріне тыйым салынды, шығармашылығы зерттелмей келді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ғана Мағжан шығармашылығы кеңінен таныла бастады, – деді Айгүл Жүніспаева.
Аудандық музыка мектебінің директоры Жәдігер Әлтаев Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” өлеңіне ән шығарған екен. Шара барысынеа сол ән орындалып, облыстық “Мағжан оқулары” байқауының жеңімпаздары ақынның шығармаларынан үзінділер оқыды.
Конференция барысында “Оның мұрасы – кең әлем” атты көрме ұйымдастырылды. Онда өрендердің Мағжан Жұмабаевтың шығармалары бойынша салған суреттері жиналған қауымның назарына ұсынылды. Мағжанның тұлғалық келбеті, баға жетпес мұрасы әлі талай ұрпаққа азық болмақ. Сондықтан оның шығармаларын насихаттайтын осындай шаралар қажет екендігі сөзсіз.
Галина ПОПОВА,
Есіл аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.