Петропавлда тұңғыш рет еліміздің бұрымды боксшылары бас қосты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған олимпиадалық резервтегі “Жеңіс” спорт мектебінде бокстан VI жазғы спартакиада өтуде. Республикалық додаға 17 команда қатысып жатыр.
Спорт мектебінде жарыстың ашылу салтанаты өтіп, өңір басшысының атынан әкімдік аппаратының жетекшісі Олжас Ыдырысов сөз алды. Ол облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Биылғы бәсекеге 100-ге тарта бұрымды боксшы қатысады. Олар он екі салмақ дәрежесі бойынша мықтыны анықтайды.
Бірінші болып шаршы алаңға 48 килограмм санатында өнер көрсететін боксшылар шықты. Алғашқы жекпе-жекте Абай мен Қызылорда облыстарының өкілдері жұдырықтасты. Бұл кездесуде абайлық Бақытгүл Байбекова қызылордалық Нұржауған Төрешовадан басым түсті. “Бірінші кездесу әрқашан ауыр болады. Қарсыласым оңай шағылатын жаңғақ емес. Мұны жекпе-жек барысында байқадым. Бапкерлерімнің берген кеңестерінің арқасында жеңіске жеттім. Енді келер айқасқа дейін тынығып алуым керек”, – дейді Бақытгүл Байбекова. Келесі айналымда абайлық спортшыға алматылық Алуа Балқыбекова қарсылас атанды. Қазақстан чемпионатының үздігі саналатын бұл боксшымен жекпе-жек оңайға түспейтіні хақ.
Бокстан жазғы спартакиадада біздің облыс намысын екі спортшы қорғайды. 48 килограмм салмақта Мәдина Бауыржан және 66 килограмда Наталья Богданова жұдырықтасады. Финалдық кездесулер мамырдың 21-і күні өтеді деп жоспарланып отыр.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.