Жыл басынан бері облысымызда оннан астам адам интернетте “жылдам табыс табуды” уәде еткен алаяқтардың құрбаны болды. Солардың бірі – 21 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны. Ол “YouTube” бейнехостингінде жалған жарнамалар кездесетінін білмеген. Ірі “мұнай компанияларының бірінің биржада ақша табуға уәде береміз” деген бейнеролигіне сеніп қалады. Алаяқтар оған “биржалық қосымшаны” жүктеу үшін “WhatsApp” мессенджері арқылы сілтеме жіберген. “Трейдерлермен” байланыс “Skype” арқылы жүзеге асырылған, қоңыраулар бірде қазақстандық, бірде британдық нөмірлерден келіп түскен. Ірі олжаға кенелетініне сенген жігіт тірнектеп жинаған 700 мың теңгесін және несиеге алған 250 мың теңгесін “инвестицияға салған”.
Алаяқтар петропавлдықтан тағы бір несие алып, “биржалық ойынға бір миллион теңге салуды” талап еткен. Содан кейін жас жігіт интернеттен осы биржа туралы жұрттың пікірін іздеп, желідегі алаяқтардың құрығына түскенін түсініпті. Опық жеген жігіт өз басынан өткен жағдайға тап болмау үшін интернеттегі кез келген ақпаратты тексеруге кеңес береді. Қазір алаяқтар іздестірілуде.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.