Оқушылар сарайында 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан “Толағай” театрында бүгінде 100-ге жуық ұл-қыз тәлім алуда. Осы уақыт аралығында талапты өрендеріміз көрерменді жаңа туындыларымен қуантудан жалыққан емес. Әсіресе биыл Қызылжар жұртшылығына қайта жол тартқан “Бір түп алма ағашы” қойылымына деген елдің ықыласы ерекше болды. Мұнда өрендеріміз тек драмалық шығармаларды сахналаумен ғана шектеліп қалмай, ақын-жазушылардың туындыларына терең бойлап, әдеби білімдерін жетілдіреді. Мағжан ақынның жырларын жатқа оқитын жеткіншектеріміздің өнері сүйсінтуде. Олар “Мен жастарға сенемін” атты концертте жыр оқып, көрерменнің шөлін қандырды. Қойылымға қатысып, Алаш ардақтысының асқақ тұлғасын өзгелерге үлгі етті.
Ақынның шығармашылығына зер салсақ, ақиық тұлғаның бар туындысы ұл-қыздарымызға арналып жазылғандай. Ақынның махаббатты, туған жерін, ұлтын жырлауы жастар бойындағы азаматтық қасиеттерді арттырары сөзсіз. Ал біз өз кезегімізде ақынның жас жүрегінен шыққан сөзді бүгінгінің жас өрендерінің көңіліне қондыруға тырысамыз. Дарынды шәкірттерімізден бөлек, шараға жергілікті өнерпаздар да қатысып ән айтып, домбыраның қоңыр даусын әуелетті. Жас ақындар өз арнауларын оқыды.
Ақжол ТУСУПОВ,
“Толағай” балалар театрының жетекшісі.