Тайынша ауданының тұрғыны Қазиза Кеңесбаева биыл 80 жасқа толды. Ол – 26 жыл бойы трактор тізгіндеп, еңбексүйгіштігі мен жауапкершілігінің арқасында абырой-құрметке бөленген жан. Еңбек ардагерімен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Қазиза Қожанқызы, тракторшы ерлерге тән мамандық қой. Сіз бұл кәсіпке қалай келдіңіз?
– Мен Тайынша ауданындағы Теңдік ауылының тумасымын. Әкеден жастай қалдық, шешеміз бес баланы жалғыз өсірді. Анама аз да болса көмектесейін деп еңбекке 14-15 жасымда араластым. Көрші кеңшарларға барып, түрлі жұмыс істедім. 1962 жылы біздің ауылда тракторшыларды даярлайтын 6 айлық курс ашылды. Сол курсқа қатысу үшін анамның рұқсатын алдым.
– Тракторшы ретіндегі алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?
– Тракторшы куәлігін алғаныммен, анам “ойбай, ұят болады, қазақтың қызысың, тракторды жүргізгенің дұрыс болмас”, – деп жұмысқа жібермеді. Тракторға тек келесі жылдың жазында ғана шөп шабу үшін отырмақ болдым. Маған кабинасы жоқ ескі трактор бұйырды. Басшылық көмектеседі деген мақсатпен жаныма бір жас жігітті қосақтады. Екеуіміз шабындыққа аттандық. Жолда әлгі техникамыз бұзылып қалды. Екеуіміз де тракторды жөндеуді білмейміз, әупірімдеп қайта жүргізіп алдық.
Шабындық басына барып, тырнауышты тіркеп іске кірістік. Ол кезде қамыс шабатын едік. Бригадир анадайдан қолын бұлғап, “біз жаққа келмеңдер” деп айқайлады. Біз оны керісінше түсініп, қамыстың ішіне кірдік те кеттік. Трактор судың ортасында қалды. Екеуіміз де жеңіл киінгенбіз. Мен жылай бердім. Бұршақ аралас жаңбыр құйып тұр. Жауын басылғасын біз үйге жеттік. Күзде басшылық маған Т-40 тракторын берді. Кейін МТЗ-50, МТЗ-80 тракторларын жүргіздім.
– Сіз КСРО мемлекеттік сыйлығының иегерісіз. Бұл марапат сол кезде ілуде біреуге ғана бұйыратын. Сол кездегі көңіл күйіңіз туралы айтып беріңізші.
– Ол кезде Красноармейск аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің механизаторымын. 1986 жылы жүгері жинайтын жаңа КСК комбайнын берді. Мен, Тастан Ахметов, Владимир Коваленко үшеуіміз жүгері шабуға шықтық. Жоспар бойынша пішендемені гектарынан 120 центнер алуымыз керек болды. Ал біз асыра орындап, гектарынан 220 центнерден өнім алдық. Алқаптан фермаға 31 мың центнерге жуық жүгері балаусасын және 5 мың центнерден астам пішендемені жеткіздім. Сондықтан маған КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын берді. Қомақты сыйақыны әлемдік қайырымдылық қорына, Африкаға жібердім.
Әңгіменің орайы келгенде айта кетейін, 1977 жылы менің жолымды жалғауды мақсат еткен қыз-келіншектер аз болмады. Олардың қатарында Айман Тоғаева, Күлбайра Ерғалиева, Нәсипа Ақмерова, Валентина Тупитина, Юлия Пьянчук, Балқия Қасқұлақова сынды нәзік жандар бар. Өз басым олардың әрқайсысын ержүрек арулар ретінде құрметтеймін.
– Сіз трактор тізгініне жас кезіңізден отырдыңыз ғой. Оның үстіне кішкентай сәбилеріңіз болды. Ер-азаматтар тарапынан нәзік жан ретінде жеңілдік жасалған кездер кездескен шығар.
– Трактор жүргізіп жүріп өмірге екі нәрестемді әкелдім. Інілерім мен сіңлілерім жас болды. Үйдің шаруасы бар. Бәріне үлгеру керексің. Ерлермен қатар механизатор болдым. Маған ешкім “сен әйелсің, бұл жұмыс саған ауыр болады” деп айтқан емес. Қыста малда, жазда алқапта жүретінмін. Көктемде жерді бораналаймыз, егін себеміз. Уақытпен санаспадық. бақыттың да, байлықтың да, берекенің де негізі еңбекте деп ойладық. Содан жаман болмадық, өстік, өндік.
– Басыңыздан өткен қызықты оқиғаларыңызды айтып бересіз бе.
– Бір жылы бізде сабан болмай қалды. Содан тракторға екі тіркемені жалғап алып, сабан әкелуге шықтық. Соколов кеңшарына барып, солардың алқабынан тасыдық. Екінші күні электр пойызының жолына шығып кетіппіз. Бұрылып, кері қайтайық десек бұрыла алмаймыз. Жанымызға милиция келді. Оған қорада малдың аш тұрғанын, тракторды бұрыннан жүргізетінімді айттым. Бізге жол көрсетіп жіберді. Сабанды тасып жүргенде қараңғы түсіп кетті. Қасымдағы әріптесім грейдермен кетіп қалған. Бір қарасам, КамАЗдың артынан келе жатырмын. Содан тоқтап, екінші тракторды тауып, соңына ілестім.
Қар тоқтатып жүріп, боран соғып, адасқан кездерім де кездесті. Жолды таба алмайтын болғандықтан, тракторда түнеп шықтым.
Өмірге келген әр пенденің Алла тағала өлшеп берген несібесі болады. Біздің буын жоқшылықты да, қиындықты да көрді. Өміріме, тағдырыма өкпе артқан кезім жоқ. Қандай жағдай болмасын, менің еңсемді еңбек көтерді. “Еңбек Қызыл Ту” орденінің, екінші, үшінші дәрежелі “Еңбек даңқы” ордендерінің иегерімін. КСРО-ның халық депутаты, Кеңес әйелдері комитетіне мүше болдым, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға бардым. Алматыда жиі болатынбыз. Маған тегін үй алу бақыты бұйырды. Оны соғыс ардагері Боржанов деген адамға сыйға тарттым. Қазір онда туыстары тұрып жатыр. Қазір Тайынша ауданының құрметті азаматымын. Екі қызымнан бес жиен сүйіп отырмын. Қыздарымның өзі – әже, немерелері бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.