«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТРАКТОР ТІЗГІНДЕГЕН ӘЖЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша ауданының тұрғыны Қазиза Кеңесбаева биыл 80 жасқа толды. Ол – 26 жыл бойы трактор тізгіндеп, еңбексүй­гіштігі мен жауапкершілігінің арқасында абырой-құрметке бөленген жан. Еңбек ардагерімен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қазиза Қожанқызы, трак­тор­шы ерлерге тән мамандық қой. Сіз бұл кәсіпке қалай кел­діңіз?

– Мен Тайынша ауданындағы Теңдік ауылының тумасымын. Әке­ден жастай қалдық, шешеміз бес ба­ланы жалғыз өсірді. Анама аз да болса көмектесейін деп еңбекке 14-15 жа­сымда араластым. Көрші кең­шар­ларға барып, түрлі жұмыс істедім. 1962 жылы біздің ауылда тракторшыларды даярлайтын 6 ай­лық курс ашылды. Сол курсқа қа­тысу үшін анамның рұқсатын алдым.

– Тракторшы ретіндегі алғаш­қы жұмыс күніңіз есіңізде ме?

– Тракторшы куәлігін алғаныммен, анам “ойбай, ұят болады, қа­зақ­тың қызысың, тракторды жүргіз­генің дұрыс болмас”, – деп жұмысқа жібермеді. Тракторға тек келесі жыл­дың жазын­да ғана шөп шабу үшін отырмақ болдым. Маған кабинасы жоқ ескі трактор бұйырды. Басшы­лық көмек­те­седі деген мақсатпен жаныма бір жас жігітті қосақтады. Екеуіміз шабын­дыққа аттандық. Жол­да әлгі техникамыз бұзылып қалды. Екеуіміз де трак­торды жөн­деуді білмейміз, әупірімдеп қайта жүргізіп алдық.

Шабындық басына барып, тырнауышты тіркеп іске кірістік. Ол кез­де қамыс шабатын едік. Брига­дир ана­дайдан қолын бұлғап, “біз жаққа кел­меңдер” деп айқайлады. Біз оны керісінше түсініп, қамыстың ішіне кірдік те кеттік. Трактор судың ортасында қалды. Екеуіміз де жеңіл киінгенбіз. Мен жылай бердім. Бұр­шақ аралас жаң­быр құйып тұр. Жауын басылғасын біз үйге жеттік. Күзде басшылық маған Т-40 трак­торын берді. Кейін МТЗ-50, МТЗ-80 тракторларын жүргіздім.

– Сіз КСРО мемлекеттік сыйлығының иегерісіз. Бұл марапат сол кезде ілуде біреуге ғана бұйыратын. Сол кездегі көңіл күйіңіз туралы айтып беріңізші.

– Ол кезде Красноармейск ау­дандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің механиза­торы­мын. 1986 жылы жүгері жинай­тын жаңа КСК комбайнын берді. Мен, Тастан Ахметов, Владимир Ко­валенко үшеуіміз жүгері шабуға шықтық. Жос­пар бойынша пішен­де­мені гектары­нан 120 центнер алуымыз керек болды. Ал біз асыра орындап, гектарынан 220 центнер­ден өнім алдық. Алқаптан фермаға 31 мың центнерге жуық жүгері ба­лаусасын және 5 мың центнерден астам пішендемені жеткіздім. Сон­дықтан маған КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын берді. Қомақты сый­ақыны әлемдік қайырымдылық қо­рына, Африкаға жібердім.

Әңгіменің орайы келгенде айта кетейін, 1977 жылы менің жолымды жалғауды мақсат еткен қыз-келіншектер аз болмады. Олардың қата­рында Айман Тоғаева, Күлбайра Ерғалиева, Нәсипа Ақмерова, Ва­лентина Тупитина, Юлия Пьянчук, Балқия Қасқұлақова сынды нәзік жандар бар. Өз басым олардың әр­қайсысын ержүрек арулар ретінде құрмет­теймін.

– Сіз трактор тізгініне жас кезіңізден отырдыңыз ғой. Оның үстіне кішкентай сәбилеріңіз болды. Ер-азаматтар тарапынан нәзік жан ретінде жеңілдік жасалған кездер кездескен шығар.

– Трактор жүргізіп жүріп өмірге екі нәрестемді әкелдім. Інілерім мен сіңлілерім жас болды. Үйдің ша­руасы бар. Бәріне үлгеру керексің. Ерлер­мен қатар механизатор бол­дым. Маған ешкім “сен әйелсің, бұл жұмыс саған ауыр болады” деп айт­қан емес. Қыста малда, жазда ал­қапта жүретін­мін. Көктемде жерді бо­раналаймыз, егін себеміз. Уақыт­пен санаспадық. бақыттың да, байлықтың да, береке­нің де негізі еңбекте деп ойладық. Со­дан жаман болмадық, өстік, өндік.

– Басыңыздан өткен қызық­ты оқиғаларыңызды айтып бересіз бе.

– Бір жылы бізде сабан болмай қалды. Содан тракторға екі тіркеме­ні жалғап алып, сабан әкелуге шық­тық. Соколов кеңшарына барып, со­лардың алқабынан тасыдық. Екінші күні электр пойызының жолына шы­ғып кетіппіз. Бұрылып, кері қай­тайық де­сек бұрыла алмаймыз. Жа­нымызға милиция келді. Оған қора­да малдың аш тұрғанын, тракторды бұрыннан жүргізетінімді айттым. Бізге жол көр­сетіп жіберді. Сабанды тасып жүргенде қараңғы түсіп кетті. Қасымдағы әріп­тесім грейдермен кетіп қалған. Бір қарасам, КамАЗдың артынан келе жатырмын. Со­дан тоқтап, екінші тракторды тауып, соңына ілестім.

Қар тоқтатып жүріп, боран со­ғып, адасқан кездерім де кездесті. Жолды таба алмайтын болғандықтан, тракторда түнеп шықтым.

Өмірге келген әр пенденің Алла тағала өлшеп берген несібесі бола­ды. Біздің буын жоқшылықты да, қиындықты да көрді. Өміріме, тағдырыма өкпе артқан кезім жоқ. Қан­дай жағдай болмасын, менің еңсемді еңбек көтерді. “Еңбек Қызыл Ту” ор­денінің, екінші, үшінші дәре­желі “Ең­бек даңқы” ордендерінің иегерімін. КСРО-ның халық депутаты, Кеңес әйелдері комитетіне мүше болдым, Өзбекстанға, Қырғыз­станға, Тәжікстан­ға бардым. Алма­тыда жиі бола­тынбыз. Маған тегін үй алу бақыты бұйырды. Оны соғыс ардагері Боржа­нов деген адамға сыйға тарттым. Қа­зір онда туыс­тары тұрып жатыр. Қазір Тайынша ауданының құрметті азама­тымын. Екі қызымнан бес жиен сүйіп отырмын. Қыздарымның өзі – әже, не­мерелері бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp