Ата Заңымызға сәйкес, балаға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың міндеті болып табылады. Басқа да тиісті заңнамада ата-ананың бала алдындағы міндеттері мен құқықтары тасқа қашалғандай етіп жазылған. Егер ата-ана кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оқыту және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін орындамаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Үстіміздегі жылдың алғашқы 3 айында облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша 16 іс қаралды. Бұл бапқа сәйкес, ата-ананың немесе заңды өкілінің кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар кәмелетке толмағанның алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін – 3, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүргендерге қатысты үш әкімшілік іс қаралды.
Сондай-ақ ата-аналардың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауына байланысты істі қысқарту туралы 4 қаулы шығарылды. Судьялар құқық бұзушылықтың алдын алу, іс жүргізу нормаларының бұзылуына жол бермеу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлеріне төрт жеке қаулы шығарды.
Әлия ҚҰРТАЕВА,
облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маманы – сот отырысының хатшысы.