Былтыр қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында бір жылға алдын ала төлем жасау арқылы он мыңға жуық адам “сақтандырылған” деген мәртебе алды. Ал 2023 жылдың төрт айында он алты мыңнан астам қазақстандық бір жылға алдын ала төлем жасады. МӘМС жүйесінде “сақтандырылмаған” азаматтар, сондай-ақ жүйеге бір де бір рет төлем жасамаған немесе оны жүйесіз жүргізген дербес төлеушілердің барлығы бұл мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады.
Жарналарды 12 айға алдын ала төлеудің жаңа тетігі өткен жылдың 5 қыркүйегінен іске қосылды. “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы” Заңға сәйкес, “сақтандырылған” мәртебесін алғысы келетін азаматтың соңғы немесе алдағы 12 айға төлемі болуы тиіс.
Қазір елімізде 16,4 млн. адам медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Ал қалғандарында “сақтандырылған” мәртебесі жоқ. Себебі олардың көбі тұрақсыз төлеушілер. Бұл азаматтар бір жылға “алдын ала сақтандырылған” мәртебесін ала алады.
– Он екі айға төлемді дұрыс жасаған азаматтарға үш күннің ішінде “сақтандырылған” мәртебесі беріледі. Қорға “Мәртебем қашан іске қосылады? Мен бір жылға толық төлеп шықтым ғой”, – деп хабарласатын азаматтар аз емес. Мән-жайды тексергенде олардың шатасып немесе қате төлем жасағаны анықталады. Сол себепті төлем жасамас бұрын барлығын нақтылап алған жөн, – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жанындағы жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департаменттің директоры Забира Оразалиева.
Дербес төлеушілер төлем жасаған кезде әртүрлі қате жібереді. Оларды мысал арқылы түсіндіргеніміз жөн болар. Қазір мамыр айы. 12 айға алдын ала төлем жасаған кезде 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың сәуіріне дейін дербес төлеуші ретінде жеке-жеке 3500 теңгеден төлеп шығу керек.
– Азаматтар 12 айға төлем жасағанда көп қателеседі. Біреулер бір жылға бір төлеммен төлеп тастайды. Енді біреулер осы жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейін немесе үстіміздегі айдан жыл соңына дейін төлеп шығады да “сақтандырылған” мәртебесі берілмеді деп хабарласады. Басқа мерзімге шатасып төлеп қойған азаматтар ақшасын қайтарып ала алады. Ол үшін “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, түбіртектерді қоса тапсыру қажет, – дейді Забира Оразалиева.
Тағы бір ескеретін жайт, егер айдың аяқталуына шамалы күндер қалса немесе осы айда медициналық көмекке жүгінуді жоспарламасаңыз, келесі айдан бастап төлем жасаған жөн. Яғни 2023 жылдың маусым айынан 2024 жылдың мамыр айына дейін төлей аласыз. Пациент бір жыл бойы “сақтандырылған” болады.
МӘМС жарналарын екінші деңгейдегі кез келген банктердің мобильді қосымшалары, төлем терминалдары және “Қазпошта” АҚ-ның филиалдары арқылы төлеуге болады. Электронды үкіметтің “egov.kz” сайтындағы “Денсаулық сақтау” бөлімінде “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың немесе жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну” мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге, жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз хатшысы.