«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сабақты ине сәтімен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қабілетіне қарай кәсібін жаңылыспай тапқандардың бірі – Нұржамал Әбенова. Бала күнінен ине мен жіпке икемді болған ол бүгінде тігіншілікті табыс көзіне айналдырып отыр. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деген рас. Нұржамал Сағынайқызының қолөнерге жақындығы – ұяда алған тәрбиесі. Әкесі ағаштан түйін түйсе, анасы тоқыма тоқудың хас шебері болған. “Әкем ағаштан кез келген бұйымды жасап шығаратын. Домбыра, астау, үй жабдықтарын жасауға епті, шебер болатын. Анамның күнделікті ісіндегі тігіншілікті, тоқымашылықты көріп өскен бізге бұл қасиеттердің дарымауы мүмкін емес еді”, – деп ата-анадан жалғасқан дәстүрдің бір тізгінін ұстап отырғанын қуанышпен жеткізді ол.

Нұржамал Әбенова Қызылорда облысының Арал қаласында туып-өскен. Әскери азаматтың етегінен ұстап, жиырма үш жыл ел кезіп жүргендерін өмірінің бір қызықты кезеңі ретінде қабылдайды. Тараз қаласына тұрақтаған кезде бес жыл әскери қызмет атқарған ол – бүгінде запастағы сержант. Астана қаласына қоныс аударғанда бала тәрбиесімен үйде отырыпты. Жұбайы туған күніне сыйға тартқан тігін машинасын ермек қылып, сүйікті ісінен қол үзбеді. Өзіне, көрші-қолаңдарға керектерін тігіп, шеберлігін шыңдап отырған. Арагідік уақыт тауып, арнайы курстарда оқыған.

Әбеновтер отбасы Петропавл қаласына 2020 жылы көшіп келген. Сол кезде өз ісін ашып, кәсібін дөңгелетуге дайын екендігін сезеді. Жұмыссыз, көпбалалы ана ретінде мемлекеттік қолдауға құқылы екенін біліп, “Бизнес-бастау” жобасына қатысады. Былтыр курстық дайындықтан өтіп, бизнес жоспарын қорғап, қайтарымсыз қаржы алды. Оған заманауи тігін құрал-жабдықтарын сатып алған кәсіпкер бүгінде облыс орталығындағы “ЦУМ” сауда үйінде шағын шеберхана ашқан.

Өз ісін дөңгелеткісі келген адамға бұл бағдарлама тиімді тетік. Мен кәсіп ашып, өз мүмкіндігімді сынап көрсем деп армандаушы едім. Бүгінде өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Сатып алушыларды интернет желісіне хабарландырулар беру арқылы жинау да тиімді екен. Бес айда өзіме, болашағыма деген сенім пайда болды, – дейді Нұржамал Сағынайқызы.

Облыс орталығында тігіншілік қызмет көрсететін орындар аз емес. Бірақ этностильмен жұмыс жасайтындар жоқтың қасы. Нұржамал Сағынайқызы нарықтағы сұранысқа қарай тұрмысқа қажетті дүниелер тігеді. Кәсіпкер сұранысқа ие тауарлардың бағытын байқап отырады. Ол тіккен “сыпыра” деген бұйымды сатып алушылар көп. “Сыпыра” – қамырға арналған ақ жайма. Оқтаумен ысып-жазылған нанды жайып, кептіруге арналған. Көп орын да алмайды, мата болғандықтан, бүктеп, жинап қоюға болады. Жайылған нанды пышақпен кескенде де сыпыра тілінбейді. Мұндай бұйым тігетінін әлеуметтік желі арқылы таныстырған кезде, тапсырыс берушілер көбейген. Сол сияқты қыздарға арналған сөмке де үлкен сұранысқа ие. Оны заманауи тілде “шоппер” деп атайды.

Нұржамал Сағынайқызының басты ұстанымы – тауардың сапалылығы. Сондықтан матаның қымбатын таңдайды, тігістің оқтай түзу болуын қадағалайды.

– Тапсырыс көбейсе де асықпаймын. Кейде түні бойы жұмыс істеуім мүмкін. Тіккен бұйымым сапасыз болып, тапсырыс берушінің көңілін қалдырғым келмейді. Қазір тапсырыс көбейгендіктен қасыма көмекші іздеп жүрмін. Күн ұзаққа тігін тігуден еш жалықпаймын. Бірақ отбасыма уақыт табамын. Екі үлкен балам – студент, кейінгілері – мектепте оқиды. Олардан аналық мейірімімді аямаймын, – дейді кәсіпкер.

Әр үйдің ажарын ашар перде, төркөрпе, төсек-орын жабдықтарына да тапсырыс алады. Кәсіпкердің бұл өнімдері өзіндік стильмен тігілгендіктен, іздеп келіп тапсырыс беретіндер бар. Тауарларға суреттерді қолдан салдырады. Оған құрбысы Әлия Әлмурзина көмектеседі екен. Тұтынушының кез келген сұранысын орындайтын ол өңірдің табыс деңгейі төмен екендігін ескеріп, тауардың бағасын қымбат қоймайды. Сондықтан өзге өңірлердегі тігіншілерге қарағанда Нұржамалдың қол бұйымдары анағұрлым арзан.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp