«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҒАБЕҢНІҢ АҚ БАТАСЫ ЖОЛЫМДЫ АШТЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың осы уақытқа дейін сайын дала төсінде салтанат құрып, ұлттық бірегейлігін жоғалтпауына себеп болған бір құдірет болса, ол – біздің бай мәдениетіміз. Өнері өрістемей, мә­дениеті мандымаған елдің өзгелердің аранына жұтылып кетуі әп-сәтте. Сан ұрпақтың санасына сәуле құйып, көкірек көзін оятқан бағзы бабаларымыздан жеткен мұраны санап тауысу мүмкін емес. Сол іргелі мәдениетіміздің ішінде ән өнерінің алар орны ерекше. Халқымыздың басынан қанша қилы кезең өтсе де ұлттық ән өнері тағынан түскен жоқ. Текті өнерге деген тыңдарманның да ықыласы ерекше. Мұның бәрі – бірінші кезекте бабалар аманатына адалдық танытып жүрген өнерпаздарымыздың арқасы. Ән дегенде Қызылжардағы тыңдарманның есіне Дәмеш Құрманкина оралатыны анық. Өмірін өнермен өрнектеген жан биыл шығармашылығының 30 жылдығын атап өтті. Есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс әнші, “Құрмет” орденінің иегері, Петропавл қа­ласының құрметті азаматынан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Дәмеш Сапарқызы, сіздің өнерге ерте жастан келгеніңіз мә­лім. Естуімізше ата-анаңыз да әнге жақын жандар болыпты. Әң­гі­­меміздің әлқиссасын туған жері­ңіз­ден, өскен ортаңыздан бас­тасақ.

– Мен шаңырағына өнер қонған, әнді ерекше құрметтейтін отбасын­да туып-өстім. Үйдегі бес баланың ор­тан­шысымен. Алыстағы ауылда­ғы қарашаңырақта көз ашқалы есті­ге­німіз ән болды. Кішкентай кезімде шыр­ша ағашының жанында тұрып ән айтатын едім. Кейде қатарласта­ры­ма “мен ән өнерінде шыршаның тү­бінен келе жатырмын” деп әзіл­дей­мін. Ана­мыз нен­дей жұмысты істемесін, ау­зы­нан ән үзілмейтін. Осының бәрі менің са­нама сіңіп, жүрегіме байланды. Ал ата-анама бұл қасиет арғы аталары­мыздан дарыған деседі. Алайда қи­лы кезеңдерде олар бой­дағы өнер­лерін ашық көрсете алма­са керек.

– Сіз балғын балалық шағы­ңызда жерлес қаламгер Ғабит Мү­сіреповпен жолығып, заңғар жа­зу­шының батасын алды деп естідік. Бұл кездесу қалай орын алды?

– Ғабит Мүсіреповтің Жаңажол­дың тумасы екенін қызылжарлықтар жақсы біледі. Ауылдың балалары ол кезде елді мекенге сыйлы қонақ келсе концерт дайындап, өнерлерін паш етуге тырысатын. Бірде қазақтың мүйізі қарағайдай азамат­тарын бастап Ғабит Мүсірепов келе­тін болды. Алыптың алдын көруге ұм­тылған бір топ баланың ішінде мен де бармын. Ол менің 12-13 жасар ке­зім, Ғабеңнің сексенге таяған шағы. Сонда жазушы қатарластарыммен бір­ге ән айтқан менің өнерімді ерек­ше ықыласпен қабылдады. Бола­шақ­та әнші болатыныма сенім біл­дірді. Бала дауысымды әлі де қыр­лап-сырлау керек екенін айтты. Маған міндетті түрде Алматыда оқу ке­рек екенін айтып, сонда білім алуға шақырды. Бұл шақырыс мен үшін үлкен сахнаның есігін ашқан жолда­ма сияқты еді. Алматы өнердің асқақ ордасы саналады ғой. Небір ұлылардың бәрі сонда тұрды. Өнердің биі­гіне шығамыз деген жастың бәрі үл­кен шаһарға ағылатын.

Ірі қаладағы білім ордасына оқуға қабылданып, Алматыда 9 жыл тәлім алдым. Менің кәсіби әншілік жолға түсуімнің тари­хы осы. Бұл оқиғаны біз жеке концер­тімде де театрландырылған көрініс ар­қылы баян еттік.

Ғабеңнің өзі жазған “Кездейсоқ­тық­тың да себебі болады” деген сөзі бар. Жазушымен кездесуім жай ғана кездейсоқтық емес, тағдырыма үл­кен әсер еткен сәт деп білемін.

– Жазушымен алғашқы кезде­суден кейін араларыңызда байла­ныс орнады ма? Одан кейін тағы да жүздесудің сәті түскен шығар?

– Иә, 1986 жылға дейін мен Ал­ма­тыда оқыдым. Онда барған соң тіп­тен жазушының қызындай болып кет­тім. Есептеп қарасам Ғабеңмен тура 7 жыл араласыппын. Ол 1985 жылы 31 желтоқсанда дүниеден өтті ғой. Ал­­ғаш театрдың табалдырығын да Ғабит Мүсіреповтің жетелеуімен ат­тадым. Абай атындағы театрда оның драмалары дүркін-дүркін қойылып жататын. Сол кештерге драматург­пен бірге мен де барушы едім.

Осы 7 жылда жазушы маған өзі қам­қор болып, бағыт-бағдар беріп отырды. Бір ауылданбыз әрі туыстығымыз болған соң маған өзін “ата” деп айтқызды. Оқып жүргенде атамның үйіне жиі барып тұратынмын. Бірде Ға­беңнің үйінде Кәкімбек Салықов отыр екен. Ғабең ақынның біздің ел­ден екенін, бүгінде Жезқазғанда қыз­мет ететінін айтты. Осылайша Кәкім­бек ағаның шығармашылығымен де таныстым. Сол сапарында ақын ата­ма өзі сөзін, композитор Шәміл Әбіл­таев әнін жазған “Ғабең сөзі” атты әнді беріп кетіпті. Ғабең болса, ол туындыны маған ұсынды. Кейін Қайырлы Ғафуров әнді оркестрге лайықтады.

Жазушы Виноградов көшесінде тұрды. Екеуіміз сол үйден шығып сая­баққа баратынбыз. Атам көп әңгіме айтпайтын. Кісіге көзін алмай біраз қарап отырып, сосын барып ойындағысын жеткізетін.

Сексенінші жылдары суретке екі­нің бірі түсе бермейтін еді. Түскеннің өзінде ол сурет әркімнің фотоап­паратында кетеді. Ғабеңнің қасында жүргенімді таспалағандар да болды. Бірақ соны құнттамаған екенмін. Ол суреттер жазушының Алматыдағы музей-үйінде болуы мүмкін. Бір барғанда сұрау салмақпын.

– Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының жуан ортасындағы Ға­бит Мүсіреповтің маңына қалам­гер­лердің көп үйіріліп, жиі бас қос­қаны белгілі. Сол ақын-жазушылардан тағы кімдермен таныс­тыңыз.

– Ғабеңнің үйінде үнемі жиын-той болып, адам аяғы үзілмеуші еді. Сол кештерге мені де шақырады. Мен айтқан уақытында бара қоямын. Кейде бармай қалсам, үлкен­ді­гіне қарамай, өзінің жұмсақ даусымен “Капризничать етпе” деп назын біл­діргендей болатын. Ауылдан келген мен мұның мағынасын кейін түсін­дім. Осындай жиын-тойларда жазушы­ның үйінде міндетті түрде ақын Ғафу Қайырбеков жүретін. Ғафу ата­мыздың өлеңдерін мектептен оқып жүрдік қой. Ол өзі әзілқой, мінезі шайқылау жан еді. Бала болсам да менімен ойнап, сөзбен қағып қала­ды. Бірде әзілдеп атама “Осы қызды неге еркелетесің, бұл сені қайда апа­рады”, – дегені бар. Сонда Ғабең менің ертеңіме сеніп: “Дәмеш өскенде, Мәс­кеуде жүретін болады. Америкаға барып маған мүштік әкеледі”, – дейтін. Қалаға алғаш келген ауыл баласы ұяң болады ғой. Мен де көп сөйле­мей ақсақалдарымыздың әңгімесін тыңдап қана отырамын. Үлкен өмірді тани келе, біртіндеп ұяңдықты қойып, ашылдым.

Ғабит Мүсіреповтің үйінде кез­дес­кен тағы бір қаламгер – жазушы Сәкен Жүнісов. Ел Сәкенге сері атын бекер бермеген ғой. Сәкен атамыз қаламгерлігінен бөлек, тамаша әнші еді. Халық әндерін, Сәкен Сейфул­линнің туындыларын тамаша шыр­қайтын. Кейін оны өз драмалары сах­наланатын қазақ театрында жиі көріп жүрдім. Сол кездесулерде “Сен Ға­беңнің қызысың. Мен өзің жайлы міндетті түрде жазуым керек”, – деп уа­қытының болмай жүргеніне қапала­нат­ын. Өкінішке қарай, Сәкен Жүні­сов өмірден ерте өтіп кетті.

Ол үйде ағайынды Рсал­диндерді жиі кездестірдім. Олар жа­зу­шының жарының інілері екен. Сол сияқты әдебиеттің, театрдың өзге де майталмандары сол шаңыраққа жиылады. Астан кейін бәрі префе­ранс ойнайды. Оның да не екенін Ал­матыға барып білдім. Сол ойынның басында небір дүниелер айтылып, әң­гіме қызып жататын. Мен соны тың­дап өстім. Атамды жетектеп бірнеше рет бильярдқа да бардым. Бильярд­та да небір әңгіменің тиегі ағытыла­ды. Бүгінде қарап отырсам, әдеби орта, шығармашылық байланыс де­ген осы екен ғой.

– Сіз Алматыда оқу оқып, Қы­зылжарға оралдыңыз. Қыз-қыз қай­нап жатқан өнердің ордасын қиып кету оңай болмаған шығар? Бұған не себеп болды?

– Алғашқы кезде Қызылжарда бірнеше жыл ғана тұрамын, сосын Алматыға қайтамын деген жоспар бол­ды. Жұмысқа орналастым, сах­наға шықтым, байқауларға қатыс­тым. Демалыс уақытында көбіне Ал­матыда жүрдім. Ондағы жолдаста­рым да хабарласып шақырып жатты. Ол кезде сәбилерім кішкентай. Бала­ларыма қамқор ана болу үшін Қы­зылжарда қалуды ұйғардым. Сонда да шығармашылықтан қол үзбедім. Университет, колледждерде мәде­ниет­танудан сабақ бердім, Ақан сері атындағы облыстық филармонияда жүргеніме біршама жылдың жүзі бол­ды. Бүгінде балаларым үмітімді ақ­тап, аяққа тұрды. Екеуі де жасынан зе­рек болып өсті, отбасылары, бала-шағалары бар. Сондықтан бұл таң­дауыма өкінбеймін.

– Шығармашылығыңызда қан­дай жаңалықтар бар? Репертуа­ры­ңызды толықтырған туынды­лар туралы айтып берсеңіз.

– Соңғы кездегі ең үлкен жаңа­лығым – араға 10 жыл салып барып өткізген жеке концертім. Онда бірқатар шығарманың тұсауы кесіл­ді. Репертуарым жаңа туындылар­мен толығып келеді. Қазір не көп, ән көп. Екінің бірі ыңылдап отырып, ән жаза береді. Солардың арасынан сүйектісін таңдай білу керек. Бүгін бар, ертең ұмыт қалатын тек тасыр-тұсыр ырғаққа құрылған дүниелер­ден аулақ болған дұрыс. Одан да ха­лық әндерін, сал-серілеріміздің шы­ғармаларын неге әуелетпеске? Ол әндерді насихаттау – тек дәстүрлі ән­ші­лердің ғана емес, кез келген өнер­паздың міндеті. Біз кейінгі ұрпаққа халық әндерін қалпын бұзбай жеткізуіміз керек.

Жалпы менің репертуарымда ән аз емес. Оркестрге түсірілген 40-қа жуық туынды бар. Олардың тақы­рыптары патриоттық, лирикалық, ха­лық әндері болып жалғаса береді. Бүгінде бізде 5-6 әнді місе тұтып жүр­ген өнерпаздар бар ғой. Соларға менің ішім ашиды. Әнші жан-жақты болуы керек қой. Біз тек әнші ғана емес, ұлт­ты тәрбиелеуші, бағыттаушы, қоғам­дық сананы қалыптастырушымыз. Өнер­дің құдіреті деген осы. Бұл – жай ғана пафос үшін айтылған сөз емес, шындық. Өнерпаздарға қарап көрер­мен де бой түзейді. Біреудің біреуге еліктеп кетуі жылдам. Сондықтан біз арқамыздағы сол жүкті сезініп, ой­лануымыз керек. Айтатын әні онға жет­пейтін жандар жергілікті өнер ұжымдарында да бар. Әріптестеріме осыны даусым жеткен жерде айтып жүрмін.

Әншінің репертуарында дастар­қан­ның басында айтатын әннен бастап, стадионда шырқайтын туындыларға дейін болуы керек.

– Бір кездері заңғар жазушы­ның жетегіне еріп сахнаға шығып едіңіз, бүгін өзіңіз де қазақтың да­рынды ұл-қыздарына тәлім беріп, өнер биігіне қанат қағуына себепші болып келесіз. Өзіңіз басқара­тын оқушыларға арналған өнер орталығының жұмысы қалай жү­ріп жатыр?

– Абай атындағы маманданды­рылған қазақ мектеп-гимназиясы жа­нынан ашылған орталық көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір мұнда­ғы сыныптарда 500-ден астам бала оқиды. Олардың ішінде 6 домбыра, 2 қобыз, фортепиано, аккордеон, баян, гитара сыныптары бар. Бір сы­ныпта 12 шәкірт бар десек, қанша ұл-қызымыздың аспапта ойнайтынын санай беріңіз. Бұл – музыка бөлімі ғана. Одан бөлек, “Заман-ай” театры мен “Нұршашу” би ансамблі жұмыс істейді. Соңғысына 150 оқушы барып жүр. Тәлімгерлер әр бағыт бойынша сабақ береді. Қарапайым үйірмеден айырмашылығы мұнда нота үйреті­леді.

Оқыту екіге бөлінген. Әр бөлімнің нәтижесі бойынша жылына 2 рет кон­церт береміз. Одан бөлек, жыл бойы балалар түрлі деңгейдегі байқаулар­ға қатысып келеді. Сахна тілін игер­ген бала өзін өмірде де дұрыс ұстай­ды. Осылайша мәдениетті тұлға қа­лыптасады. Мұндағы жарты мың жет­кіншектің бәрі өнер жолын қумауы мүмкін, бірақ ержеткенде көзқарасы қалыптасқан, сауатты азамат бола­ды. Сондықтан мұндай орталықтар әр мектепте ашылуы керек деп ой­лаймын.

– Көрермен сізді тек сахна тө­рінен көреді. Ал оның артындағы өміріңіз беймәлім. Өздеріңіз сияқ­ты өнер адамдарының кештер мен гастрольдерден бөлек, қара­пайым жұмыс күні қалай өтеді?

– Шығармашылық адамында тұ­рақты жұмыс тәртібі жоқ. Кестеге сай филармонияға тек дайындықтар мен концертке ғана барамыз. Бұл іс-шараның жоғары деңгейде өтуі үшін, ең бастысы, өзіміз үшін керек. Ал қалған уақыттарда өнерпаздар мектептер­де, Мәдениет үйлерінде жұмыс іс­тейді. Ол да шығармашылығымызды шыңдайды. Филармониядан бөлек, өзге де шараларға жиі барамыз. Тойға барып өнер көрсететіндер көп. Жалпы өнерпаздар еркін жұмыс іс­теп, әр бағытта еңбектенуге әдеттенген.

– Өнер адамдарының басқа сала­ларда еңбек етуі жалақының аз­ды­­ғынан болып отыр ғой. Өт­кен­де өңірге келген мәдениетке жауапты бір басшы табысқа жету үшін өнер­паздарға заманға сай жұ­мыс істеп, жеке концерттер өткі­зіп, өз бетінше қар­жы табуды ұсынды. Осындай пі­кірлер әлеу­меттік желіде де қылаң бе­ріп қала­ды. Ал әншілер нарықпен бетпе-бет қалуға қаншалықты дайын?

– Өзге әріптестерім сияқты мен де бұл пікірмен келіспеймін. Өнер­дегі, ғылымдағы адамдар барлық жа­ғынан қамтамасыз етілуі керек. Сонда ғана олар шығармашылықпен алаңсыз айналысады. Отбасын асы­раймын деп жүріп, бірнеше жерде жұ­мыс істейтіндер бар. Олар қай жа­ғына үлгерерін білмей, шығармашылық шет қалып жатады. Ал егер та­лантты жандарға лайықты жалақы тө­ленсе, ол адам өнерге беріліп жұ­мыс істейді.

Астана, Алматыдағы әріптесте­ріміз жоғары жалақы алады. Біздің айырмашылығымыз шетте тұрғаны­мыз ғана. Көп таланттардың өңір­лерде қалғысы келмейтіні де содан. Десе де соған қарамай еңбек етіп ке­леміз. Болашақта лайықты жағдай жа­саса, дұрыс болар еді. Бірақ қолдау жоқ емес. Бір жылдары 40 мың тең­геге жұмыс істеген кезіміз болды. Қа­зір мә­селе ақырындап шешіліп келе жатқан сияқты. Соған да шүкір дей­міз.

– 30 жыл бойы өнер көшінде ке­лесіз. Осы аралықта қазақ ән өне­рі қандай деңгейге жетті? Өзгеріс көп пе?

– Бұрынғымен салыстырғанда қа­зір өмір ритмі өзгерген. Бәрі жылдам ұйымдастырылып, тез өтіп жатыр. Қазіргі әншілерге баяу болуға болмай­ды. Күніне бірнеше шараға қаты­сып, алдағы болатын концерттерді жоспарлап, оның құрал-жабдығын реттеп, күніміз қарбаласпен өтетін кездер бар. Соған үлгеріп жүрген­дердің биікке шыққанының куәсімін. Өнердегі бүгінгі буынның жетістіктері де қуантады. Олар бұрынғы туынды­ларды өзінше өңдеп, құбылтып айту­ға бейім. Осы ізденістері ұнай­ды. Ор­кестрлердің, орындаушылардың да көркемдік деңгейі өсті. Бұрынғымен салыстырғанда жаңа дыбыстар, әуендер пайда болды. “Оранжиров­ка” деген ұғымның өзі үлкен жаңа­лық.

30 жылда өнер ғана емес, тыңдаушы да өзгерді. Қазіргі тыңдар­манды алдай алмайсың. Олардың қы­рағы көзі бәрін байқап тұрады. Халықты баяғыдай жетелеп әкеліп, залға отырғыза алмайсың. Елдің білі­мі де терең, талғамы да бөлек. Біз сол талапқа лайық болып, тіпті жоға­ры деңгейде өнер көрсетіп, көрер­менді одан әрі биікке бастауымыз керек.

– Мазмұнды әңгімеңізге рақ­мет. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Әңгімелескен

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp