Халықаралық музей күніне орай өңірдегі бірқатар мәдени нысандарда танымдық шаралар өтіп, қала тұрғындары көптеп жиналды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Ғасырдан ғасырға” атты кеш ұйымдастырылды.
Акция аясында музей ғимаратында көне тас дәуірінен бастап, қола, ерте темір дәуіріне дейінгі уақытты қамтитын бірнеше тақырыптағы экскурсиялар өтті. Өңірдің өткен ғасырдағы, Тәуелсіздік жылдарындағы тарихын қамтитын көрмелер де ұйымдастырылды.
Осы күні “Өткеннің алыбы”, “Мезолит туралы әңгімелер, “Ботай қонысының құпиялары”, “Байқара алтыны”, “Ақшалай эквиваленттегі тарих”, “Сарбаз сауыты” сынды құнды мұралар келушілерге көрсетілді.
Ал арт-орталықта “Музей достарымен бірге” атты тақырыпта фото-көрме, деректі фильмдердің көрсетілімі, кәдесыйлар жәрмеңкесі және мерекелік шара өтті.
– Бүгін тарихқа қызыққан жұрт музейге түнде келіп, танымдық дүниелермен танысуға мүмкіндік алып отыр. Әр залда түрлі тақырыптағы экскурсиялар өтуде. Мәселен біздің залда көшпенді қазақ өмірінің көріністері көрсетілген. Екі ғасырлық тарихы бар белбеулерге қызыққандар аз болмады. Домбыра, қобыз, соғыс жабдықтары мен бүгінгі шеберлердің туындылары қызылжарлықтардың көңілінен шықты, – дейді музей қызметкері Ғалия Амангелдіқызы.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.