«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отбасылық кәсіптің нәсібі мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шағын және орта бизнес өкілдерінің басты мақсаты – отандық тауар түрлерін көбейте отырып, халыққа сапалы қызмет көрсету. Оның жақсы үлгілері Жамбыл ауданында да аз емес. Отбасылық кәсіп – Жанғалиевтердің басты табыс көзі.

Преснов ауылының тұрғыны Муза Жанғалиева “Бизнес Бастау” бағдарламасы аясында кәсіпкерлік әліппесімен танысып, білімін жетілдіргеннен кейін осы салаға біржола ден қойған.

– Жеке кәсіп ашуға ниетті адамдарға мемлекеттен қолдау барын, озық идеяны жүзеге асыруға қайтарымсыз грант алуға болатынын халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарынан естіп, тәуекелге бел будым. Алдымен кәсіпкерлік сауаттылығымды арттырдым. Сосын “Жанғалиева” жеке кәсіпкерлігін ашып, 1 млн. 250 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Оған отбасылық қорға жиналған қаражатты қосып, құрылыс материалдарын әзірлеуге арналған таспалы “Тайга” аралау машинасы мен құрал-жабдығын сатып алдық. Бастапқыда қиналғанымыз рас. Онсыз іс бітуші ме еді? “Көз – қорқақ, қол – батыр” деп текке айтылмаған. Маңдай тердің жемісін теру үшін қажырлылықпен еңбек етуге тура келеді, – деді кәсіпкер әйел.

Тұрғындарға құрылыс материалдарын дайындау қызметін көрсетіп жатқанына бір жылдың жүзі болды. Шикізат қоры жеткілікті, Преснов орман шаруашылығынан жаздырып алады. Тапсырыс үш күннің ішінде дайын болады. Жұбайы Ермек те қолдау танытып, отбасылық бизнестің өркендеуіне атсалысып жүр.

Бұдан бөлек Ермек аудан орталығында “Жұлдыз” азық-түлік дүкенін ашқан інісі Бауыржан Жанғалиевпен бірлесіп, иесіз тұрған жанармай құю станциясын қалпына келтіріп, оны автокөлік жуу орнына айналдырды. Жаз мезгілінде көлік жуу қызметін тұтынушылар көп. Темір тұлпарды жуу қызметін көрсететін бекетке алдын ала жазылып, бірнеше күн кезекті тосу – көлік иесіне тиімсіз. Сұранысты ескеріп, автоматтандырылған көлік жуу бекетін ашты. Тұрғындар өзіне-өзі қызмет көрсетеді. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камерасы орнатылған.

Отбасылық бизнес өкілдерінің мақсаты – маусымдық көлік жуудан жыл бойғы қызметке көшу, алдағы уақытта дөңгелек жөндеу орталығын ашу. Жанғалиевтер әулетінің отбасылық кәсібі аудан орталығы және елді мекен тұрғындарына жақсы таныс. “Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді”, – деген осы болар?!

Игілік РАХМЕТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp