Қасиетті Қызылжардың құнарлы топырағынан небір дүлдүл дарындар, дара дарабоздар, ақиық ақындар, баһадүр батырлар түлеп ұшқан ғой. Солардың қатарында халық ақыны Ахметжан Нұртазиннің есімі ерекше ілтипатпен аталады. Ол – елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан “Солтүстіктің қақпасы” саналатын өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан асыл азаматтардың бірегейі.
Ахаңның ғұмырдариясына терең бойлап көрейікші, ол 1908 жылдың 15 маусымында Шал ақын ауданының Көктерек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жасынан еңбекқорлығымен елдің құрметіне бөленіп, ауыл шаруашылығы саласында әртүрлі қызметтер атқарды. Содан кейін адамзат баласының басына қара бұлт үйірген сұрапыл соғыста ерліктің даңқын аспандатты. Майдан даласынан елге аман-есен оралғаннан кейін 1945-1949 жылдар аралығында қазіргі Жамбыл аудандық орман шаруашылығы мекемесінің директоры, одан кейін 1949 жылдан бастап 1968 жылға дейін, яғни зейнет демалысына шыққанша, Шал ақын ауданының орман шарушылығы мекемесінің директоры болып қызмет етті. Орманшы кәсібінің қыр-сырын меңгеріп, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауданның орман шарушылығының өркендеуіне зор үлес қосты.
Ахметжан Нұртазин қызмет атқарған 20 жыл ішінде Шал ақын ауданының 15000 гектар жеріне жас көшеттер отырғызылды. Оның 5000 гектарына шырша ағаштары егіліп, Ахаң “Қызылжар өңірінде шырша өспейді” деген пікірді жоққа шығарды.
1955 жылдары Лесхозда жап-жаңа бастауыш мектеп, ағаш өңдейтін өндіріс орны, фельдшерлік пункт, дүкен, балабақша, кітапхана, клуб және еңбек адамдары тұратын жаңа үйлер салынып жататыны жадымда жатталып қалыпты. Бұл бір күнде немесе бір жылда атқарыла салған шаруа емес. Оның артында үлкен рухани күш, қолдау мен ерік-жігердің жасырынып тұрғаны ай туғандай ақиқат дүние. Қалалар мен ауылдардың сиқын қашырып, шаруашылықтарды тұралатқан соғыстан кейінгі 5-6 жыл ішінде кішкентай ғана елді мекенге осыншама жағдайдың жасалуы ол кезде республика бойынша теңдесі жоқ жетістік саналатын еді.
Лесхоздың дәл ортасында кешке қарай жұрт серуендеп, демалатын алма, шырша ағаштары отырғызылған көркі көз сүріндіретін саябақ болатын. Сол саябақтың орта тұсында қарағайдан салынған, қарасаң көңілің тояр Лесхоздың кеңсесі менмұндалай көрінетін еді. Шетіндегі жасыл орман ішіне отырғызылған көлемді жеміс бағында да Ахаңның қолтаңбасы жатыр. Оның игілігін аудан түгілі облыс жұртшылығы да көрді.
Ахаң кез келген жанның жүрегіне жол таба алатын асыл қасиеттерінің арқасында қазіргі Шал ақын ауданындағы кезінде алпауыт кеңшарларды басқарған директорлармен ортақ тіл табыса білді. Оларды табиғат-анамыздың ну орманмен тыныстауы жолындағы игі істерге жұмылдырды. Әсіресе көрші кеңшарлардың директорлары Новопокровканікі Н.Н.Петров, Зарянікі С.С.Сущенков және Афанасьевканікі М.Р.Сағдиев Ахаңа асқан құрмет көрсетіп, жас көшеттерді отырғызуға, оны арамшөптерден тазартуға үлкен мән беріп, демалыс күндері кеңшар жұмысшыларымен қатар мектеп оқушыларын да көмекке жіберіп отырды.
Көпшіліктің қолдауымен Ахаң басқарған 20 жылда Шал ақын ауданының Лесхозы гүлденіп шыға келді. Шағын ғана Лесхоздың халқына осыншама жағдай жасай білген Ахметжан Нұртазиннің есімі халық арасында кең таралып кетті. Облыстың қай ауданында болмасын Ахаңды білмейтін, естімеген адам некен-саяқ болатын.
Біздің Лесхозда бірнеше ұлттың өкілдері тұратын. Ахаңның ешкімді бөліп-жармайтын адамгершілігінің, халықтың ол кісіге деген зор құрметінің арқасында Лесхоздың еңбекшілері Ахаң қажет деп тапса, жаз бойы демалмастан таңның атысы, күннің батысы жұмысқа шығуға дайын тұратын.
Ахаңның баласы марқұм Қайрат екеуіміз каникул кезінде таңғы сағат 6-дан бастап, күн ысығанша жас көшеттердің арамшөптерін жұлуға баратынбыз. Ата-анамыздың бізді қаршадайымыздан еңбекке баулып өсіргеніне қарыздармыз.
Менің үлкен ағам Дулаттың жолдасы Илаш жеңгем де осы салада зейнетке шыққанша еңбек етті.
Ахаң үлкен-кіші, бала-шаға демей бәрімен жұмсақ сөйлесіп, жұмысты сапалы орындауға көңіл бөлетін. Біз сияқты балалардың да ол кісінің қамқорлығынан тыс қалған кезі жоқ.
Бастауыш сыныпты аяқтаған соң балалар орта білім алу үшін Заря кеңшарына қатынап оқыды. Екі кеңшардың арасы – бес шақырымдық жер. Оқушылар алғашқы кезде жаяу жүрді. Көп ұзамай бізге арнайы автобус бөлінді. Бұл қамқорлыққа Ахаңның даладай дарқан пейілінің арқасында қол жеткізгенімізді қалайша ұмытамыз?
Лесхозда Ахаң мен менің әкем Қошан екеуі көрші тұрып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Табиғатынан ерекше жаратылған Ахаң дарынды ақындарды, сөз шеберлерін, үнемі ой бөлісетін кісілерді іздеп жүретін еді. Жанына жақын тартып, сырласатын, демалыстарда саятшылық құратын жақыны – менің әкем болды.
Ахаңның әкемнен мүшел жас кішілігі болса да, екеуі жиі кездесіп, құрдастардай қауқылдасып, әңгіме-дүкен құратын.
Жасының үлкендігіне қарамай кішіпейілділігіне, дүниетанымының молдығына дән риза болып, Ахаң өзінің жүрекжарды өлеңдерінің біразын әкеме арнап жазған. Ахметжан атам “Ауылдағы арпалыс” атты поэмасында әкемнің жан дүниесін, жарқын бейнесін мына бір шумақ арқылы аша түскендей.
Басқарды болыс Қошан Бәйімбетті,
Әскерге азық-түлік дайын етті.
Кеудемен көк тіреген бұзықтардың,
Бұрынғы күндері жоқ, жайы кетті, – деп, азамат соғысы кезінде әкемнің болыс болып, елді әділ басқарғанын әсерлі жазыпты.
Ахаң да, менің әкем де аңшы еді. Екеуі де жасында жүйрік баптап, ит жүгіртіп, бүркіт салған. Біздің де, Ахаңның да үйлерінде қабырғада қасқырдың, түлкінің терілері ілулі тұратын, одан жоғары дойыр қамшы, ат үстінде ұстайтын ыңғайлы шоқпар, сұңғыла найза, қос ауыз мылтықтарын көргенде қонақтар саятшының үйіне келгендерін бірден ұғынатын.
Екеуінің де қасқыр, түлкі алатын иттері болды.
Ахаң Қошекеңмен қосылып аңға шыққанда:
Құтылып қандай қасқыр кетер еді,
Сауықпен саятымыз өтер еді, – деп “Аңшылар” деген өлеңін ерекше тебіреніспен жазған.
Алыстан қашқан арланға
Аңшылар тағы ұмтылды.
Қалжырап иттер қалған ба?
Жүрісі баяу бір түрлі.
Аты жүйрік астында,
Жетті Қошан төтемен.
Салған найза қасқырға,
Бойлады барып жетеден.
Сағадан сынып найзасы,
Өзіне қасқыр ұмтылды.
Таусылды қарттың амалы,
Абыржыды бір түрлі.
Өзіне қасқыр атқанда,
Алқымнан алды шошынбай.
Алпыстан жасы асқанда,
Қарт көрдім батыр осындай,
Ат үстінен алысқан.
Аңшының ерлік бұл ісі,
Алқымда қолы қарысқан.
Қасқырдың бітті жұмысы.
Сол арлан қасқырдың тісінің ізі әкемнің білегінде мәңгілік қалды.
Ахаңның өлкеміздің орман шаруашылығын өркендетуге қосқан орасан зор еңбегімен бірге, ол кісінің мәдениет пен әдебиет саласында да біраз биікті бағындырғанын Қызылжар жұртшылығы жақсы біледі.
1956 жылдан бастап Ахаңның ұйытқы болуымен 14 мәрте ауданаралық, облысаралық ақындар айтысы өтті. Соғыстан кейінгі жылдары алғаш рет ұйымдастырылған ақындар айтысында Ахаң 1-орынды жеңіп алып, облыстық кеңестің №521-ші қаулысымен 1957 жылы қарашаның 21 күні облыстың “Халық ақыны” деген құрметті атаққа ие болды. Ол кісінің ақындық жолда бағындырған биігі осымен аяқталған жоқ. 1970 жылы Лениннің 100, республикамыздың 50 жылдығына арналған ақындар айтысына қатысты. Осы сөз додасында Ахметжан Нұртазин бірінші орынды қанжығасына байлап, “лауреат искусство” деген құрметке ие болды.
Ахаң көзі тірісінде сөз өнерінің шыңына ұмтылды. Өлеңдері мен поэмалары енген төрт кітабы жарық көрді.
1970 жылы күзде, каникулда мен Ахаңа салем бере бардым. Сырқаттанып қалыпты. Соған қарамастан қаламын қолынан тастамай, “Арнаған ұрпақтарға аманатым” деп аталатын шежіре кітап жазып жатыр екен.
Қолымда жеті шежіре,
Отырмын ойда толғанып.
Міндет қойып өзіме,
Тұныққа терең көз салып, – деп басталыпты. Ерекше әсерге бөледі. Біздің бабаларымыздың батыр болғаны туралы айтып, сөзін өлеңмен жалғады.
Сарбұлақ, Шуда менен Бағанаты
Естектің батыры еді шыққан аты.
Соғысып келгендермен қарсыласып,
Белдеуден босамады байлаулы аты.
Тілеке осы ұрыста қаза тапты,
Құлеке содан кейін ерттеді атты.
Батыры Бағанаты, Сарбұлақты,
Өлтіріп Тілекенің кегін алды.
Естектен тазартылып Есіл жері,
Құдайберді, Бәйімбет қалың елі.
Мың жеті жүз алпыс бір жылы келіп,
Мекені Есіл болды содан бері.
Шежіре кітабы ол кісі дүниеден өткен соң, Қобылан Хамзин ағамыздың арқасында баспадан басылып шықты.
Ахаң мен Қайни тәтем менің кіндік атам мен шешем болғандықтан, мен оларды екінші әке-шешемдей қабылдадым, жақын тұттым. Қайни шешем ақылына көркі сай, мінезі биязы, жүзінен мейірімі төгіліп тұратын адам еді. Сондықтан да болар бұл қасиетті шаңырақтан қонақ үзілмейтін.
Өңірімізге іссапармен аудан, облыс басшылары, Алматыдан атақты ақын-жазушылар келсе, біздің Лесхозға ат басын бұрмай кетпейтін. Олар ауылымыздың жетістіктерімен танысып, Ахаңмен қауышатын. Себебі Ахаң жоғары білімі болмаса да, өмір мектебінен ойға тоқып түйгені мол, өнегелі, өз заманының білімді адамы еді.
Ахаңмен кездескен адамдар ол кісінің шежіре не сағаттап өлең-өсиет сөздерді жаңылмай, кідірмей айтатын қасиетіне таңырқап, таңдай қағатын. Мәселен, атақты жерлесіміз жазушы Сәбит Мұқанов ел жаққа келгенде Ахаңның үйіне соқпай кетпейтін.
Сәбең мен Ахаң құдды бір ағалы-інілі адамдардай бұл өмірден сыйласып өтті. Сәбең келеді дегенді естігеннен Ахаң менің әкемді жанына алдыртатын. Осындай кездесу бір күн Ахаңдікінде болса, келесі күні біздікінде ұйымдастырылатын. Сәбең өзін қарсы алған азаматтарға: “Осы көрсеткен сый-құрметтеріңе рақмет, енді мені Сергеевканың Лесхозына шығарып салыңыздар”, – дейтін көрінеді. Бұл классик қаламгердің менің әкем мен Ахаңа көрсеткен құрметі болса керек.
Ахаң өзінің Сәбеңе арнаған өлеңдерінен басқа Біржан сал, Ақан серінің өлең-жырларын жатқа айтса, менің әкем бесінші атасы Шал ақынның, кезінде Жантілеу әулетімен аралас-құралас өмір сүрген Үкілі Ыбырайдың ғибратты туындыларын айтқанда мүдірмейтін. Осындай кезде Сәбең көктен іздегені жерден табылғандай шалқи, шаттана түседі екен. Сәбең менің әкеме, әсіресе Шал ақын бабамыздың әйелдер туралы әзіл өлеңдерін қайта-қайта айтқызып, мәре-сәре болып күліп алады екен.
“Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде.
Жақсы қатын алғанның тойы үйінде,
Жаман қатын алғанның соры үйінде”, – деп жырлаған Шал Құлекеұлы осынау бір шумағымен талай адамның езуін жиғызбаған ғой.
Ахаң өзінің қадір-қасиетімен, жалпақ елге пана бола білген, әр сөзінен, жүріс-тұрысынан дарқан даланың даналығы сезілетін, көкірегі ояу, көзі ашық, сыйлы, қасиетті, парасатты адам болды. Мына бір өлең шумағы Ахаң сияқты аңыз адамдарға айтылған:
Ырысты үйдің есігі,
Тар болса да төрмен тең.
Хас жақсының есімі,
Бір тайпалы елмен тең.
Ахаң Алла өлшеп берген мағыналы ғұмырын кейінгі ұрпақ ұмытпайтындай халқының жарқын болашағының іргетасын қалауға арнады. Ол атқарған іргелі істерімен, адал еңбегімен, сөз парқын түсіне алар көрегендігімен әр жүректе шоқжұлдыздай жарқырады. Данышпан Абай бір өлеңінде:
“Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?” – деп жырлапты. Осы екі жол Ахаңның да болмыс-бітімін айқындап тұрғандай. Ақаң туралы есімдері елге белгілі тұлғалардың жүректерін жарып шыққан сөздер аз емес. Солардың бірі жезкиік ақын Кәкімбек Салықов: “Ахаңдай табиғатты сүйіп, жырлаған ақын елімізде некен-саяқ болар”, – деген екен.
Ахаңның мына өлең шумақтарын оқыған адам, қалайша табиғатты сүймей өтеді.
Қоршаған қонысымды жас қарағай,
Қызықтап аралаймын жас баладай.
Өсірген өз қолымнан ормандарым,
Бірі балам, біреуі інімдей боп.
Жапырағын жайқалтып гүлімдей көк.
Естіледі бір дыбыс құлағыма,
Сұлу қыздың сыңсыған үніндей боп.
Самалын аймалайын төсімді ашып,
Көкірегім қуанып тасқын тасып.
Ұл-қыздарым құлпырып ержеткендей,
Арасында келемін алшаң басып.
Ахаң табиғатты сүйіп қана қойған жоқ, ол мөлдір шықтай таза шумақтары арқылы далиған даланы, жайқалған ағашты, сылдырап аққан суды жырына арқау етті. Халық осы күнге дейін Шал ақын ауданында жайқалып өскен қарағай мен аққайыңдарды “Ахметжан ағаштары” деп атайтын көрінеді.
Марғасқа Мағжан Жұмабаев жырлағандай “Арқаның селі, желі, шөлі, белі, Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас”. Ахаңды жас ұрпақтың жадында жаңғырту мақсатын көздеп, жуырда облыстық мәдениет басқармасына барғанымызда ондағы мамандар бізге: “Ол кісі облысымыздың ардақты азаматтары қатарында жоқ”, – деп төбемізден жай түсіргендей болды.
Ахметжан Нұртазиндей ардақты тұлғаның кезінде елімізге сіңірген орасан зор еңбегін бағалай отырып, өзі ширек ғасыр мекен еткен орман шаруашылығына, сонымен қатар облысымызда бірінші болып “Халық ақыны” атағын алған адам ретінде аудан орталығындағы Мәдениет үйіне Ахметжан Нұртазинның аты берілсе, Ахаңның өнегелі өмірінен тәрбие алып өскен біз сяқты азаматтардың тілегі орындалар еді. Осы тілегіміз орындалса, елі үшін жан аямай еңбек еткен Ахаңның рухы шат болмай ма? Өлі разы болмай, тірі байымайтынын, өткенді ұмытсақ, болашақтың бізге тас ататынын ұмытпайық.
Мұрат ЖАНТІЛЕУОВ,
еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы.