Дана халқымызда “батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер” деген аталы сөз бар. Әрине, істеген ісіңе, жағымды қылығыңа орай аузы дуалы үлкендердің батасын алған бір ғанибет екендігі даусыз. Алайда сол батаны бере білетін адамның аздығы жанды ауыртады.
Мен түрлі мәдени шараларға жиі барамын. Ағайын-туыстың той-томалақтарынан қалмауға тырысамын. Қуаныш иелері “жасыңыз сексеннен асқан ақсақалсыз ғой, ақ тілегіңізді айтыңызшы” деп, бата сұрап жатады. Мен соған қуанамын. Қазақтың бұрыннан келе жатқан дәстүр-салтын көздің қарашығындай сақтау, орынды қолдану – бұл үлкен тәрбиеліліктің, көргенділіктің белгісі. Сондай кездерде мен сөзден тосылып қалмауға тырысып, ақ ниетпен қол жайған жамағатқа кемеңгер бабаларымыздың кестелі шумаққа айналған ақ батасын беремін.
Мен жиі беретін баталардың бірі – Төле би бабамыздың Қойгелді батырға айтқан ақ тілегі. Ол былайша өріледі:
“Жүрген жерің жаз болсын,
Айдыныңа қаз қонсын.
Ұйқың-күлкің аз болсын,
Мерейің мақтанып,
Елің-жұртың мәз болсын.
Жая берген жапырақ,
Атсын таңың жарқырап”.
Жуырда Райымбек батырдың төртінші ұрпағы Досжан Ақбиев ақсақалдың батасын жаттап алдым.
“Халқымды даласымен сақтасын,
Жігітті панасымен сақтасын.
Жаманды анасымен сақтасын,
Адамды өз бағасымен сақтасын.
Елдігіміз нығайып, өсіп-өнейік.
Бір Алла, бізді өзі жақтасын!”, – деп кестеленетін ақ тілекті кез келген ортада айтуға болады. Аға буын өкілдері жиі беріп жүрген:
“Асың, асың, асыңа!
Береке берсін басыңа!
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Сенен байлық өтпесін!
Тәңірі берген несібең,
Тепкілесең кетпесін!” – деп өрілетін батаның авторы – Алаштың ардақты перзенті Ахмет Байтұрсынов.
Халқымыздың ауыз әдебиетінің нұсқалары жинақталған кітаптарды ақтарып отырсаң, түрлі баталарды кезіктіресің. Қазақтың әр перзентінің өз заманында батагөй болғанына таңғаламын. Бұл дәстүрдің соңғы кездері жоғалып бара жатқаны қынжылтады.
Жуықта қазақтың небір қасқа-жайсаңдары бас қосқан дастарқанда болдық. Ас ішілді, аяқ босатылды. Кезек бата беру рәсіміне келіп тірелді. Төрде отырған танымал ғалым ағамыз қос алақанын айқара жайып алып, бата емес кедір-бұдыр жадағай тост айтып шықты. Кәдімгі шарап толы стақан ұстап тұрып тойда айтатын тілек. “Сіздің (той иесін айтады) жұмыстағы беделіңіз жоғары, әрдайым биіктен көріне беруіңізге тілектеспіз, осындай дастарқан басында бас қосайық!”. Мынадай “батаға” не бет сипарымызды, не әумин дерімізді білмей абдырадық та қалдық.
Мұндай оқиғалар жиі орын алуда. Мен мұның бір себебін жас пен кәрінің кітап, газет-журнал оқымауымен байланыстырамын. Жасынан оқуға құштар адам есейгенде, ел ағасы болатын жасқа жеткенде батадан тосылмақ емес.
Менен сахнада жүрген өнерпаздардың біразы бата сұрайды. Сондай сәттерде қолымды жайып “Бақытты бол!” деп айтамын. Осынау бірауыз сөздің астарында қаншама тілек, ықылас пен лебіз жатыр десеңізші!
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші, облыстың құрметті азаматы.