Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте көктемгі дала жұмыстарының барысы сөз болды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, үстіміздегі жылы 4,5 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. 3,2 млн. гектары дәнді дақылдарға, 960 мың гектары майлы дақылдарға бөлінген. Сондай-ақ жемшөп – 353 мың, картоп – 34,1 мың, көкөністер 6,2 мың гектарға егіледі. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету үшін қарақұмық алқабы үш есеге, көкөністер екі есеге ұлғайтылды.
– Көктемгі егіс жұмыстары қарқын алды. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары толықтай тұқыммен қамтамасыз етілген. Барлығы 438,3 мың тонна тұқым жерге сіңіріледі. Тұқым сұрыбын жаңарту да жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылы 3 млн. гектар алқапқа 180 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіру жоспарланған, – деді Мейрам Меңдібаев.
Көктемгі егіс жұмыстары үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 73,6 мың тонна дизель отыны, 10,8 мың тонна бензин және 3,2 мың тонна жағармай қажет. Мемлекет арзандатылған дизель отынымен қажетті мөлшерде қамтамасыз етіп жатыр
Ауыл шаруашылығына субсидия түрінде 63,1 млрд. теңгенің мемлекеттік қолдауы көрсетілсе, оның 19,6 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығына, 9,6 млрд. теңгесі мал шаруашылығына бағытталған. Басқа бағыттарды дамытуға 33,9 млрд. теңге қаржылай көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығын қолдау институттары арқылы көктемгі егіске және күзгі жиын-терімге 37,8 млрд. теңгенің 623 өтінімі мақұлданып, қолдау көрсетілген. “ҚазАгроҚаржы” АҚ филиалы арқылы бүгінде 7 млрд. теңгенің 153 өтінімі қаржыландырылды. “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” АҚ форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 44 өтініміне 8 млрд. теңге сомасында қаржылай қолдау көрсетті. Былтыр жыл бойы мұндай қаржыландыру 33,1 млрд. теңгені құраған болатын.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.