Өңірде жануарларға жауапкершілікпен қарау заңын жүзеге асыру аясында биыл қаңғырған ит-мысықты аулауға, уақытша ұстауға, екпе егуге және зарарсыздандыруға 53,4 млн. теңге бөлінді. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, халықтың әлеуметтік осал топтары үй жануарларын бюджет есебінен тегін чиптей алады.
Өңірде 10 сәуірден бастап иесіз жануарларды стерилизациялау жұмыстары басталды. Бүгінгі күні 43 ит, 3 мысық ауланып, оларға чип салынды. Үй жануарларын тіркейтін “TANBA” ақпараттық сервисіне 704 жануар есепке қойылды, оның ішінде иесіз ит-мысықтар да бар. Сонымен қатар биыл Петропавл қаласының әкімдігі уақытша ұстау пунктін салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 13 млн. теңге қаражат бөлді. Қазіргі уақытта облыста 3 жекеменшік панажай жұмыс істейді, оның екеуі Петропавлда орналасқан. “Белый Бим” – 400 итке, “Исаков Андрей” жекеменшік қайырымдылық қорының нысаны 300 мысық пен 500 итке, Қызылжар ауданының Вишневка ауылындағы “Шанс на жизнь” панажайы 500 итке арналған. Оның бәрі бүгінде толық.
Ал жыл басынан бері облыста үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін 401 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.