«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕЙІРІМДІ ЖАНДАРДЫҢ МЕРЕЙЛІ ІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде “Қоғамға қызмет” жобасы аясында баскетболдан қайырымдылық шоу-матчы өтті. Жергілікті “Senim” оңалту орталығын қолдауға бағытталған спорттық сайыста мектеп оқушыларының командасына жергілікті мемлекеттік орган басшыларының, мәслихат депутаттарының, спортшылар мен қоғам белсенділерінің құрамасы қарсы шығып, әдемі ойын өрнегін көрсетті.

Білім ордасының директоры Да­нияр Уәлиев бұл іс-шараның басты мақсаты сал ауруына шалдыққан ба­лаларға көмек көрсету екенін айтты. Қайырымдылық шарасына көпшілік­тің назарын аударту үшін оған түрлі топтардың өкілдері, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың басшылары, депутаттар, спортшы­лар, мектеп түлектері және ата-ана­лар қатысты. Оқу ошағының мұндай бастамасын қолдағандардың бірі – Петропавл қалалық мәслихатының төрағасы Арман Бердағұлов.

– Ұстаздар қауымы қайырымды­лық шарасына қатысуға шақырған­да бірден келістім. Баскетболмен оқушы кезімнен шұғылданып келе­мін. Ауыр дертке шалдыққан сәби­лерді қолдау – қоғамның кез келген мү­шесінің міндеті, – деді ол.

Жұлдызды команданың құрамы­на кірген жерлестеріміз соңғы бір ай көлемінде қызу дайындық жүргізіп, өз шеберліктерін шыңдады. Құ­рама сапындағы әлем чемпионы Жа­нат Жақиянов қайырымдылық ша­расына орай өзінің былғары қолғабын аукционда сатты.

Әуесқой баскетболшылар шараға жиналған көрер­меннің делебесін қоздырды. Бастап­қыда жұлдызды құрама топ бастаса, соңғы минуттарда оқушылар жеңісті жұлып алды. Жанат Жақияновтың былғары қолғабынан бөлек, аукционға атақты қазақстан­дық боксшы Бақтияр Артаевтың қол­таңбасы қойылған бокс қолғабы, “Ас­тана” баскетбол клубының ойыншы­сы Вадим Щербактың, “Қуаныш” волейбол командасының, “Astana Qazaqstan Team” велосипед клубының, Алматылық “Қайрат” кәсіби футзал клубының, солтүстікқа­зақстандық “Қызылжар” футбол клу­бы­ның спорттық формалары шыға­рылды. Қайырымдылық шоу-мат­чы­на сатылған билеттер мен аук­ционнан барлығы 1 млн. 885 мың тең­ге жиналды. Қаражат “Senim” оңалту орталығына табысталады. Аталған орталықты 2022 жылы қаңтарда сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары құрған болатын. Нәти­жесінде балаларға қажетті мамандарды осы жерге шақыртып, ем қабылдау мүмкін болды. Бүгінде балақайлардың кейбірінің жағдайлары жақсарып қалған.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp