Жамбыл ауданында үйден шығып кеткен 8-сынып оқушысының денесі табылды. 19 мамыр күні аудандық полиция бөліміне Жаңажол ауылының тұрғынынан 14 жастағы жиенінің таңертең үйден белгісіз бағытта кетіп қалғаны туралы хабарлама түскен.
Полиция бөлімінің қызметкерлері құқық қорғау органдары мамандарынан, педагогтар мен жергілікті тұрғындардан құралған іздеу топтарын ұйымдастырды. “Іздестіру іс-шаралары ауыл маңында автокөлікпен және атпен жүргізілді. 20 мамыр күні таңертең жоғалған қыздың денесі Жаңажол ауылынан 1,5 шақырым жердегі қазаншұңқырдан табылды”, – делінген облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Департамент мамандары жасөспірімнің өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша анықталатынын айтты. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Қорытындысы бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.