Өңірлік коммуникациялар қызметінден өткен баспасөз мәслихатында сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды. Тақырыпты облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қымбат Бейсенов тарқатты.
Мамандар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұрады. Үстіміздегі жылдың төрт айында департаментке 190 өтініш келіп түскен. Талдау кезінде тұтынушылардың құқықтары бөлшек саудада (43,1%) және электрондық саудада (43,7%) көп бұзылатыны анықталған. Сондай-ақ сөредегі тауарлардың бағасын көрсетпей сату, сапасыз тауарларды қайта алудан бас тарту, наразылыққа жауап бермеу және тағы да басқа заң бұзушылықтар көп кездеседі. Қазіргі уақытта онлайн сауданың өсуіне байланысты тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактілері көбейген. Мысалы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын бұзу туралы өтініштер саны 2,1 есеге өскен.
Тұтынушылар шағымдарының көпшілігі тауар сатушының немесе интернет-дүкеннің веб-сайтында берілген үлгіге немесе сипаттамаға сәйкес келмеуі, сондай-ақ мұндай тауарларды қайтарудан бас тарту мәселелеріне қатысты. Сонымен қатар біздің азаматтарымыз интернет арқылы тауарларды таңдау және тапсырысты ресімдеу кезінде аңғалдық танытады.
Сатып алушылардың көпшілігі әлеуметтік желілердің беттерінде жарнамасы “көрініп-жоғалатын” интернет-сайттар немесе әртүрлі Instagram-парақшалар арқылы тауарларға тапсырыс береді. Тұтынушы тауардың құнын төлеп, оны пошта арқылы алғаннан кейін жарнамадағыға мүлдем сәйкес келмейтінін анықтайды. Мысалы, жарнамаланған Iphone 14 смартфонының орнына тұтынушыға сапасыз, арзан телефон жіберілген. Сондай-ақ Instagram-парақшасындағы сатушының деректері жалған, яғни көрсетілген мекенжайда мұндай интернет-дүкен жоқтығы анықталды.
Департамент басшысы тұтынушыларға бірқатар қағидаларды сақтауға кеңес береді. Оның ішінде тауар туралы ақпаратты, тауардың кепілдік және жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты мұқият зерделеу қажет. Сатушыдан сәйкестік сертификаттарын немесе сәйкестік туралы декларацияны талап ету. Тұтынушы сатушыдан тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты талап етуге құқылы. Тауарды сатып алу алдында сатушының беделі туралы, сондай-ақ ол сататын тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы тұтынушылардың пікірлерімен танысқан жөн.
Сатушының байланыс деректері және тауарды айырбастау, қайтару шарттары туралы ақпарат берілмеген күмәнді интернет-ресурстарда тауарға тапсырыс бермеу керек. Тұтынушылардың құқығын бұзылу фактісін дәлелдеу үшін фото және бейне тіркеу жүргізіп, бейтаныс адамдарға ақшаны аудармау және өзінің құпия деректерін жібермеу қажет, тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда сатушыға наразылықты жазбаша білдіріп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінген абзал.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.