«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Таулы өлкеде тоғысқан тағдырлар

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

1988 жылдан бастап Әзірбай­жан­ның Таулы Қарабақ аймағында орын алған шиеленіске біздің еліміз­ден бітімгерлік мақсатпен 2500-ден астам жас аттанған екен. Бүгінде олар Таулы Қарабақ ардагер­лері мен мүгедектерінің республика­лық одағына біріккен. Аталған одақтың жұмысы мүмкіндігі шектеулі арда­герлердің әлеуметтік жағдайын жақ­сартып, патриоттық шараларды ұйымдастыруға бағытталған. Жуыр­да ұйым басшылары өңірімізге ке­ліп, республикалық бірлестіктің облыстық филиалының ашылғанын жа­риялады. Ағынтай мен Қарасай батырларға арналған ескерткіштің алдын­да өткен шараға одақтың өңір­лердегі филиалдарының басшыла­ры, Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері, Петропавл горнизонының қызметкерлері қатысты.

– 1988-1992 жылдары Армения мен Әзірбайжан арасында Таулы Қарабақ атты автономиялы облыс үшін дау туындағаны белгілі. Шекара­дағы шиеленісті одан сайын ушық­тыр­мас үшін оқиға орнына біз сияқты жастарды аттандырды. Деректер бойынша қақтығысқа қатысқан солтүстікқазақтандықтар­дың саны жүзден асады. Алайда әлі ар­дагер мәртебесін ала алмай жүргендер де болуы мүмкін. Оларға ай сайын қаржылай көмек көрсетіледі. Одан бөлек шипажайларда демалу, салықтан босату сияқты жеңілдіктер қарастырылған, – дейді Таулы Қара­бақ ардагерлері мен мүгедектері республикалық одағының төрағасы Ерғали Базарбаев.

Өңірдегі филиал тек ардагер­лерді қолдаумен ғана айналысып қоймай, патриоттық сабақтар мен кездесулер өткізуге де мұрындық болмақ. Шара барысында ұйымның облыстағы филиалына Құрманғазы Ережепов төрағалық ететіні белгілі болды.

– Мен курсант болып жүрген же­рімнен Таулы Қарабаққа аттандым. Сол жылдары түрлі әскери қақты­ғыстар болды ғой. Бү­гінде солардан аман оралғандар ұйым құрып, бірігіп жатыр. Біз де филиал жұмысын патриоттық бағытта жүргізетін боламыз. Мектептер мен оқу орындарына барып, кез­десулер мен сабақтар өткізуді жос­парлап отырмыз, – дейді Құрман­ға­зы Ережепов.

Шара соңында ардагерлер мен әскерилер Ағынтай мен Қарасай батыр ескерткіші мен Мәңгілік алау мемориалына гүлшоқтарын қойды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp