«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫМЫРАСЫЗ КҮРЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жемқорлық мемлекетіміздің дамуына тұсап салып, кедергі келтірері жасырын емес. Бабаларымыз “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ”, – деп бекер айтпаған. Оған әділдік пен турашылдықты өмірлік мақсат еткен от ауызды, орақ тілді Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің шешендік мұралары дәлел. Қазіргі ел саясатында берік ұстанатын басты бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес. Бұл сала “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңмен реттелген.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз жауапты мемлекеттік лауазымды ат­қаратын, мемлекеттiк функциялар­ды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалар­дың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам­дарға теңестiрiлгендердің, лауа­зым­ды адамдардың өздерінің лауазымдық өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы үшінші тұлғаларға мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе пайда табу мақсатында заңсыз пай­далануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы сатып алу бо­лып табылады. Сондықтан оған қар­сы құқықтық, әкімшілік және ұйым­дастырушылық шараларды күшей­те отырып, азайтудың маңызы зор.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрмен­ді күресу үшін халықтың құ­қықтық сауаттылығын арттырудың, заңнамалық түсіндіру жұмыстарын барынша ширатудың мәні айрықша. Жұртшылық өздерінің құқықтарын, қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда күресу­дің нақты жолдарын білсе, заңды белден басудың, бұра тартудың азая түсері анық. Конституциялық тәртіпті қорғау, бірыңғай жалпы мем­лекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің бар­лық салаларында сыбайлас жем­қорлық пен оның көріністерін төмендету, қоғамның мемле­кетке және оның институттарына сенімін нығайту – бәріміздің ортақ мақсатымыз.

Кез келген өркениетті мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі сана­ла­ды. Өйткені ұлттық қауіпсіздікке зор қатер төндіретінін жақсы түсі­неді.

Қазақстанда да сыбайлас жем­қор­лыққа орын жоқ деген батыл ұс­танымдар мен айқын бағыт-бағдар күш алып, қоғамның барлық күш-жіге­рін біріктірсе, осы дерттің одан әрі ушықпауына тоқтау салу амалдары табылар еді. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу халықтың азаматтық борышына айналарына сенімдіміз.

Зинегүл ӘСЕМБАЕВА,

облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әкімшісінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp