Жемқорлық мемлекетіміздің дамуына тұсап салып, кедергі келтірері жасырын емес. Бабаларымыз “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ”, – деп бекер айтпаған. Оған әділдік пен турашылдықты өмірлік мақсат еткен от ауызды, орақ тілді Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің шешендік мұралары дәлел. Қазіргі ел саясатында берік ұстанатын басты бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес. Бұл сала “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңмен реттелген.
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғалардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлгендердің, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы үшінші тұлғаларға мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе пайда табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы сатып алу болып табылады. Сондықтан оған қарсы құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шараларды күшейте отырып, азайтудың маңызы зор.
Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың, заңнамалық түсіндіру жұмыстарын барынша ширатудың мәні айрықша. Жұртшылық өздерінің құқықтарын, қандай да бір заңға қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда күресудің нақты жолдарын білсе, заңды белден басудың, бұра тартудың азая түсері анық. Конституциялық тәртіпті қорғау, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністерін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту – бәріміздің ортақ мақсатымыз.
Кез келген өркениетті мемлекет үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Өйткені ұлттық қауіпсіздікке зор қатер төндіретінін жақсы түсінеді.
Қазақстанда да сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ деген батыл ұстанымдар мен айқын бағыт-бағдар күш алып, қоғамның барлық күш-жігерін біріктірсе, осы дерттің одан әрі ушықпауына тоқтау салу амалдары табылар еді. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу халықтың азаматтық борышына айналарына сенімдіміз.
Зинегүл ӘСЕМБАЕВА,
облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот әкімшісінің басшысы.