Өңірде ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасырды деген күдікпен экономикалық тергеу қызметінің бұрынғы қызметкері, астаналық адвокаттар алқасының мүшесі ұсталды.
Қаржылық мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, ведомствоның бұрынғы қызметкеріне Петропавл ауыр машина жасау зауытының лауазымды қызметкерінің 45 млн. теңге көлемінде пара алғанын біле отырып, бұл фактіні азаматтық-құқықтық мәміле деп жасыруға тырысты деген айып тағылды.
“Адвокаттық қоғамдастықтан келіп түскен өтініштерге байланысты ведомствоның экс-қызметкері Д.Тампиев зейнет демалысына шыққаннан кейін адвокаттық жұмыспен айналысатынын растаймыз. Алайда ұстау кезінде ол осы қылмыстық іс бойынша қорғаушы мәртебесіне ие болмады және әлеуметтік желілерде айтылғандай, процеске қатысушыларға адвокаттық қызмет көрсеткен жоқ”, – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Д.Тампиев және пара алды деген күдікке іліккен тағы 2 лауазымды тұлға соттың санкциясымен 2 ай мерзімге қамауға алынды. Істің анық-қанығына жету үшін, сондай-ақ заңды және негізделген процессуалды шешім қабылдау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр.
“Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сай өзге ақпарат жария етілмейді. Конституцияның 77 және Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 19-бабына сәйкес Д.Тампиев пен басқа да айыпталушылардың кінәсі анықталып, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз болып саналатынын атап өткен жөн”, – дейді баспасөз қызметіндегілер.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.