«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Батаның төресі — “Бақытты бол!”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дана халқымызда “батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер” деген аталы сөз бар. Әрине, істеген ісіңе, жағымды қылығыңа орай аузы дуалы үлкендердің батасын алған бір ғанибет екендігі даусыз. Алайда сол батаны бере білетін адамның аздығы жанды ауыртады.

Мен түрлі мәдени шараларға жиі барамын. Ағайын-туыстың той-томалақтарынан қалмауға тырыса­мын. Қуаныш иелері “жасыңыз сек­сеннен асқан ақсақалсыз ғой, ақ ті­легіңізді айтыңызшы” деп, бата сұ­рап жатады. Мен соған қуанамын. Қа­зақтың бұрыннан келе жатқан дәстүр-салтын көздің қарашығындай сақтау, орынды қолдану – бұл үлкен тәрбиеліліктің, көргенділіктің белгісі. Сондай кездерде мен сөзден тосы­лып қалмауға тырысып, ақ ниетпен қол жайған жамағатқа кемеңгер ба­баларымыздың кестелі шумаққа ай­налған ақ батасын беремін.

Мен жиі беретін баталардың бірі – Төле би бабамыздың Қойгелді ба­тырға айтқан ақ тілегі. Ол былайша өрі­леді:

“Жүрген жерің жаз болсын,

Айдыныңа қаз қонсын.

Ұйқың-күлкің аз болсын,

Мерейің мақтанып,

Елің-жұртың мәз болсын.

Жая берген жапырақ,

Атсын таңың жарқырап”.

Жуырда Райымбек батырдың төр­тінші ұрпағы Досжан Ақбиев ақ­сақалдың батасын жаттап алдым.

“Халқымды даласымен сақтасын,

Жігітті панасымен сақтасын.

Жаманды анасымен сақтасын,

Адамды өз бағасымен сақтасын.

Елдігіміз нығайып, өсіп-өнейік.

Бір Алла, бізді өзі жақтасын!”, – деп кестеленетін ақ тілекті кез келген ортада айтуға болады. Аға буын өкілдері жиі беріп жүрген:

“Асың, асың, асыңа!

Береке берсін басыңа!

Бөденедей жорғалап,

Қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа.

Сенен байлық өтпесін!

Тәңірі берген несібең,

Тепкілесең кетпесін!” – деп өріле­тін батаның авторы – Алаштың ар­дақты перзенті Ахмет Байтұрсынов.

Халқымыздың ауыз әдебиетінің нұсқалары жинақталған кітаптарды ақтарып отырсаң, түрлі баталарды кезіктіресің. Қазақтың әр перзентінің өз заманында батагөй болғанына таң­ғаламын. Бұл дәстүрдің соңғы кез­дері жоғалып бара жатқаны қынжылтады.

Жуықта қазақтың небір қасқа-жайсаңдары бас қосқан дастарқанда болдық. Ас ішілді, аяқ босатылды. Кезек бата беру рәсіміне келіп тірелді. Төрде отырған танымал ғалым ағамыз қос алақанын айқара жайып алып, бата емес кедір-бұдыр жадағай тост айтып шықты. Кәдімгі шарап толы стақан ұстап тұрып тойда айтатын тілек. “Сіздің (той иесін айтады) жұмыстағы беделіңіз жоғары, әрдайым биіктен көріне беруіңізге тілектеспіз, осындай дас­тарқан басында бас қосайық!”. Мы­надай “батаға” не бет сипарымызды, не әумин дерімізді білмей абды­радық та қалдық.

Мұндай оқиғалар жиі орын алу­да. Мен мұның бір себебін жас пен кәрінің кітап, газет-журнал оқыма­уымен байланыстырамын. Жасынан оқуға құштар адам есейгенде, ел ағасы болатын жасқа жеткенде батадан тосылмақ емес.

Менен сахнада жүрген өнерпаз­дардың біразы бата сұрайды. Сон­дай сәттерде қолымды жайып “Бақытты бол!” деп айтамын. Осынау бірауыз сөздің астарында қаншама тілек, ықылас пен лебіз жатыр де­сеңізші!

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші, облыстың құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp