Облыстық кәсіпкерлер палатасы “Қазақстанның үздік тауары” және “Алтын сапа” байқауларына қатысушылардың өтінімін қабылдауды бастады.
“Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауы мен “Алтын сапа” сыйлығына шағын кәсіпкерлер де, ірі кәсіпорындар да үміткер бола алады. Оған қатысқысы келетіндер үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін өтініш беріп үлгерулері тиіс.
“Қазақстанның үздік тауары” байқауының негізгі мақсаты – Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз ету және отандық тауарөндірушілерді қолдау.
Өтініш білдіргендер өңірлік кезеңде іріктеліп, әр аталым бойынша жеңімпаздар “Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауының республикалық кезеңіне жолдама алады. Байқау үш аталым – “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Халық үшін үздік тауарлар”, “Үздік азық-түлік тауарлары” бойынша өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығы жыл сайын сапалы өнімдер шығарып, қызмет көрсеткен, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елеулі нәтижелерге қол жеткізген, басқарудың тиімді әдістерін енгізген мекемелерге конкурстық негізде беріледі.
Бұл сыйлықты алуға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен, қызметтер көрсетумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруден басқа) айналысатын кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үміткер бола алады. Мемлекеттің қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар бұл байқауға қатыса алмайды. Байқауларға қатысу – тегін.
Конкурсқа шағын, орта немесе ірі кәсіпкерлік субъектілері жоғарыда аталған үш аталымның біріне қатыса алады. Жеңімпаздар эмблема және лауреат дипломдарынан басқа, 450 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай сыйақы алады.
Былтыр “Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауының республикалық кезеңінде “Зенченко және компания” командиттік серіктестігі “Үздік азық-түлік тауарлары” аталымы бойынша жеңімпаз атанған еді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.