Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында медициналық сақтандыру қоры көрсетілген медициналық қызметтер үшін төлем жасамайтындығы туралы ақпарат таралуда. Бұл мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Қор төлемдердің барлығын жасалған шарттар сомасы шегінде толық көлемде жүзеге асырады.
Медициналық ұйымдар мен олардың бірлесіп орындаушылары шарт талаптарына сәйкес келмейтін төлемді талап етеді. Сол себепті төлемге ұсынылған сома шартта көзделген айлық көлемнен айтарлықтай асып түседі. Ал қор бюджетте көрсетілген мөлшерден артық соманы төлей алмайды.
Осы тұрғыда жасалған шарттар бойынша сомалардың асып кету фактісі медициналық ұйымдардың және олардың бірлесіп орындаушыларының шығыстарын зерделеуге, сондай-ақ көрсетілген медициналық қызметтердің негізділігі, шынайылығы, толықтығы мен сапасы тұрғысынан жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін негіз болып саналады.
Мұндай тексерулер медициналық ұйымдар тарапынан қосып жазу фактілері мен басқа да заң бұзушылықтар санының артуы жағдайында ғана жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты шарттан өзге көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу туралы шешім жоспардан тыс мониторинг нәтижелері бойынша қабылданатын болады.
Төлемді төлеу және жоспардан тыс мониторинг жүргізуді бастау мәселесін қарау үшін медициналық ұйымдар мониторинг жүргізу қағидаларының 50-тармағына сәйкес қорға жүгінуі қажет.
Сонымен қатар егер қордың медициналық қызметтерді төлеуді кешіктіруі себебінен медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, ресми байланыс арнасы “Qoldau 24/7” мобильді қосымшасы немесе “fms.kz” ресми сайты арқылы көмекке жүгінуге болады. Медициналық ұйымдардың шарттық міндеттемелер шеңберінде халыққа медициналық көмек көрсетуден бас тартуға құқығы жоқ.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз хатшысы.