Диас Аяған
1988 жылдан бастап Әзірбайжанның Таулы Қарабақ аймағында орын алған шиеленіске біздің елімізден бітімгерлік мақсатпен 2500-ден астам жас аттанған екен. Бүгінде олар Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағына біріккен. Аталған одақтың жұмысы мүмкіндігі шектеулі ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, патриоттық шараларды ұйымдастыруға бағытталған. Жуырда ұйым басшылары өңірімізге келіп, республикалық бірлестіктің облыстық филиалының ашылғанын жариялады. Ағынтай мен Қарасай батырларға арналған ескерткіштің алдында өткен шараға одақтың өңірлердегі филиалдарының басшылары, Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері, Петропавл горнизонының қызметкерлері қатысты.
– 1988-1992 жылдары Армения мен Әзірбайжан арасында Таулы Қарабақ атты автономиялы облыс үшін дау туындағаны белгілі. Шекарадағы шиеленісті одан сайын ушықтырмас үшін оқиға орнына біз сияқты жастарды аттандырды. Деректер бойынша қақтығысқа қатысқан солтүстікқазақтандықтардың саны жүзден асады. Алайда әлі ардагер мәртебесін ала алмай жүргендер де болуы мүмкін. Оларға ай сайын қаржылай көмек көрсетіледі. Одан бөлек шипажайларда демалу, салықтан босату сияқты жеңілдіктер қарастырылған, – дейді Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектері республикалық одағының төрағасы Ерғали Базарбаев.
Өңірдегі филиал тек ардагерлерді қолдаумен ғана айналысып қоймай, патриоттық сабақтар мен кездесулер өткізуге де мұрындық болмақ. Шара барысында ұйымның облыстағы филиалына Құрманғазы Ережепов төрағалық ететіні белгілі болды.
– Мен курсант болып жүрген жерімнен Таулы Қарабаққа аттандым. Сол жылдары түрлі әскери қақтығыстар болды ғой. Бүгінде солардан аман оралғандар ұйым құрып, бірігіп жатыр. Біз де филиал жұмысын патриоттық бағытта жүргізетін боламыз. Мектептер мен оқу орындарына барып, кездесулер мен сабақтар өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Құрманғазы Ережепов.
Шара соңында ардагерлер мен әскерилер Ағынтай мен Қарасай батыр ескерткіші мен Мәңгілік алау мемориалына гүлшоқтарын қойды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.