Қоғамда қызу талқыға түсіп отырған өзекті мәселелердің бірі – ауыл мектебінің жағдайы. Облыстағы мектептердің басым көпшілігі ауылдық жерде орналасқан, яғни шағын жинақты білім ошақтарына жатады. Олардың саны – 352, жалпы орта білім беретін мектептердің 77,5 пайызын құрайды. Осыдан кейін ауыл мен қала мектептерінің білім сапасында алшақтық орын алмағанда қайтеді. Менің ойымша, түйткілді мәселені оңтайлы шешудің бір жолы – мемлекет тарапынан қолдау тапқан “Тірек мектебі – магнитті мектептер” жобасына басымдық беру. Өңірде тірек және магнитті мектеп кешені кеңінен қанат жайып келеді. Бүгінде олардың саны тиісінше 28 және 67.
Шағын жинақты мәртебесі бар Бексейіт мектебінің осы жүйеге көшкеніне біраз болды. Магнитті мектеп аудан орталығынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Онда 64 оқушы білім алады. 25 мұғалімнің 16 пайызы – педагог-зерттеуші, 28 пайызы педагог-сарапшы, 3 жас маман “Серпін” бағдарламасымен келген. Мектеп жабылудың алдында тұрғанда “Уақытша отбасы” жобасы шеңберінде 4 отбасы 5 баланы өз қамқорлығына алды.
2022-2023 оқу жылында күзгі, көктемгі, қысқы сессиялық және сессияаралық шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылды. Оқу сессиясы басталмас бұрын тірек және магнитті мектептер әкімшілігінің отырысы өткізіліп, алдағы оқу жылының сабақ кестесі, педагогтардың құрамы талқыланып, бекітілді. Ал сессия кезінде тәжірибелі ұстаздар тірек мектебінде сабақ өткізіп, әріптестерімен өзара тәжірибе алмасты. Бұл үрдіс оқу жылы бойы жүргізіледі. Оның ішінде семинарлар, кәсіби қоғамдастық, шеберлік сыныптары, түрлі байқау-сайыстар кеңінен қамтылады. Осындай ынтымақтастық өз жемісін беріп келеді. Атап айтқанда, педагогтардың белсендігі мен кәсіби шеберлігі артып, инновациялық жобаларға тартылды. Ата-аналармен байланыс жолға қойылды. Педагогтардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру мақсатымен “Сабақты зерттеу топтары” құрылған. Ақыл-ой мен білім көкжиегін кеңейтетін “Ұшқыр ой алаңы” дебаттық қозғалысына қатысушылардың қарасы қалың. “Оқуға құштар мектеп” жобасы шеңберінде “1 ай – 1 кітап”, қазақтың дәстүрлі әндерін жаңғыртуда “Қазақтың 100 әні”, бұдан бөлек, “Мақал-мәтелдер – тәрбие бастауы”, “Мектеп парламенті” жобалары жұмыс істейді. “Microsoft Teams” бағдарламасы бойынша 4 мұғалім біліктілігін жетілдіріп келді. “Мың бала” олимпиадасына қатысқан екі оқушымыз жеңімпаз атанып, мамандандырылған мектептерге жолдама алды. Алғаш рет 26 сәуір мен 12 мамыр аралығында өткен білім сапасын және оқу дағдыларын анықтауға арналған тестілеуде 3-сынып оқушылары – 55, 7-сынып оқушылары 61,7 пайыз көрсеткішке ие болды. Облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылған I Ұлттық “Lesson Study” конференциясында “Сабақты зерттеу арқылы шағын жинақты мектеп педагогтарының әлеуетін арттыру” атты тақырыпқа ұстаздарымыз белсене қатысты. Білім алушылар “Шамшырақ” дебат клубы турнирінде екінші орын алды. Ұлттық дебат турнирінің облыстық кезеңінде де жүлделі екінші орынды иеленіп, республикалық сайыста бақ сынады. 2020 жылы бір мектеп түлегі ректор грантын ұтып алды. 2022 жылғы ҰБТ нәтижесі бойынша мектептің орташа балы 84,4 пайыз болды. Барлық 9 түлек жоғары оқу орындарының грантын ұтып алды.
Дегенмен оқу-тәрбие және жалпы ұйымдастыру жұмыстарында түйткілді мәселелер жоқ емес. Олар – бейінді оқыту үдерісінде қажетті арнайы жабдықталған оқу зертханаларының, пәндік кабинеттерінің лайықталып жабдықталмағаны, жаратылыстану-математикалық бағытта сабақ өткізетін педагогтардың жетіспеушілігі, IT маманының тапшылығы, біріктірілген сыныптарда кездесетін қиындықтар, сессия кезеңінде тірек мектеп педагогтары ынтасының төмен болуы, үстемақы төлеу мәселесіндегі түйткілдер. Сондықтан ауылдық жерлердегі мектептерге әр пән бойынша кабинеттердің, заманауи кешенді зертханалардың болуын қалаймыз. Жаратылыстану-математика бағытындағы мамандар сағаттың аздығына байланысты көршілес ауылдарға қатынап, “мобильді педагог” қызметін атқаруға мәжбүр. Оның шешімі қарапайым – жоғары және кәсіби білім беру ұйымдарында шағын жинақты мектептерге арналған қосарланған кадрлар даярлау, біріктірілген сыныптарда оқыту әдістемесі курсын қарастыру.
Ең бастысы, ауыл мектептеріне көңіл бөлініп, түйінді мәселелердің біртіндеп шешіліп жатқаны қуантады.
Еркебұлан БАЛАҒАНОВ,
Бексейіт орта мектебінің директоры.
Мамлют ауданы.