«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аңқау адамға алаяқ үйір

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақпараттық технология дамып, телекомму­никация мен байланыс құралдары жаңарған сайын қылмыстық әре­кет­тердің де түр-түрі пайда болуда. Бүгінде қыл­мыс­тық құқық бұзушы­лықтардың ішінде интернет-алаяқтық көш бастап тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 259 фактісі тіркел­ген. Мұндай заңсыздыққа барғандар Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер ауыр санаттағы құқық бұзушылық жасалса, 3 жылдан 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Облыстық полиция департа­ментінің криминалдық полиция бас­қармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мадияр Ха­рипов алаяқтардың құрығына тү­сетіндердің басым бөлігі қаржылық сауаттылығы төмен адамдар еке­нін айтады. Алаяқтардың жолын кесу үшін криминалдық полиция басқармасы 2023-2025 жылдарға арналған бағ­дарлама әзірлеген. Осы бағдар­ла­ма шеңберінде “Ки­берпол” қанат­қақ­ты жобасы қолға алынған. Жо­ба­ның мақсаты – құқық қорғау ор­гандарының екінші дең­гейдегі банк­­термен және мик­роқаржы ұйымда­рымен жедел өзара іс-қимылы, жәбірленуші адам­дардың ақ­шалай қаражаты аударылған шот­тарды бұ­ғаттау, сондай-ақ халық­тың қаржы­лық сауаттылығын арттыру.

Адамдар алаяқтардың сөздері­не тез иланып қалады. Күмәнді қаржылық жоба­лар арқылы оңай ақша тапқысы келеді. Қаржылық сауаттылығы аз халықты алаяқтар танымал бейне хостингтер мен әлеуметтік желі­лер­де кездесетін жо­балар арқылы тартады. Мыса­лы, интернет ар­қылы “ҚазМұнай­Газ” компаниясы­ның акцияларын сатып алуға ша­қыр­са, ол – алдау. Бұл схема бо­йынша жә­бірленуші бастапқыда аз ақша тө­лейді, ба­ғалы қағаздарға пайыздық мөл­шер­леменің өсуін жалған кес­те­лерден көреді. Алаяқ­тың мақса­ты – жәбірленушіні үлкен мөлшер­дегі ұтыстарға қызықтыру және көп ақша салдыру. Осы тәсіл­ге сенген петропавлдық тұрғын өз қолымен алаяқтың қалтасына 1,5 млн. тең­гені салып берген.

Облыстық полиция департа­ментінің криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Виталий Подчерниннің айтуынша, интернет желісіндегі алаяқтықтың жолын кесу үшін ха­лық арасында ақпараттық сауатты­лықты арттыру маңызды рөл ат­қарады. Полиция ма­мандары осы мақсатпен көпте­ген кездесу, жеке түсіндірулер жүр­гізуде. Сондай-ақ майор интернет-алаяқтардан қа­лай қорғану керек­тігін де айтты. Мә­селен, әртүрлі қаржылық жобалар­ға, бағалы қағаз­дар саудасына қа­тысқысы келген адам, ең алдымен, ереже­лерін мұ­қият оқып, компания ту­ралы пі­кірлерді тексеріп, ақпарат жинап, содан кейін барып қадам жасауы керек. Интернеттен тауар сатып ал­ғанда, оның қосарланған сайт емес, ресми парақша екеніне көз жеткізген жөн. Алаяқтар ұқсас сайттарды қолданып, тек ресурс­тың сипаттамасын өзгертіп, таны­мал банктердің логотиптерін, та­нымал брендтерді пайдаланады. Бұл – адамды алдаудың кең та­раған тә­сілдерінің бірі. Әлеуметтік желілер арқылы байланыс жасала­ды. Бейне қоңырау­ға хабарла­сы­ңыз және де­ректер сәйкес келетін-келмейтінін тексеріңіз. Өнім тура­лы, жеткі­зуші жайлы бар­лық пікір­лерді қа­раңыз. Егер сіз­ге банктен қоңырау шалып, кар­та­ңыз­бен бас­қа қалаға, өзге елге ақша ау­да­рылаты­нын айтып, ақшаны сақ­тандырыла­тын шот­қа аударуды ұсынса, де­ректе­ріңізді сұраса, де­реу банкіңіз­дің сенім телефонына қоңырау шалы­ңыз. Банктің бірде-бір қыз­мет­кері клиенттерге қоңы­рау ша­лып, құпия деректерге қызығушылық таныт­пайды. Шоттар ту­ра­лы мәліметтер, карта нөмірі жә­не картаның артын­дағы бақылау сан­дары – бұл банк құпиясымен қор­ғалған мәліметтер. Сіз ол ақпа­раттарды үшінші тұлғаға берсеңіз, сондай-ақ телефонға кел­ген коды бар SMS-ті хабарласа­ңыз, ақша­ңыз дереу банк карта­сынан алынады.

Банкоматтан ақша алу кезінде немесе төлем терминалдары ар­қылы операциялар жүргізгенде аза­маттар түбіртек немесе чектерін сол жерде қалдырады. Ол чектер­де адамның дерек­тері, ұялы теле­фон нөмірі, ЖСН, соңғы ауда­рым/толықтыру сомасы болуы мүм­кін. Осы ақпаратқа ие болған алаяқ сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде та­ныстыра оты­рып, сіз туралы бар­лық ақпаратты айтып, сеніміңізге кіре алады. Банктік операциялар жүргізгеннен кейін чектер мен тү­біртектерді бөгде адамдардың қо­лына тигізбеу керек.

Алаяқтардың құрбаны болған адам дереу жақын жердегі полиция бөліміне, 102 нөміріне хабарласып, барлық растайтын құжаттарды (хат-хабарлардың скриншоттары, дауыстық хабарламалар) көрсетуі қажет. Сонда көмек көрсетуге мүмкіндік болады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp