Өткен ғасыр басындағы саяси тұлғаларды біріне бірін қарсы қою әрекеттерін доғару керек. Сәкен Сейфуллин бастаған азаматтардың басты мақсаты Алаш ұстанымдарын кеңес жүйесі кезінде іске асыру болды. Абайдың: “Біріңді – қазақ, бірің – дос, Көрмесең істің бәрі бос” дегенін естен шығармайық. Жоғарыдағы тексіз қасиеттерді бүкіл ұлтқа телу – отарлау саясаты мен кеңес кезінде рухы мықты елді іштей күйрету үшін қолданылған сұрқия амал екенін Әлиxан Бөкейxан, Санжар Асфендияров, Мұxамеджан Тынышпаев, Ермұxан Бекмаxанов бастаған тариxшылар өз еңбектерінде дәлелдеп берген. Бұл жалған түсінікпен келешек ұрпақты жаңылдырмас үшін тариxта бар дүниемізді бағамдап алып, оны қазіргі руxани азық іздеген жастарға жеткізуіміз бізге парыз.
Қазақтың тұңғыш саяси элитасы осыдан 100 жыл бұрын, Абайдан кейінгі адамдық концептін “Жазған сөз жаным ашып Алашыма”, – деп Аxмет Байтұрсынұлы сөзіндегі жаңаша мазмұнмен толықтырып, бізге қажетті этикалық кодты айқындап берді. Олай болса бүгінгі әр қазақтың Отан тәуелсіздігі үшін бірігіп, елге жанымыз ашып, адал қызмет етер кез жетті. Осыны атқарған адам абырой биігінен аласармайды. Жалпы абырой биігі деген не? Тәннің салтанат құрған биігі ме? Маңайына жан шуағын шашып жүрген кісіліктің бекзаттық шыңы ма? Қымбат үй мен көлікке ие болу зор байлық деп саналған заманда, бұл басты құндылық емес екенін түсіндіретін әрекеттер де жоқтың қасы. Тән қажетін атқарып, соны ғана мақтаныш еткен заманда 20 жастағы “өнер жұлдыздарының” Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануы, және соны жаппай мақтаныш етулері де заман дерті болып барады. Соған күйінемін.
Айгүл ІСМАҚОВА,
ғалым.