Биыл өңірімізде 20175 баланы жазғы сауықтыру лагерімен тегін қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа бюджеттен 92,5 млн теңге бөлінді.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бюджет есебінен сауықтыру лагеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 10816, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 771, әртүрлі салада жетістікке жеткен 7074, девиантты мінез-құлқы бар 1514 оқушы бармақ.
Бұдан басқа республикалық бюджеттен балалардың демалысын ұйымдастыруға 352 квота бөлінді. Бір күні 12 мың теңге тұратын “Балдәуренге” – 282 жасөспірім, күні 13600 теңге болатын “Бөбекке” 70 бала барады. Сонымен қатар Петропавлдағы “Солнечный” сауықтыру орталығында 750 бала денсаулығын түземек.
Жалпы бүгінде облыс аумағында 14 демалыс лагері бар, биыл оның 11-і балаларға есігін айқара ашпақ.
Жазғы лагерьлерді мамандар 6 маусым күні қабылдап алмақ. Оған дейін нысандарда жөндеу жүргізіледі.
Сауықтыру лагерьлер балаларды 10-17 маусым аралығына қабылдауды жоспарланған. Әрқайсысы 10 күнге созылатын 5 сауықтыру маусымы болады деп күтілуде.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.