«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оңтайлы шешім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамда қызу талқыға түсіп отыр­ған өзекті мәселелердің бірі – ауыл мектебінің жағдайы. Облыстағы мектептердің басым көпшілігі ауыл­дық жерде орналасқан, яғни шағын жинақты білім ошақтарына жатады. Олардың саны – 352, жалпы орта білім беретін мектептердің 77,5 пайызын құрайды. Осыдан кейін ауыл мен қала мектептерінің білім сапасында алшақтық орын алма­ған­да қайтеді. Менің ойымша, түйткілді мәселені оңтайлы шешудің бір жолы – мемлекет тарапынан қолдау тапқан “Тірек мектебі – магнитті мектептер” жобасына басымдық беру. Өңірде тірек және магнитті мектеп кешені кеңінен қанат жайып келеді. Бүгінде олардың саны тиісінше 28 және 67.

Шағын жинақты мәртебесі бар Бексейіт мектебінің осы жүйеге көш­ке­ніне біраз болды. Магнитті мектеп аудан орталығынан 50 шақырым қа­шықтықта орналасқан. Онда 64 оқу­шы білім алады. 25 мұғалімнің 16 па­йызы – педагог-зерттеуші, 28 пайызы педагог-сарапшы, 3 жас маман “Сер­пін” бағдарламасымен келген. Мек­теп жабылудың алдында тұрғанда “Уа­қытша отбасы” жобасы шеңберін­де 4 отбасы 5 баланы өз қамқор­лығына алды.

2022-2023 оқу жылында күзгі, көк­темгі, қысқы сессиялық және сес­сияаралық шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылды. Оқу сессиясы бас­талмас бұрын тірек және магнитті мек­тептер әкімшілігінің отырысы өткізі­ліп, алдағы оқу жылының сабақ кес­тесі, педагогтардың құрамы талқы­ланып, бекітілді. Ал сессия кезінде тә­жірибелі ұстаздар тірек мектебінде са­бақ өткізіп, әріптестерімен өзара тәжі­рибе алмасты. Бұл үрдіс оқу жылы бойы жүргізіледі. Оның ішінде семи­нар­лар, кәсіби қоғамдастық, шебер­лік сыныптары, түрлі байқау-сайыс­тар кеңінен қамтылады. Осын­дай ын­тымақтастық өз жемісін беріп келеді. Атап айтқанда, педагогтардың бел­сен­дігі мен кәсіби шеберлігі ар­тып, инновациялық жобаларға тар­тылды. Ата-аналармен байланыс жол­ға қо­йылды. Педагогтардың зерт­теу дағ­дыларын қалыптастыру мақ­сатымен “Сабақты зерттеу топтары” құрылған. Ақыл-ой мен білім көк­жиегін кеңейте­тін “Ұшқыр ой алаңы” дебаттық қоз­ғалысына қатысушы­лардың қарасы қалың. “Оқуға құштар мектеп” жобасы шеңберінде “1 ай – 1 кітап”, қазақтың дәстүрлі әндерін жаңғыртуда “Қазақ­тың 100 әні”, бұдан бөлек, “Мақал-мәтелдер – тәрбие бас­тауы”, “Мектеп парламенті” жоба­лары жұмыс істейді. “Microsoft Teams” бағдарламасы бойынша 4 мұғалім біліктілігін жетіл­діріп келді. “Мың бала” олимпиада­сы­на қатысқан екі оқу­шымыз жеңімпаз атанып, маман­дандырылған мектеп­терге жолдама алды. Алғаш рет 26 сәуір мен 12 ма­мыр аралығында өт­кен білім сапасын және оқу дағдыла­рын анықтауға ар­налған тестілеуде 3-сынып оқушы­лары – 55, 7-сынып оқу­шылары 61,7 пайыз көрсеткішке ие болды. Об­лыстық және республика­лық деңгей­де ұйымдастырылған I Ұлт­тық “Les­son Study” конференция­сын­да “Са­бақты зерттеу арқылы шағын жинақ­ты мектеп педагогтарының әлеуетін арттыру” атты тақырыпқа ұстаздары­мыз белсене қатысты. Білім алушылар “Шамшырақ” дебат клубы тур­нирінде екінші орын алды. Ұлттық дебат турнирінің облыстық кезеңінде де жүлделі екінші орынды иеленіп, республикалық сайыста бақ сынады. 2020 жылы бір мектеп түлегі ректор грантын ұтып алды. 2022 жылғы ҰБТ нәтижесі бойынша мек­тептің орташа балы 84,4 пайыз бол­ды. Барлық 9 тү­лек жоғары оқу орын­дарының гран­тын ұтып алды.

Дегенмен оқу-тәрбие және жалпы ұйымдастыру жұмыстарында түйткіл­ді мәселелер жоқ емес. Олар – бе­йінді оқыту үдерісінде қажетті арнайы жабдықталған оқу зертханаларының, пәндік кабинеттерінің лайықталып жабдықталмағаны, жаратылыстану-математикалық бағытта сабақ өткі­зетін педагогтардың жетіспеу­шілігі, IT маманының тапшылығы, біріктірілген сыныптарда кезде­сетін қиындықтар, сессия кезеңінде тірек мектеп педа­гогтары ынтасының төмен болуы, үстемақы төлеу мәсе­лесіндегі түйт­кілдер. Сондықтан ауыл­дық жерлер­дегі мектептерге әр пән бойынша кабинеттердің, за­манауи кешенді зертханалардың бо­луын қалаймыз. Жаратылыстану-математика бағы­тын­дағы мамандар сағаттың азды­ғына байланысты көр­ші­лес ауыл­дарға қатынап, “мобильді педагог” қызметін атқаруға мәжбүр. Оның ше­шімі қарапайым – жоғары жә­не кәсіби білім беру ұйымдарында ша­ғын жи­нақты мектептерге арналған қосар­ланған кадрлар даярлау, бірік­тірілген сыныптарда оқыту әдістемесі курсын қарастыру.

Ең бастысы, ауыл мектептеріне көңіл бөлініп, түйінді мәселелердің біртіндеп шешіліп жатқаны қуантады.

Еркебұлан БАЛАҒАНОВ,

Бексейіт орта мектебінің директоры.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp