«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Сөздерінде жалын бар…”

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына орай оқушылар айтысы өтті. Жас дарындардың жыр бәйгесіне өңірдің үш ауданы мен облыс орталығының білім ордаларынан 12 оқушы қатысты. Жыр додасын Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебі ұйымдастырды.

Сөз сайысын жүргізген айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы облыстық филиалының же­тек­шісі Жарқын Жұпархан соңғы жылдары өңірде жас ақындарды қол­дау қарқынының артып келе жатқа­нын айтады. Бұған жыл басынан бері өтіп келе жатқан жыр мүшәй­ралары, мәнерлеп оқу байқаулары мен үлкенді-кішілі айтыстар дәлел. Арда өнеріміздің жарқ етер болашақ жүйріктері осындай додалардан ірік­теліп шығары анық. Бұл шаралар­дың көрермендері де жырмен су­сын­дап, ұлттық құндылықтарға терең бойлайды.

“Сөздерінде жалын бар…” атты ай­тыстың алғашқы жұбы болып сахна төріне Сұлтан Жарқынұлы мен Бекарыс Әділжан көтерілді. Сұлтан бұрыннан жыр бәйгелерінде көзге түскен өрен болса, Бекарыс сахнаға алғаш шығып отыр. Одан кейін шыққан жұптар да сүйкімді сөздерімен, балаң жырла­рымен қошеметке бөленді.

– Айтыс – қазақтың байырғы өне­рі. Бүгінгі бүлдіршіндердің текті өнердің табалдырығын аттап, сах­на­ға шығуы – қолдайтын бастама. Та­лапкерлердің болашақта ұлтымыз­дың асыл құндылықтарын насихат­тайтын азаматтар атанарына сенемін, – дейді сайыс төрешісі, сазгер Дәстен Баймұқанов.

Жас дарындардың өнерін қазы­лар алқасының мүшесі, еңбек арда­гері Таңат Бейсембаев пен ақын Жұ­мабек Рахимов те жоғары бағалады.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Бәйтерек орта мектебі­нің оқушысы Сұлтан Жарқынұлы ие­ленді. Өзге де қатысушылар мара­патталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp