“Жылдың үздік әкімі” атты республикалық энциклопедиялық байқауына қатысқан Новоишим ауылдық округінің әкімі Әділжан Букпин жеңімпаз атанып, “Білім өркениеті” ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды.
Әділжан Мұратұлы айтулы додада бағын сынап, өзі жетекшілік ететін округтің тыныс-тіршілігі туралы эссе жазды. Энциклопедияны жинақтау жөніндегі ұйымдастыру алқасы оның жұмысын республикалық энциклопедияға әбден лайық, елді мекендерде қолға алынып жатқан игі шаралар жан-жақты талданып, сараланған деген жоғары баға берген. “Жеткен жетістігіміз, торқалы табысымыз туған жеріне жанашыр әрбір азаматтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін. Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, Новоишим үшін де берекелі, ырысты оқиғаларды арқау ете отырып, нар тұлғалы еңбеккерлердің ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге тырыстым”, – деген Әділжан Букпиннің сөз саптауынан мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін, ұшқыр ойын, ұтқыр шешімін танығандай болдық. Ол күнделікті қызметінде өңір дамуының тиімді тұстары мен нақты қадамдарын әркез қадағалап, тиімдісін керегіне жаратып отырады.
Әділжан Букпин – мамандығы бойынша қаржыгер. Алғашқы еңбек жолын “Элеватор Целинный-2006” ЖШС-дан бастады. Әр жылдары түрлі қызметтің басын қайырған ол үлгілі тәртібі, қоғамдық белсенділігі, сеніп тапсырылған міндетіне адалдығы үшін аудан әкімінің құрылыс және пайдалану мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметіне шақырылды. Осы салада тәжірибесін шыңдап, мемлекеттік қызметке кәсіби түрде төселген соң аудан әкімінің төтенше жағдайлар, азаматтық қорғау және жұмылдыру дайындығы жөніндегі көмекшісі қызметіне тағайындалды. Көктемгі су тасқыны кездерінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою шараларына тікелей атсалысты.
Ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлік қасиеттері ескеріліп, Новоишим ауылдық округі әкімінің орынбасары, сосын әкімі қызметіне лайық деп танылды.
“Жас келсе – іске” демей ме бабаларымыз. Орда бұзар жасында “Жылдың үздік әкімі” атанып, ауданымыздың абыройын арттырған Әділжан Мұратұлының қадамы нық боларына сенімдіміз.
Шолпан САЛЫҚОВА.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.