Облысымыздың 9 ауданында туляремияның табиғи ошағы орналасқан. Ал сібір жарасы дерті тарауы мүмкін қолайсыз 161 орын бар. Қауіпті аурулардың алдын алу үшін жылда өңірде жануарлар мен құстар жиі шалдығатын 10 дертке және 3 энзоотиялық ауруға қарсы екпе жүргізіледі. Биыл да бес миллионнан астам мал-құсқа қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина егілмек. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженованың бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 25 жыл. Білікті маманмен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Толқын Шериязданқызы, қандай аурулар аса қауіпті инфекцияларға жатады? Солар туралы айтып берсеңіз.
– Аса қауіпті инфекциялар – үлкен аумақтарға тез таралатын және адамдардың басым бөлігіне зиян келтіретін, жануарлардан жануарларға, адамнан адамға жұғатын аурулар. Яғни эпидемия тудыратын инфекцияларға – сібір жарасы немесе күйдіргі, сарып, туляремия, құтырма, лептоспироз, листериоз, Конго-Қырым гемаррагиялық қызбалары жатады. Мен аса қауіпті инфекция тіркелген жағдайда оның дер кезінде есепке алынуын, ошақтардың тексерілуін қадағалаймын. Эпидемиологиялық талдаулар жүргізу, аса қауіпті инфекциялардың алдын алу шараларын ұйымдастыру, медицина және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандарына семинарлар ұйымдастырып өткізу де менің міндетім саналады.
– Біздің облысымызда қандай қауіпті инфекциялардың ошағы бар, олар қайда орналасқан?
– Өңіріміздің 9 ауданы туляремияның табиғи ошақтарында орналасқан. Туляремия – лимфа түйіндерін, кейде көз, өкпені зақымдауы мүмкін. Бұл – маусымдық дерт. Инфекцияны жаз бен күз айларында жұқтыру қаупі зор. Инфекцияның негізгі көзі – кеміргіштер: ондатрлар, егеуқұйрықтар, тышқандар, қояндар. Сондай-ақ кене және қан соратын жәндіктерден де жұғуы мүмкін. Аңшылар, фермерлер, тері дайындаушылар, мал соятындар ауру жануарлармен байланыста болған кезде жұқтыруы мүмкін. Сапасыз дайындалған тамақ пен ластанған су арқылы жаппай таралу қаупі бар. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы шамамен 1-20 тәулікті құрайды, көбінесе 3-7 тәулік. Әдетте ауру жедел басталады, интоксикация, қалтырау, дене қызуының көтерілуі, дененің ауырсынуы, бас ауруы, әлсіздік пайда болады. Бет және мойын терісі қызарады. Бөртпе пайда болады, ол 8-12-ші күнге дейін қабыршақтанады, одан кейін тері пигментациясы қалуы мүмкін. Туляремия инфекциялық стационар жағдайында емделеді. Онымен ауырғандарда тұрақты иммунитет пайда болады. Өңірде бұл ауру бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.
– Өңірімізде бруцеллез жұқтырған мал анықталып, олардың көздері жойылып жатады. Бұл ауру адамға қаншалықты қауіпті?
– Бұл ауруды бруцелла микробтары тудырады. Онымен барлық үй жануарларлы ауырады. Аталмыш дерт адамға малдан жұғады. Бір ескере кететін жайт, қой мен ешкі сарыптың ауыр түрін таратады, ал ірі қарадағы сарып қоздырғышы адам үшін аса қауіпті емес, ауру жеңіл өтеді. Адамдарда ауру жұқпа жұқтырғаннан соң 2-3 аптадан кейін пайда болады. Инфекция жұқтырған науқаста бірінші күндері дене қызуы жоғарылайды, қалтырау, терлеу, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі болады. Содан соң бас ауруы, ұйқысыздық, тәулік бойына дене қызуының көтерілуі байқалады. Сарыпта көбіне буындар зардап шегеді, ауырсыну пайда болады, ісінеді. Көбіне радикулит, невритке ұласады. Адамдар үшін тек қана ауру жануарлар қауіпті емес, олардан алынатын шикізат және тағамдар, әсіресе шикі сүт, ет, жүн және тері, сонымен қатар жемшөп, су, топырақ та қауіпті. Адам үшін ең қауіпті кез – ауру жануарлардың төлдеу, қоздау уақыты. Бұл кезеңде микробтар көп мөлшерде төлмен, шуымен және зәрмен бөлінеді. Инфекция ауыз, мұрын және көз, зақымданған тері арқылы, сарыппен ауыратын жануарларды сою және ауру малды күтіп-бағу кезінде жұғады. Сарып ауруын жұқтыру қаупін азайту үшін ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алғанда, ветеринарлық құжаттарын талап ету керек. Тағамдарды арнайы орындардан ғана сатып алған жөн. Сүтті міндетті түрде қайнатып ішу керек.
– Сібір жарасын жұқтыру дерегі облысымызда бұрын-соңды тіркелген бе? Бізде оның ошағы бар ма?
– Сібір жарасы соңғы рет Ақжар ауданында 2021 жылы тіркелді. Ер адам мал сойған кезде ауру жұқтырып алған. Науқаста инфекцияның терілік формасы анықталды, ол толықтай емделіп, сауығып шықты. Қазақстан Республикасындағы күйдіргі бойынша стационарлық-қолайсыз пункттердің кадастрына сәйкес облыс аумағында 2018 жылға дейін ондай пункттер саны 149 болса, қазір ауру ошақтарының саны 161-ге жеткен.
Сібір жарасы – жануарлар мен адамдардың аса қауіпті жұқпалы ауруы, көбінесе оның соңы өліммен аяқталады. Сібір жарасының қоздырғышы – бактерия оттегіге жеткен кезде споралар түзеді. Жануарлар сібір жарасын қоздырғышы бар топырақтан және шөптен жұқтырады, бұл ауруды тудыратын микробтар онда бірнеше жылдар бойы сақталуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда көбейеді. Адамдар күйдіргіні ауру малдардан жұқтырады. Сібір жарасы адамнан адамға берілмейді. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан бір аптаға дейін, көбінесе 2-3 күнге созылады. Көбінесе адамдар ауру жануарларды күту, оларды сою және ет өңдеу кезінде, ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтамаған жағдайда жануарлардың терісінен, жүнінен жұқтыруы мүмкін. Адам күйдіргі жұқтырғанда оның дене қызуы бірден 39-40°C дейін көтеріледі. Аурудың бактериясы терінің кесілген, сызаттары бар, жырылған жеріне түсіп, жаралар пайда болады, өкпе тұсы ауырып, ентігеді, қанды қақырық түсіп, пневмонияға ұласады. Іші өтіп, қанды диарея, құсу, метеоризм болуы мүмкін.
– Қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу үшін мамандарға қандай міндеттер жүктелген?
– Біздің облыста аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктерінде тырысқақ бойынша қолайсыз елдерден келгендерге санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Жыл сайын жіті ішек аурулары мен тырысқақ бойынша эпидемиологиялық маусымда тырысқақтың әкелінуін, таралуын болдырмау мақсатында облыста суға және сыртқы орта нысандарына тырысқақ вибриондарына үнемі зерттеу жүргізіледі. Ішек ауруына шалдыққан адамдардың материалдарына зертханалық зерттеу жасалады, этиологиясы белгісіз жұқпалы аурудан көз жұмған адамдардың мәйітінен алынған материалдар зерттеледі. Инфекциялық стационарлардың науқастарды қабылдауға дайындығы, олардың уытсыздандыру, регидратациялау жəне ерекше терапия құралдарымен, бактерияға қарсы препараттармен жарақтандырылуын қадағалау жүзеге асырылады жəне консультативтік кеңестер беріліп отырады. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Туляремияның алдын алу мақсатында наурыз, сәуір айларында жылдық жоспарға сәйкес табиғи ошақтардың аумағында тұратындарға, сондай-ақ мамандығына байланысты жұқтыру қаупі бар адамдарға екпелер салынады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.