Ақпараттық технология дамып, телекоммуникация мен байланыс құралдары жаңарған сайын қылмыстық әрекеттердің де түр-түрі пайда болуда. Бүгінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде интернет-алаяқтық көш бастап тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 259 фактісі тіркелген. Мұндай заңсыздыққа барғандар Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігіне сәйкес 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер ауыр санаттағы құқық бұзушылық жасалса, 3 жылдан 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мадияр Харипов алаяқтардың құрығына түсетіндердің басым бөлігі қаржылық сауаттылығы төмен адамдар екенін айтады. Алаяқтардың жолын кесу үшін криминалдық полиция басқармасы 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама әзірлеген. Осы бағдарлама шеңберінде “Киберпол” қанатқақты жобасы қолға алынған. Жобаның мақсаты – құқық қорғау органдарының екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен жедел өзара іс-қимылы, жәбірленуші адамдардың ақшалай қаражаты аударылған шоттарды бұғаттау, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру.
Адамдар алаяқтардың сөздеріне тез иланып қалады. Күмәнді қаржылық жобалар арқылы оңай ақша тапқысы келеді. Қаржылық сауаттылығы аз халықты алаяқтар танымал бейне хостингтер мен әлеуметтік желілерде кездесетін жобалар арқылы тартады. Мысалы, интернет арқылы “ҚазМұнайГаз” компаниясының акцияларын сатып алуға шақырса, ол – алдау. Бұл схема бойынша жәбірленуші бастапқыда аз ақша төлейді, бағалы қағаздарға пайыздық мөлшерлеменің өсуін жалған кестелерден көреді. Алаяқтың мақсаты – жәбірленушіні үлкен мөлшердегі ұтыстарға қызықтыру және көп ақша салдыру. Осы тәсілге сенген петропавлдық тұрғын өз қолымен алаяқтың қалтасына 1,5 млн. теңгені салып берген.
Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Виталий Подчерниннің айтуынша, интернет желісіндегі алаяқтықтың жолын кесу үшін халық арасында ақпараттық сауаттылықты арттыру маңызды рөл атқарады. Полиция мамандары осы мақсатпен көптеген кездесу, жеке түсіндірулер жүргізуде. Сондай-ақ майор интернет-алаяқтардан қалай қорғану керектігін де айтты. Мәселен, әртүрлі қаржылық жобаларға, бағалы қағаздар саудасына қатысқысы келген адам, ең алдымен, ережелерін мұқият оқып, компания туралы пікірлерді тексеріп, ақпарат жинап, содан кейін барып қадам жасауы керек. Интернеттен тауар сатып алғанда, оның қосарланған сайт емес, ресми парақша екеніне көз жеткізген жөн. Алаяқтар ұқсас сайттарды қолданып, тек ресурстың сипаттамасын өзгертіп, танымал банктердің логотиптерін, танымал брендтерді пайдаланады. Бұл – адамды алдаудың кең тараған тәсілдерінің бірі. Әлеуметтік желілер арқылы байланыс жасалады. Бейне қоңырауға хабарласыңыз және деректер сәйкес келетін-келмейтінін тексеріңіз. Өнім туралы, жеткізуші жайлы барлық пікірлерді қараңыз. Егер сізге банктен қоңырау шалып, картаңызбен басқа қалаға, өзге елге ақша аударылатынын айтып, ақшаны сақтандырылатын шотқа аударуды ұсынса, деректеріңізді сұраса, дереу банкіңіздің сенім телефонына қоңырау шалыңыз. Банктің бірде-бір қызметкері клиенттерге қоңырау шалып, құпия деректерге қызығушылық танытпайды. Шоттар туралы мәліметтер, карта нөмірі және картаның артындағы бақылау сандары – бұл банк құпиясымен қорғалған мәліметтер. Сіз ол ақпараттарды үшінші тұлғаға берсеңіз, сондай-ақ телефонға келген коды бар SMS-ті хабарласаңыз, ақшаңыз дереу банк картасынан алынады.
Банкоматтан ақша алу кезінде немесе төлем терминалдары арқылы операциялар жүргізгенде азаматтар түбіртек немесе чектерін сол жерде қалдырады. Ол чектерде адамның деректері, ұялы телефон нөмірі, ЖСН, соңғы аударым/толықтыру сомасы болуы мүмкін. Осы ақпаратқа ие болған алаяқ сізге қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыра отырып, сіз туралы барлық ақпаратты айтып, сеніміңізге кіре алады. Банктік операциялар жүргізгеннен кейін чектер мен түбіртектерді бөгде адамдардың қолына тигізбеу керек.
Алаяқтардың құрбаны болған адам дереу жақын жердегі полиция бөліміне, 102 нөміріне хабарласып, барлық растайтын құжаттарды (хат-хабарлардың скриншоттары, дауыстық хабарламалар) көрсетуі қажет. Сонда көмек көрсетуге мүмкіндік болады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.