Диас Аяған
Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың мерейтойына орай оқушылар айтысы өтті. Жас дарындардың жыр бәйгесіне өңірдің үш ауданы мен облыс орталығының білім ордаларынан 12 оқушы қатысты. Жыр додасын Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебі ұйымдастырды.
Сөз сайысын жүргізген айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы облыстық филиалының жетекшісі Жарқын Жұпархан соңғы жылдары өңірде жас ақындарды қолдау қарқынының артып келе жатқанын айтады. Бұған жыл басынан бері өтіп келе жатқан жыр мүшәйралары, мәнерлеп оқу байқаулары мен үлкенді-кішілі айтыстар дәлел. Арда өнеріміздің жарқ етер болашақ жүйріктері осындай додалардан іріктеліп шығары анық. Бұл шаралардың көрермендері де жырмен сусындап, ұлттық құндылықтарға терең бойлайды.
“Сөздерінде жалын бар…” атты айтыстың алғашқы жұбы болып сахна төріне Сұлтан Жарқынұлы мен Бекарыс Әділжан көтерілді. Сұлтан бұрыннан жыр бәйгелерінде көзге түскен өрен болса, Бекарыс сахнаға алғаш шығып отыр. Одан кейін шыққан жұптар да сүйкімді сөздерімен, балаң жырларымен қошеметке бөленді.
– Айтыс – қазақтың байырғы өнері. Бүгінгі бүлдіршіндердің текті өнердің табалдырығын аттап, сахнаға шығуы – қолдайтын бастама. Талапкерлердің болашақта ұлтымыздың асыл құндылықтарын насихаттайтын азаматтар атанарына сенемін, – дейді сайыс төрешісі, сазгер Дәстен Баймұқанов.
Жас дарындардың өнерін қазылар алқасының мүшесі, еңбек ардагері Таңат Бейсембаев пен ақын Жұмабек Рахимов те жоғары бағалады.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Бәйтерек орта мектебінің оқушысы Сұлтан Жарқынұлы иеленді. Өзге де қатысушылар марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.