«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПТІ ИНФЕКЦИЯДАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымыздың 9 ауданында туляремияның табиғи ошағы орналасқан. Ал сібір жарасы дерті тарауы мүмкін қолайсыз 161 орын бар. Қауіпті аурулардың алдын алу үшін жылда өңірде жануарлар мен құстар жиі шалдығатын 10 дертке және 3 энзоотиялық ауруға қарсы екпе жүргізіледі. Биыл да бес миллионнан астам мал-құсқа қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина егілмек. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды қадағалау бөлімінің бас маманы Толқын Қаженованың бұл салада еңбек етіп келе жатқанына 25 жыл. Білікті маманмен болған әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Толқын Шериязданқызы, қан­дай аурулар аса қауіпті ин­фек­цияларға жатады? Солар ту­ралы айтып берсеңіз.

– Аса қауіпті инфекциялар – үл­кен аумақтарға тез таралатын және адам­дардың басым бөлігіне зиян кел­тіре­тін, жануарлардан жануарларға, адам­нан адамға жұғатын ау­рулар. Яғни эпидемия тудыратын инфекция­ларға – сібір жарасы не­месе күйдіргі, сарып, туляремия, құ­тырма, лептос­пи­­роз, листериоз, Кон­го-Қырым ге­мар­ра­­гия­лық қыз­ба­лары жатады. Мен аса қауіпті ин­фекция тіркелген жағдайда оның дер кезінде есепке алынуын, ошақ­­тардың тексерілуін қадағалай­мын. Эпидемиологиялық талдаулар жүргізу, аса қауіпті инфек­циялардың алдын алу шараларын ұйым­дастыру, медицина және аумақ­тық санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылау басқар­ма­ларының маман­дарына семинар­лар ұйымдасты­рып өткізу де менің мін­детім са­налады.

– Біздің облысымызда қан­дай қауіпті инфекциялардың оша­ғы бар, олар қайда орналасқан?

– Өңіріміздің 9 ауданы туля­ре­мияның табиғи ошақтарында орна­лас­­қан. Туляремия – лимфа түйін­де­рін, кейде көз, өкпені зақымдауы мүм­кін. Бұл – маусымдық дерт. Ин­фек­цияны жаз бен күз айларында жұқты­ру қаупі зор. Инфекцияның не­гізгі көзі – кемір­гіш­тер: ондатрлар, егеуқұй­рық­тар, тышқандар, қоян­дар. Сон­дай-ақ кене және қан сора­тын жәндік­терден де жұғуы мүмкін. Аңшылар, фермерлер, тері дайын­даушылар, мал соятындар ауру жануарлармен байланыста бол­ған кезде жұқтыруы мүмкін. Сапасыз дайындалған тамақ пен ластанған су арқылы жаппай таралу қаупі бар. Инку­бациялық ке­зеңнің ұзақты­ғы шама­мен 1-20 тәу­лікті құрайды, көбінесе 3-7 тәулік. Әдет­те ауру же­дел басталады, ин­токсикация, қал­тырау, дене қызуы­ның көтерілуі, де­ненің ауырсынуы, бас ауруы, әлсіз­дік пайда болады. Бет және мойын терісі қызарады. Бөртпе пайда бо­лады, ол 8-12-ші күнге дейін қабыр­шақтанады, одан кейін тері пиг­мен­та­циясы қалуы мүмкін. Туляре­мия инфекциялық стационар жағда­йын­да емделеді. Онымен ауырған­дар­да тұрақты иммунитет пайда бо­ла­ды. Өңірде бұл ауру бойынша эпи­де­миологиялық ахуал тұрақты.

– Өңірімізде бруцеллез жұқтырған мал анық­талып, олардың көздері жойы­лып жатады. Бұл ауру адамғ­а қаншалық­ты қауіпті?

– Бұл ауруды бруцелла микроб­та­ры тудырады. Онымен барлық үй жан­уарларлы ауырады. Аталмыш дерт адам­ға малдан жұғады. Бір ескере кете­тін жайт, қой мен ешкі са­рыптың ауыр түрін таратады, ал ірі қарадағы сарып қоздырғышы адам үшін аса қауіпті емес, ауру жеңіл өтеді. Адам­дарда ауру жұқпа жұқ­тыр­ғаннан соң 2-3 аптадан кейін пай­да болады. Инфек­ция жұқтыр­ған науқаста бірінші күнде­рі дене қызуы жоғарылайды, қалты­рау, терлеу, әлсіздік, тәбеттің төмен­деуі болады. Содан соң бас ауруы, ұй­қысыздық, тәулік бойына дене қызуының көтерілуі байқалады. Са­рып­та кө­біне буындар зардап ше­геді, ауыр­сыну пайда болады, ісі­неді. Көбіне ра­дикулит, невритке ұласады. Адамдар үшін тек қана ауру жануар­лар қауіпті емес, олар­дан алынатын шикізат және тағам­дар, әсіресе шикі сүт, ет, жүн және тері, соны­мен қатар жемшөп, су, топырақ та қауіпті. Адам үшін ең қауіпті кез – ауру жануарлар­дың төлдеу, қоздау уақыты. Бұл кезеңде микробтар көп мөлшерде төлмен, шуымен және зәрмен бөлі­не­ді. Инфекция ауыз, мұрын және көз, за­қым­дан­ған тері арқылы, сарыппен ауыра­тын жануарларды сою және ауру мал­ды күтіп-бағу кезінде жұ­ғады. Сарып ауруын жұқтыру қаупін азайту үшін ауыл шаруашылығы жа­нуарларын са­тып алғанда, ветери­нарлық құжат­та­рын талап ету керек. Тағамдарды ар­найы орындардан ғана сатып алған жөн. Сүтті міндетті түрде қайнатып ішу керек.

– Сібір жарасын жұқтыру дерегі облысымызда бұрын-соң­ды тір­кел­ген бе? Бізде оның оша­ғы бар ма?

– Сібір жарасы соңғы рет Ақжар ауданында 2021 жылы тіркелді. Ер адам мал сойған кезде ауру жұқ­тырып алған. Науқаста инфек­цияның те­рілік формасы анықтал­ды, ол то­лық­тай емделіп, сауығып шықты. Қа­зақ­стан Республикасын­дағы күйдіргі бо­йынша стационар­лық-қолайсыз пункт­­тердің кадас­трына сәйкес об­лыс ау­мағында 2018 жылға дейін он­дай пункттер саны 149 болса, қазір ауру ошақтарының саны 161-ге жеткен.

Сібір жарасы – жануарлар мен адамдардың аса қауіпті жұқпалы ау­руы, көбінесе оның соңы өліммен аяқ­талады. Сібір жарасының қоз­дырғы­шы – бактерия оттегіге жет­кен кезде споралар түзеді. Жа­нуарлар сібір жа­расын қоздырғышы бар­ топырақтан және шөптен жұқтырады, бұл ауруды тудыратын микробтар онда бірнеше жылдар бойы сақталуы мүмкін және белгілі бір жағдайларда көбейеді. Адамдар күйдіргіні ауру малдардан жұқтыра­ды. Сібір жарасы адамнан адамға берілмейді. Инкубациялық кезең бір­неше сағаттан бір аптаға де­йін, кө­бінесе 2-3 күнге созылады. Көбі­несе адамдар ауру жануарлар­ды күту, оларды сою және ет өңдеу кезінде, ветеринарлық-санитарлық ережелер­ді сақтамаған жағдайда жа­нуарлардың терісінен, жүнінен жұқ­ты­руы мүм­кін. Адам күйдіргі жұқ­тыр­ғанда оның дене қызуы бірден 39-40°C дейін көте­ріледі. Аурудың бактериясы терінің кесілген, сызат­тары бар, жырылған жеріне түсіп, жаралар пайда болады, өкпе тұсы ауырып, ентігеді, қанды қақырық тү­сіп, пнев­мо­нияға ұласады. Іші өтіп, қанды диа­рея, құсу, метео­ризм болуы мүмкін.

– Қауіпті инфекциялық ауру­лардың алдын алу үшін маман­дарға қандай міндеттер жүктел­ген?

– Біздің облыста аса қауіпті ин­фекциялар бойынша эпидемио­логия­лық ахуал тұрақты. Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік шекара­сындағы өткізу пунктерінде тырыс­қақ бойынша қолайсыз елдерден келген­дерге санитарлық-каран­тиндік бақы­лау жүр­гізіледі. Жыл сайын жіті ішек аурулары мен ты­рысқақ бойынша эпидемиоло­гия­лық маусымда ты­рысқақ­т­ың әкелі­нуін, таралуын болдырмау мақса­тын­да облыста суға және сыртқы орта нысандарына тырысқақ виб­рионда­рына үнемі зерттеу жүргізі­леді. Ішек ауруына шалдыққан адам­дардың ма­те­риалдарына зерт­ханалық зерттеу жа­салады, этио­логиясы белгісіз жұқ­палы ауру­дан көз жұмған адамдар­дың мәйіті­нен алынған материалдар зерт­те­ле­ді. Инфекциялық стационарлар­дың науқас­тарды қабылдауға да­йындығы, олар­дың уытсызданды­ру, регидратация­лау жəне ерекше тера­пия құралдарымен, бактерияға қарсы препараттар­мен жарақтан­ды­рылуын қадағалау жүзеге асы­рылады жəне консульта­тив­тік ке­ңестер беріліп оты­ра­ды. Тұр­ғындар арасында ақпарат­тық-түсін­дір­ме жұмыстары тұрақты жүргізі­леді. Туляремияның алдын алу мақса­тында наурыз, сәуір айларында жылдық жоспарға сәйкес табиғи ошақ­тардың аумағында тұра­тын­дар­ға, сондай-ақ мамандығына байланысты жұқтыру қаупі бар адамдарға екпелер салы­нады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp