«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨСЕМ СӨЗДІҢ КЕНШІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұрағат – руханияттың, арғы-бергі тарихтың қазыналы қайнары. Ел кеніші, талайғы тарихтың көм­бесі, көпшіліктің қымбат мұрасы. Белгілі қаламгер Һәм архивтанушы С.Байжановтың: “Архив дегеніміз тарихи материал, өткен өмірдің деректі ескерткіші. Ол өткендегі өмір құбылыстарын, бастан кешкен тарихты, дипломатиялық қарым-қатынастарды, саяси-қоғамдық, эко­номикалық өмірдің алуан-алуан құбылыстарын зерттеу үшін сақта­лады”, – деп жазуында үлкен мән, зор шындық бар.

Жақында Қазақстан Республи­касының Ұлттық архивінде фило­логия ғылымда­рының докторы, про­­фессор, қасиетті Қызылжар өңі­рі­нің тумасы Серік Негимовтің “Кө­сем сөздің кеншісі” атты жеке қоры­ның ашылуы және Мәскеудегі “Ху­дожественная литература” баспа­сы­нан жарық көрген “Мәлік Ғабдул­лин” кітабының таныстырылымы өтті.

Іс-шара барысында Ұлттық ар­хив директоры Сағила Нұрланова белгілі ғалымның өмірі мен ұстаз­дық қызметіне, шығармашылы­ғы­на жан-жақты тоқталып, жиынның маңызын, мұрағат тарихы мен та­ғылымын, бірқатар іс-тәжірибені атап өтті. Жеке қордың мәні мен ма­ңызына, қоғамдық Һәм көпшілікке қатысты тұстарына да кең түрде тоқ­талды. Одан кейін көпшілік ал­дында қор иесіне салтанатты түрде сертификат табыс етті.

Серік Нығметоллаұлы ұлттық архивке 1065 құжат тапсырды. Бұл құнды мате­ралдарда өткен ғасыр­дың 30-шы жылдарынан бастап бүгінге дейінгі, Кеңес Одағының Ба­тыры, көрнекті ғалым, жазушы Мә­лік Ғабдуллин, Әлкей Марғұлан се­кілді ұлт зиялы­ларына қатысты алуан түрлі, сан сипатты шежіре­лер қамтылған. Сондай-ақ автор­дың жарты ғасыр­дан бері заманға, қоғамға, тарихқа қатысты жиған-терген дүниелері ұмыт қалмапты. Ел руханиятына қатыста мате­риал­дар жиынтығы да мол.

Жиынға есімдері елімізге бел­гілі зиялы қауым өкілдерінің, ға­лымдар мен жазушылардың қатыс­қанын атап өткен жөн. “Профессор Серік Негимовпен қатар жүру, іс­сапарларда бірге болып, сыр-сұхбат құру бір ғанибет! Ол кісі арғы-бергі тарихтан сыр қозғайды. Ха­лық даналығындағы ділмар сөз, мәйекті ойлар мен толғаныстарды нақышына келтіріп, дәлме-дәл, сөз­бе-сөз айтады. Баяндау мәнері, та­рихты жеткізу жолында өзіндік ерек­шеліктері бар. Бата-тілек, ле­біз сөздері де өмірден алынған”, – деді Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы.

Генерал-лейтенант, профес­сор Абай Тасболатов Серік Неги­мов­пен жиі кездесетінін айтты. “Мәскеудегі “Художественная ли­те­ратура” баспасынан жарық көр­ген “Мәлік Ғабдуллин” кітабын ден қойып оқыдым. Елдік ұстаным, ба­тырлық болмыс, ұлттық ерекшелік­теріміз молынан қамтылыпты. Ел руханиятына қатысты дәйек пен деректерге қаныға отырып білге­нім­нен білмейтінімнің көп екенін аңғардым. Туындының ел жаста­ры­на, әскери борышын өтеп жүр­ген жауынгерлерге беретін тағылы­мы, өнегелік қырлары, отансүйгіш сипаттары да жетерлік. Маңызды­сы, отбасы мен Отан қорғау ісінде – елдік сипаты, мәдени-рухани қыр­лары мол деп білемін”, – деді ол.

Қазақстан Республикасы Мә­де­ниет және спорт министрлігі жа­нындағы архивтер және құжатта­ма­ны басқару комитеті төрағасы­ның орынбасары Гүлзира Қарсақ­баева елдегі мұрағат жайын, қор ісі­нің маңызын, өзекті мәселелерін айт­са, ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов Секеңмен ағалық-бауырлық байланыстары туралы әсерлі сөз сабақтады. Қор иесінің жұрт алдындағы емен-жарқын, ағыл-тегіл сөздері, тарихи әңгіме­лерді дәлме-дәл жеткізудегі берік жады, ағалары мен замандастары төңірегіндегі ақжарма толғам-тол­ғаныстары тәлімдік-ұлағаттық қыр­ларымен мәнді екенін кең түрде сөз етті.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің бас­қарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш ғалымның ұстаздық-ғылыми қырлары туралы кеңінен баяндап, сөзінің соңын әсем әнмен түйіндеді.

Содан кейін руханият жана­шырлары Дулат Оразалин мен Қа­зыбек Айтжанов та сөз алып, ға­лым­ның азаматтық келбеті мен кісі­лік қырлары, өмірі мен шығарма­шылығы туралы жылы лебіздерін білдірді. Бірқатар естеліктер айтты. Адам мұраты, руханият маңызын да жан-жақты ашты. Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, опера әншісі, профессор Кен­жеғали Мыржықбай бірнеше әнді қатар орындап, әуені мен сөзін еркін де жүйелі жеткізіп, жұртқа рухани ләззат сыйлады.

Профессор Серік Негимовті көріп-кездескен күндердің, әріптес-сыйлас ретінде қатар жүрген, ортақ тақырыптар төңірегінде сұхбат құр­ған кездердің жадымда жаңғырып тұрғанын жасыра алмаймын. Әсі­ресе М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында атақты әдебиеттанушылармен тізе қоса отырып қолжазбаларды талқылап, асыл сөз арналарына қатысты өзекті мәселелерді қозғаған алқа­лы басқосу, біліми-ғылыми жиын­дар да көңілімнің төрінде сақтаулы. Біз көпшілік дәрістерге де бірге барып жүрдік.

Ғалым бұған дейін де қазақтан шыққан батырлар туралы әр алуан ізденістер жасап, бірқатар еңбек­тер жазды. (мысалы, “Өлең өрімі”, 1980; “Ақын-жыраулар поэзиясы­ның бейнелілігі”, 1991; “Шешендік өнер”,1997; “Қазақтың сал-серілері”, 2005; “Әдебиет әлемі”, 2008; “Қазақ өлеңдерінің көркемдігі”, 2008; “Та­ным мен пайым”, 2009; “Абайдың көр­кемдік және ғылыми дүниетанымы”, 2020; “Абайдың шеберлігі”, 2021; “Абайдың қағидаттары”, 2022; “Мәлік Ғабдуллин”, 2001, 2015, 2022 т.т.). Бұл тұстардан да елдік ұстаным, ұлт руханиятының арналары, жанр жүйесі мен көркемдік өріс кеңінен көрініс береді.

Біздіңше, профессор С.Неги­мовтың ғылыми-шығармашылық мұрасы іргелі ізденістер жиынты­ғынан тұрады, арғы-бергі тарихта жасаған танымал тұлғалардың өмі­рі мен кезеңі, қызметі мен шы­ғар­машылық жолы, ағартушылық-пе­дагогикалық қырлары әр алуан бағыттарда кең өріс алады. Айта­лық, көптомдық шығармалар жина­ғының алғашқы үш томында – “Өлең өрімі”, “Ақын-жыраулар поэ­зиясының бейнелілігі” (1-том), “Қа­зақ­тың сал-серілері”, “Алашқа аты жайылған” біліми-ғылыми бағыт­тағы оқымыстылар еңбегі (2-том), “Ой шұғыласы, сөз қазынасы” (3-том) ел тарихнамасы мен ұлт ру­ханиятындағы танымал тұлғалар­дың өмірі мен өнер өрісі кең орын алады. Бастысы, тақырыпты арғы-бергі тарихнамасымен телқабыс қарастырып, елдік мүдде мен ұлт­тық мұрат жолындағы ақиқат жайт­тарды кең қамтып, кейінгі кезекте әдеби-тарихи Һәм мәдени-көркем әрі рухани әсер-ықпалына ден қойып, жалпыадамдық құндылық­тар мәніне назар аударуы, оны ше­берлік пен шешендік аспектісінде, өзара үндес-үйлесім аясында өз­ге­ше екпін-серпінмен жеткізу жол­дары, бұрынғы-кейінгі оқымысты­лардың ақыл-нақыл, ғибрат-та­ғы­лым, өнеге-өсиет сөздермен түйін-тұжырым жасап, тиісті тұста берік бекітіп отыруы, сөз жоқ профессор С.Негимов көзқарасы мен қолтаң­басына қатысты тұстар екенін еске алып, айрықша айтар белгі-ерек­шелік дер едік. Еске түсірсек, Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педа­гогика ғылымдары академиясы­ның академигі, профессор, әскери мемуарист Мәлік Ғабдуллиннің әдеби-ғылыми шығармашылығы­на қатысты “Мәлік Ғабдуллин” атты филологиялық-деректанулық зерт­теуі әдеби-тарихи дерек, естелік­терімен мәнді болып табылады.

Қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген – “Мәлік Ғабдуллин” атты екі кітапқа ден қойсақ, автор ізденісі мен толғам-толғаныстары, дерек-материалдар жүйесі негізіндегі әр алуан қолжазба, естелік пен хатта­сулар, түрлі тақырыптар төңірегін­дегі қабылдау-қорытулар, ұста­ным­дар мәні кім-кімге де ой са­лады. Маңыздысы, тақырыптық ерекшелік, мәтін баяны, зерттеу өзе­гі, көркемдік өріс, қорыту кезеңі – автор ізденісін, көзқарасы мен қолтаңба мәнерін, ел әдебиеті мен ұстаз-ғалымға деген құрметі мен тағзым-тағылымы айқын аңғары­лады. Зерттеу жүйесі, материал­дардың берілуі мен қорыту тұста­ры, хат-жазбалар мәні мен сирек суреттердің тиісінше орын алуы да біліктілік деңгейін танытады. Білікті басшы, ұстаз-ғалым Һәм жазушы-мемуарист М. Ғабдуллиннің адами мұраттарын, ғылыми-шығармашылық қырлары мен мен өнегелі өмірін, өрнекті жолын, ғибратты-тағылымдық сипаттарын кең түрде көрсетеді.

Серік Нығметоллаұлы – Қызыл­жардың құйқалы топырағында дү­ниеге келген бірегей ғалым. Ол кісі­нің қазақ әдебиетінің, шешендік өне­рінің дамуына қосқан үлесі аз емес. Ұлттық музей жанынан ашылған жеке қоры биыл жетпіс бес жастың биігіне көтерілгелі отырған ғалым­ның еңбегі мен шығармашылығына берілген зор баға деп білеміз.

Рақым САҒЫМБЕК,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp